Жаңалықтар

Ақтауда ауыл әкімдерінің алғашқы форумы өтті

Ақтауда ауыл әкімдерінің алғашқы форумы өтті
Фото: otpannews.kz 13.11.2024 23:42 661

Маңғыстау облысында «AMANAT» партиясының бастамасымен алғаш рет ауыл әкімдерінің форумы ұйымдастырылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Otpannews.kz-ке сілтеме жасап. 

Аталған басқосу елдегі саяси реформалардың, ауыл халқының сапалы өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау мақсатындағы жобалардың орындалуын, тұрғындарды толғандырған өзекті мәселелерді ашық талқылау, оны шешу жолдарын қарастыруды көздейді. 
 
"Достық" үйінде өткен форумға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, «AMANAT» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев, Ұлттық экономика министрлігінің Өңірлік даму департаменті директорының орынбасары Жәнібек Шәйдікерім және барлық деңгейдегі әкімдер, облыстық мәслихат депутаттары, партия ардагерлері, облыстық басқарма басшылары, «AMANAT» партиясының қалалық және аудандық филиалдарының төрағалары келіп қатысты. 

Нұрдәулет Қилыбай мұндай ауқымды шаралар барлық деңгейдегі әкімдердің өзара байланысын нығайтуға, тәжірибе алмасып, шалғай елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретінін атады. 

Президент әр Жолдауында елімізде әділдік пен демократия принциптерін нығайтуға бағытталған жүйелі шаралар қабылданып жатқанын айтып келеді. «AMANAT» партиясы осы бастамаларды іске асыруда белсенділік танытып, оларды Үкімет және әкімдіктермен бірлесе отырып жүзеге асыруда. Сонымен қатар, «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2023 жылы облысымызда 165 жоба қаржыландырылды. Бұл жобалардың іске асуына ауыл әкімдері өз үлестерін қосты деп есептеймін. Сондай-ақ, Президент 2022 жылғы сайлаудан кейінгі алғашқы Жарлығында ауылды дамыту мәселесін көтеріп, халықтың 40 пайызы ауылда тұратынын ескере отырып, Үкіметке ауылды дамытудың 5 жылдық жоспарын әзірлеуді тапсырған болатын. Осыған орай ауыл әкімдеріне көптеген мүмкіндіктер қарастырылуда. Бүгінгі «AMANAT» партиясынан сайланған ауыл әкімдерінің форумы да әкімдік пен партия арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға бағытталған маңызды шаралардың бірі деп есептеймін, - деді облыс әкімі. 

Ал «AMANAT» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев елді мекендегі кәсіпкерлікті дамыту, экономикалық ахуалды арттыру мақсатында бастау алған «Ауыл аманаты» жобасының мазмұнына, сонымен қатар партияның алдағы жоспарына тоқталып өтті. 

Маңғыстау облысы бойынша 47 ауыл әкімі бар болса, оның ішінде 43-і «AMANAT» партиясының атынан сайланған өкілдер. Ауыл әкімдері Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауда, ауыл халқының әлеуетін арттыруда белсенді жұмыс жүргізіп келеді.  

Форумның екінші бөлігі секциялық жұмыс пен семинар-тренингпен жалғасты. Мұнда Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясы Маңғыстау облыстық филиалының өкілдері «Эмоционалды интеллект және көшбасшылық» тақырыбы бойынша тренинг жүргізіп, жергілі атқарушы билік өкілдерімен пікір алмасты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға