Жаңалықтар

АҚШ-тағы мигранттар саны тарихи рекордқа жетті

АҚШ-тағы мигранттар саны тарихи рекордқа жетті
Фото: Todd Pierson | EFE 10.02.2025 01:36 286

2023 жылы АҚШ-тағы шетелдіктердің саны 47,8 миллион адамға жетіп, ел халқының 14,3%-ын құрады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Pew зерттеу орталығы бұл көрсеткішті 2022 жылмен салыстырғанда 1,6 миллионға көп екендігін мәлімдеді. Аталған есеп 2024 жылдың қыркүйегінде жарияланған. АҚШ президенті Дональд Трамптың екінші мерзімі мигранттарға қарсы қатаң саясатымен ерекшеленуде. Ол елде заңсыз жүргендерді жаппай тексеру, рейдтер жүргізу және депортациялау туралы бұйрық берді.  

2022 жылғы мәліметке сәйкес, елдегі 46,1 миллион мигранттың 77%-ы заңды түрде тұратыны анықталған. Олардың 49 пайызы АҚШ азаматтығын алған. 24 пайызы тұрақты резидент (Green Card иегерлері), 4 пайызы уақытша заңды резидент болып отыр. Ал қалған 23%-ы (11 миллион адам) – елде заңсыз жүргендер көрінеді. 

Мигранттардың жалпы қай елден екені туралы бірқатар деректер белгілі болып отыр. Мәселен, 2022 жылғы статистика бойынша АҚШ-тағы мигранттардың басым бөлігі Мексикадан – 10,6 млн (23%), Үндістаннан – 6%, Қытайдан – 5%, Филиппиннен – 4%, Сальвадордан – 3% болып отыр. 

АҚШ-та заңсыз жүргендер кімдер?

2022 жылы елдегі заңсыз мигранттар саны алғаш рет 2007 жылдан бері өсті. 4 миллионға жуық заңсыз мигранттың  мексикалықтар екені белгілі болды. Олар барлық көрсеткіштің үштен бірін құрайды. 8,3 миллион заңсыз мигрант – АҚШ-та жұмыс істейді. Олар 2019 жылы – 7,4 млн адам болған.

2019-2022 жылдары заңсыз мигранттар саны Флорида, Мэриленд, Массачусетс, Нью-Джерси, Нью-Йорк және Техас штаттарында өскені байқалады. Тек Калифорнияда олардың үлес саны азайды. 2024 жылы 818 500 адам АҚШ азаматтығын алған. Бұл нәтиже 2023 жылмен салыстырғанда 7%-ға аз. Көшбасшы елдер ретінде Мексика – 13,1%, Үндістан – 6,1%, Филиппин – 5%,   Доминикан Республикасы – 4,9%, Вьетнам – 4,1% болып отыр.

АҚШ-тың азаматтығын алған шетелдіктердің 70%-ы Калифорния, Техас, Флорида, Нью-Йорк, Нью-Джерси, Иллинойс, Вашингтон, Пенсильвания, Массачусетс және Вирджинияда тұрады.  Азаматтық алу үшін АҚШ Көші-қон және азаматтық туралы заңына (INA) сәйкес кемінде 5 жыл заңды тұру қажет. 2023 жылы азаматтық алғандардың 83,8%-ы осы талап арқылы алғаны белгілі болған. 2022 жылы азаматтық алғандардың АҚШ-та орташа тұру мерзімі – 7,5 жылды құрады. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға