Жаңалықтар

АҚШ Тоқаевтың батыл реформаларын қолдайды – Энтони Блинкен

АҚШ Тоқаевтың батыл реформаларын қолдайды – Энтони Блинкен
Фото: СІМ баспасөз қызмет 28.02.2023 19:40 1111

Бүгін елордада өткен «С5+1» форматындағы министрлер кездесуінен кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен әлемдік мәселелерді шешуде Қазақстанның өзіндік ерекше орны бар екенін айтты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«АҚШ тарапы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың батыл реформаларын қолдайды. Бұл орайда біз Қазақстан қабылдайтын шаралар мен атқаратын жұмыстарды бақылап отырамыз. Әсіресе, адам құқығын қорғау, жемқорлықты жою мен президенттік мерзімге қатысты жүргізіліп жатқан реформаларын атап өткім келеді. Бұл бағыттағы өзгерістер Қазақстанға инвестиция құюға қолайлы ел ретінде көрсетеді. Біз 1991 жылдан бері Қазақстан экономикасына 50 млрд доллардан астам ивестиция құйдық. Алдағы уақытта АҚШ-та тікелей ивестиция бағыттауға ниетті. Сонымен бірге Қазақстан әлемдік мәселелерді шешуде өзіндік ерекше орны бар серіктес ел екенін айта кеткен жөн. Мәселен, ядролық қарудың таралуын тоқтату, бітімгерлік операцияларға қатысу, сондай-ақ ғарыш кеңістігін зерттеудегі үлесі айрықша», - деді Энтони Блинкен.

Оның айтуынша, бүгін Астанада өткен «С5+1» форматындағы министрлер кездесуінде экономика, энергетика, экология және өңірлік қауіпсіздік мәселелері талқыланған.

Айта кетейік, бүгін АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Қазақстанға ресми сапармен келген болатын. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болды. Мемлекет басшысы америкалық дипломатқа ілтипат білдіре отырып, Қазақстан мен АҚШ арасында дипломатиялық байланыс орнаған уақыттан бері екіжақты және көпжақты форматта өзара тиімді іс-әрекеттер жолға қойылғанын атап өтті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға