Жаңалықтар

Ақтауда заңсыз салынып жатқан қонақ үй құрылысы бұзылды

Ақтауда заңсыз салынып жатқан қонақ үй құрылысы бұзылды
Фото: Маңғыстау облыстық әкімдігі 06.11.2023 22:31 715

Ақтауда №9 өндірістік аймақтағы № 39/7 учаскеде орналасқан заңсыз салынып жатқан қонақ үй құрылысы бұзылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан мәлімет бойынша, нысан құрылыс процесінің негізгі талаптарын сақтамай және жобалау-сметалық құжаттамасынсыз, қажетті рұқсат құжаттарынсыз салынған. Бұл «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 68-бабына қайшы келетін әрекет.

Маңғыстау облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы жоспардан тыс тексеру барысында бұл нысанның заңсыз салынып жатқанын анықтады. Осыған байланысты құрылыс салушыға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 316-бабының 1-бөлігіне, 321-бабының 1-бөлігіне және 463-бабының 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік хаттама жазылды. Сонымен қатар, оған құрылыс-монтаж жұмыстарын тоқтату туралы нұсқама берілді, - делінген мәліметте.

Алайда кәсіпкер тарапынан бұл нұсқаулар еленбеді. Осыған байланысты Маңғыстау облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы ҚР Азаматтық кодексінің 244-бабына сәйкес өз бетінше салынған заңсыз құрылыс объектісін мәжбүрлеп бұзу туралы талап арыз беріп, ол сот шешімімен қанағаттандырылды.

Заңсыз құрылыстарға қарсы күрес мақсатында сот істері жүргізілуде. Соның нәтижесінде 29 құрылыс заңсыз деп танылып, сот оның 28-ін бұзу туралы шешім шығарды. Жұмыс жобасынсыз және сараптаманың оң қорытындысын алмай салынған ғимараттардың бірі сот шешімімен 30 қазанда бұзылды. Қонақ үй құрылысы бекітілген жұмыс жобасынсыз, сараптаманың оң қорытындысы алынбай салынған. Сонымен қатар, техникалық қадағалау және авторлық қадағалау жүргізілмеген, - деді қала құрылысын бақылау бөлімінің басшысы Нұрбол Жоланбеков.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға