Жаңалықтар

Ақтауда білім басқармасының экс-басшысы мен үш мектеп директоры сотталды

Ақтауда білім басқармасының экс-басшысы мен үш мектеп директоры сотталды
Фото: ©El.kz/Бауыржан ЖУАСБАЕВ 29.07.2024 23:10 585

Ақтау қалалық сотында білім басқармасының бұрынғы басшысы, үш мектеп директоры мен жеке кәсіпкерге қатысты қылмыстық іс қаралды. Сот үкімімен олардың үшеуі де кінәлі деп танылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Жеке кәсіпкерге Қылмыстық кодекстің 367-бабы 3-бөлігінің 3 тармағы, яғни лауазымды тұлғаларға бірнеше рет пара берді, ал экс-шенеунік пен үш мектеп директорына Қылмыстық кодекстің 366-бабы 2-бөлігімен (пара алу) айып тағылды.

Маңғыстау облыстық сотының мәліметінше, жеке кәсіпкер оқушыларды тамақпен қамтамасыз ету үшін үш мектеппен келісімшартқа отырған. Көрсетілген қызметтер үшін келісімшарттарға кедергісіз қол қою, қаражатты тез аудару және жалпы қамқорлық үшін бірнеше рет лауазымды адамдарға - сол кездегі білім басқармасының басшысына 4 млн теңге және үш мектеп директоры (С.-ға 800 мың теңге, Н.-ға 2 млн теңге және Е.-ге - 1 млн теңге) пара берген.

Сотталушылардың кінәсі куәгерлердің жауаптарымен, сараптама қорытындыларымен, қарап-тексеру хаттамасымен және басқа да іс-құжаттарымен дәлелденген.

Сот үкімімен білім басқармасының бұрынғы басшысы мен бір мектеп директорына 5 жылға, екінші білім мекемесінің басшысына 4,5 жылға, жеке кәсіпкерге 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ал үшінші мектеп директорына 40 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды.

Сотталғандар мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылады.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға