Жаңалықтар

Ақтауда ұшақ апатынан қаза тапқан қазақстандықтардың отбасыларына пәтер кілттері табысталды

Ақтауда ұшақ апатынан қаза тапқан қазақстандықтардың отбасыларына пәтер кілттері табысталды
Фото: Қазақстанның Әзербайжандағы елшілігі 07.02.2025 21:28 129

Ақтауда былтырғы желтоқсан айында Әзербайжан әуе компаниясының ұшақ апатында қайтыс болғандарды еске алу асы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстанның Әзербайжандағы елшілігінің мәліметінше, іс-шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, Қазақстанның Әзербайжандағы елшісі Әлім Байел, Әзербайжанның Қазақстандағы елшісі Агалар Атамогланов, Әзербайжанның Ақтаудағы бас консулы Айхан Сулейманлы, қаза тапқан қазақстандықтардың отбасы мүшелері, әзербайжан диаспорасының өкілдері, құтқару жұмыстарына қатысқан мекемелердің өкілдері, Ақтау қаласының жұртшылығы қатысты. Іс-шараның басында қасиетті Құран аяттары оқылды.

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтып, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша ұшақ апатының салдарын жою және оның себептерін анықтау, зардап шеккендерге көмек көрсету жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылғанын еске салды. Қазақстанның құзыретті органдары, соның ішінде Маңғыстау облысының әкімдігі қайғылы оқиға кезінде барлық қажетті шараларды қабылдады. Н. Қилыбай құтқарушыларға, дәрігерлерге және бейжай қалмаған барлық қазақстандықтарға тағы да алғысын білдірді, - делінген мәліметте.

Қазақстанның Әзербайжандағы елшісі Әлім Байел Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы қарым-қатынастың бүгінде шын мәнінде одақтастық сипатына ие болғанын атап өтті. Ол Каспий теңізінің шығысы мен батысында орын тепкен Қазақстан мен Әзербайжанның түркі әлемінің белсенді ойыншылары, сондай-ақ Еуразия көлік-логистикалық архитектурасының маңызды буындарына айналып отырғанын айтты.

Ә. Байел Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтің қайғылы оқиғадан кейін елдеріміз арасындағы достық пен бауырластықтың одан сайын күшейе түскені туралы сөздерін еске салды. Осы тұрғыда ол қазақ тарапының әзербайжандық кәсіпкер Амиль Юсифовтың ұшақ апатынан қаза тапқандардың отбасыларына көмек көрсету туралы ұсынысын ризашылықпен қабылдағанын атап өтті. Өз кезегінде әзербайжандық бизнесмен Қазақстанда табысты жұмыс істеп жатқанын және қазақ еліне қолдау көрсетуді өзіне міндет санайтынын жеткізді.

Іс-шара барысында Амиль Юсифов қаза тапқан қазақстандықтардың жақындарына Алматы қаласының жаңа тұрғын үй кешеніндегі бес екі бөлмелі пәтердің кілттерін табыс етті. Пәтерлер жиһазбен және тұрмыстық техникамен жабдықталған. Сонымен қатар, меценат Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаментіне, Ақтау қаласының ауруханасы мен жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясына үш жаңа автокөлік сыйлады.

Қаза тапқандардың жақындары мен зардап шеккендерге көмек көрсетуге атсалысқан мекемелердің қызметкерлері әзербайжандық кәсіпкерге алғыстарын айтты. Облыс әкімі Н. Қилыбай Маңғыстау облысының жұртшылығы атынан ризашылық білдіріп, іс-шараның қазақ-әзербайжан достығының тағы бір жарқын үлгісі екенін атап өтті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға