Жаңалықтар

Ақтауда жаңа дзюдо академиясы ашылды

Ақтауда жаңа дзюдо академиясы ашылды
Фото: Ашық дереккөзден 30.09.2023 16:18 1351

Ақтауда ашылған жаңа дзюдо академиясында бүгінде 120-дан астам бала жаттығады. Жұмысын екі ай бұрын бастаған орталық 500 балаға дейін қабылдап, жаттықтыруға дайын. Спортшылар үшін бар жағдай жасалғанын айтқан академия басшысы атақ үшін емес, абырой үшін қызмет ету қажет дейді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі mangystaumedia.kz сайтына сілтеме жасап. 

Жақында ашылған дзюдо академиясында қазір балалар, жасөспірімдер, жеткіншектер мен ересектерден құралған 7 топ бар. Ең кіші спортшы – 5 жаста. Мұнда дзюдошылар аптасына 3 рет сабақ алады. Орталық басшысы әлемнің үздік тәжірибелерін зерттегеннен кейін оны іске асырып, нәтижесінде  спортшыларға бар жағдай жасалған «Judo Academy by Adil Temirkhan»  академиясын ашқанын айтады. 

Мен 5 жастан бері дзюдомен айналысамын. Ал бапкерлік жолым 2001 жылы басталды. Бұрындары бар жағдайы жасалған спорт залдарда жаттығуды армандайтынмын. Сондықтан мұндағы жаттығу алаңы, киім ауыстыратын бөлме, жуынатын орынның барлығы заман талабына сай жасалған. Тіпті ата-аналардың ыңғайы үшін көлік тұрағын да жасадық. Ал қазір жалпы физикалық дайындық залы мен жарыс алаңын салу жоспарда. Бұл орталықты «академия» деп атаған себебім – дзюдо мектебін қалыптастырып, балаларды жан-жақты шыңдағым келеді. Балалардың қауіпсіздігі мен олардың жайлылығы үшін бар жағдайды жасадым. Дзюдо – тек күрес емес, мұнда үлкен философия бар,- деді спорт орталығының директоры Әділ Темірханұлы.

Оның айтуынша, дзюдода тәртіп пен мінез қалыптасады. Сондықтан осы салада спортшыларды дайындау – үлкен жұмыс. Жаттықтырушы дзюдо академиясында  балаларды спортқа ғана баулып қоймай, жаттықтырушыларды да ұстаздыққа үйретуде. Мықты спортшылардың барлығы білгенін өзгеге үйрете алмай жатады. Бапкер болу – шеберлікті ғана емес, ата-анамен жұмыс жасап, спортшының психологиясын ұғуды талап етеді. Аталған дзюдо академиясы басшысының айуынша, оның осы бағыттағы көмекшілері – оның шәкірттері.

Мен шәкірттеріммен мақтанамын. Мен жаттықтырған спортшылар биік белестерді бағындырып, әлемдік ареналарда еліміздің атын талай асқақтатты. Бүгінде шәкірттерімнің шәкірттері олардың жолын қуып, топ жаруда. Бұл – мен үшін үлкен қуаныш. Дегенмен менің санға емес, сапаға жұмыс істеу қажет деген ұстанымым бар. Бәлкім, сондықтан болар,  мен есеп жүргізіп, атап айтпасам да адамдар шәкірттерімнің, менің жетістіктерімді біліп отырады,- деп қосты дзюдо академиясының басшысы. 

Аталған спорт орталығына баласын әкелген ата-аналармен келісімшарт жасалады. Әр спортшы 3-4 ай көлемінде алған тәлімін аттестациядан өту арқылы көрсетеді және сол арқылы жаңа деңгейге ауысады. Балаларының бұл жетістігін ата-аналары да тамашалай алады. 

Әділ Темірханұлы – Халықараралық дәрежедегі спорт шебері, Халықаралық дәрежедегі төреші атағына ие, дзюдодан ІV Дан иегері. Ол спортшы ретінде ел ішіндегі жеңістерінен бөлек, әлемдік ареналарда да көк туды желбіреткен. Спортшылар отбасында туған бапкердің айтуынша, дзюдоға жол сілтеп, бағыт берген – әкесі Темірхан Бисенқұл. 

-    Мен спорт әлеміне 5 жаста келдім. Ол кезде әкем облыстық дзюдо және қазақ күресінен балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы еді. Бүгін ол атқарған қызметте – ағам Қабыл Бисенқұл. Әкем ағама қазақ күресін, ал маған дзюдоны дамыт деп бағыт берген еді. Бүгін осы жолда еңбектенудемін. Менің мақсатым – шәкірттерімді тек дзюдошы ғана емес, елін сүйетін, жан-жағын сыйлай білетін азамат етіп шығару,- деп бөлісті бапкер.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға