Ақтауда төрт ай бұрын салынған спорт алаңы қирай бастаған

Ақтау қаласының 11-шағынауданындағы тұрғындар жаңадан пайдалануға берілген спорт және футбол алаңдарының аз уақыт ішінде жарамсыз күйге түскеніне наразылық білдіруде, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Олардың айтуынша, құрылыс жұмыстарын жүргізген мердігер компания сапаға емес, шығынды азайтуға көбірек көңіл бөлген. Жергілікті тұрғындар №31 үйдің артында орналасқан бұл алаңдардың небәрі төрт ай бұрын салынғанын атап өтті. Алайда қазіргі таңда олар жөндеуді қажет ететін халге жеткен. Алаңның резеңке жабындысы құмның үстіне төселгендіктен, ол тез тозып кеткен. Бұл жағдай тұрғындардың ашуын туғызып отыр. Олар бюджет қаражатының босқа жұмсалғанын айтып, бір реттік сапалы құрылыс ұзақ жылдарға жететінін алға тартуда. Сонымен қатар, дәл осындай кемшіліктер футбол алаңынан да байқалған.
Аталған мәселе бойынша Ақтау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі пікір білдіріп, спорт алаңын орнатқан бұрынғы мердігер компания қайтадан жұмысқа тартылғанын мәлімдеді. Қазіргі таңда қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр: бордюр тастары алынып, орнына жаңа бетон төселуде. Ресми мәліметке сәйкес, жөндеу жұмыстары басталып кеткен, сол себепті спорт алаңына уақытша кіруге тыйым салынған.
