Жаңалықтар

Ақтау маңындағы ауылдарға газ тарту үшін қосымша 3,7 млрд теңге бөлінді

Ақтау маңындағы ауылдарға газ тарту үшін қосымша 3,7 млрд теңге бөлінді
Фото: primeminister.kz 06.05.2023 02:39 831

Премьер-министрі Әлихан Смайылов тиісті қаулыға қол қойды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Қазақстан Үкіметі «Жаңаөзен – Ақтау» газ құбырынан автоматтандырылған газ тарату стансасы орнатылатын магистральдық газ құбыры құрылысын аяқтау үшін өз резервінен 3 млрд 695 млн 925 мың теңге бөледі. 

Бүгінде Ақтаудың солтүстік бөлігі қарқынды дамып келеді. Атап айтқанда, көп қабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар құрылысы жүріп жатыр. Биыл қаланың кеңейіп келе жатқан бөлігін жылумен қамту мақсатында бірқатар блок-модульді қазандықтарды орнату және екі жаңа қазандық салу жоспарланған. Жаңа қуат көздері газбен жұмыс істейтін болады, осыған байланысты тиісті инфрақұрылымды кеңейту қажет. 

Жалпы ұзындығы 52 шақырым болатын жаңа газ құбыры Ақтау қаласының жаңа шағын аудандары, Мұнайлы ауданындағы Қызылтөбе, Дәулет, Баянды ауылдары, сондай-ақ Түпқараған ауданындағы Ақшұқыр мен Сайын Шапағатов ауылдарының 150 мыңға жуық тұрғынын жылумен және тауарлық газбен қамтамасыз етеді.  

Жоба құрылысы Каспий энергетикалық хабының сыртқы инфрақұрылымын дамыту аясында жүргізіліп жатыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға