Жаңалықтар

Ақтауда әйелін пышақтаған ер адамға қатысты қоғам белсенділері пікір білдірді

Ақтауда әйелін пышақтаған ер адамға қатысты қоғам белсенділері пікір білдірді
Фото: ©El.kz/Арман МУХАТОВ 14.07.2024 19:08 706

Ақтауда 24 жастағы жүкті әйелін пышақтаған ер адамға қатысты қоғам белсенділері әлеуметтік желіде өз пікірлерін айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі mangystaumedia.kz-ке сілтеме жасап. 

Маңғыстаудағы жергілікті бастамаларды қолдау орталығы қоғамдық қорының басшысы Жақсыгүл Шахзадақызының пікірінше, тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа жол бермеу үшін баланы жасынан бастап тәрбиелеуіміз абзал. 

Ұрыс, жанжалдың соңы ұрып соғу, оның арты қайғылы жағдайға әкеледі. Бала-шағаның көзінше ата ананың жанжалдасуы, қол көтеруі, бір-бірін құрметтемеу — осы жағдайдың болуының себептерінің бірі, - дейді Жақсыгүл Шахзадақызы.

Ал, фейсбук желісінің белсенді қолданушысы Мекен Айшуақ осы оқиғаның басы-қасында тұрып, пышақтаған азаматқа қарсы ештеңе істей алмаған полиция қызметкерлерін жұмыстан шығару керегін айтты.

«Өркениетті келешек» қорының қызметкері Гүлбаршын Қарабалина көбіне осындай жанжалдың артында қатал ене мен қайын апалар, немесе жігіттің жолдастары  тұратынын айтты.

Қазір сүйегі менікі, сенікі дейтін кез емес. Кіп-кішкентай қара көз бала екен мына қыз. Өзі екіқабат. Балаларыңыздын амандығын тілесеңіздер, «Бишимбаев» болмасын десеңіздер, балаңызды  әйел адамды сыйлауға, өз теңім деп көруге тәрбиелеңіздер. Қыздың ата-анасы болсаңыз, күйеуге кеткен қызыңыздың қорғанышы болыңыз. Артында сұрайтын елі бар, талап ететін ағалары мен әкесі бар екенін барған жері білуі керек», - дейді Гүлбаршын Қарабалина.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға