Ақтауда халықаралық жастар форумы өтті

«Ақтау – 2025 жылғы Түркі әлемінің мәдени астанасы» атануына және Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай «Jastar Wave – Aktau 2025» халықаралық жастар форумы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Ауқымды шараға ҚР Парламенті Сенатының депутаты Алишер Сатвалдиев, «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тимур Жұмырбаев, ҚХА шығармашылық ұжымдары Ассоциациясы және Ұлттық Дельфий комитетінің төрайымы Құралай Түспекова, сондай-ақ Маңғыстау облыстық мәслихатының төрағасы Жәнібек Матаев, еліміздің әр өңірінен сонымен қатар Әзірбайжан, Түрікменстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия елдерінен арнайы келген жастар, Ассамблея мүшелері, қоғам қайраткерлері, мәслихат депутаттары мен мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.
Пленарлық отырыста Қазақстан халқы Ассамблеясының қазіргі келбеті мен халықаралық ынтымақтастық перспективалары, Маңғыстау облыстық «Ассамблея жастары» ұйымының атқарған жұмыстары, жергілікті деңгейдегі ынтымақтастықтың маңызы, үздіксіз кәсіби даму, цифрлық кеңістіктегі заманауи педагогика және өндірістегі жаңашылдық тақырыптарында баяндамалар жасалды.
Форумда сөз сөйлеген облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай жастардың ел бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайтудағы рөліне ерекше тоқталды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIII сессиясында жастарды қолдау жөнінде айтқан болатын. Соның аясында «Ассамблея жастары» ұйымы «Жаңа толқын» жобасын жүзеге асырып, жастардың азаматтық белсенділігін арттыруға, этносаралық келісімді нығайтуға үлес қосып келеді. Бүгінгі форумға өңірдің жастары ғана емес, еліміздің түкпір-түкпірінен және бауырлас мемелекеттерден келген жастар бас қосып отыр. Болашақта бауырлас елдердің ұрпағы тілмаш арқылы емес бір тілде сөйлессе екен деген тілегім бар. Жастар - қоғамның қозғаушы күші. Біз сіздердің бастамаларыңызды жан-жақты қолдауға, бағыт бағдар беруге әрқашан дайынбыз, - деді Нұрдәулет Қилыбай.
Айта кетейік, форумға қатысушылар 21-23 наурыз аралығында өңірде өтетін бірқатар мәдени және танымдық іс-шараларға қатысады.
