Ақтау мен Абу-Даби арасындағы әуе рейсі қашан ашылады
Түркияның ірі “YDA Holding” компаниясының өкілдері Маңғыстау облысы әкімдігімен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға уағдаласты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Нұрдәулет Қилыбай Түркияның ірі “ YDA Holding” компаниясы Директорлар кеңесінің мүшесі, “Ақтау халықаралық әуежайы” АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі Хамди Гювенчпен кездескен. Басқосуда Маңғыстаудан 100 студентті Түркияға туризм бағыты бойынша тегін тағылымдамадан өткізу, онколог мамандарды біліктілігін арттыру курстарына жіберу, “Ақтау - Абу-Даби” әуе рейсін ашу және Маңғыстаудың туристік әлеуетін дамыту жөніндегі бастамалар қарастырылды.
Өз кезегінде Хамди Гювенч Маңғыстау облысының туристік тартымдылығын арттыруға, сондай-ақ білім және денсаулық сақтау салаларында ынтымақтастықты нығайтуға дайын екенін жеткізді. Ол тағылымдамадан өтетін студенттер мен біліктілігін арттыруға баратын мамандарды Түркия тарапы тегін оқытатынын атап өтті.
Облыс басшысы Нұрдәулет Қилыбай мен Түркия елінің өкілі ұсынылған бастамаларды жүзеге асыру бағытында бірлескен жұмыс жүргізуге уағдаласты.
100 студенттің қатарына мұғалімдерді де қосқымыз келеді. Тәжірибе алмасып, туризм саласы бойынша жаңа бағытта оқыту үрдісін ұйымдастыру қажет. Ал дәрігерлерден онкологтарды жібереміз. Сондай-ақ Маңғыстау – туризмді дамытуға зор мүмкіндігі бар аймақ. Біздің мақсатымыз – осы әлеуетті толық пайдалану. Бұл ретте халықаралық серіктестермен бірлескен жобаларды іске асыру аса маңызды, – деді Нұрдәулет Қилыбай.