Жаңалықтар

АҚШ компаниясы Қазақстанның көлік-логистикасына 1 млрд доллар инвестиция құяды

АҚШ компаниясы Қазақстанның көлік-логистикасына 1 млрд доллар инвестиция құяды
Фото: Ақорда 17.09.2023 23:16 640

Мемлекет басшысы Wabtec компаниясының президенті және бас атқарушы директоры Рафаэль Сантананы қабылдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Кездесуде Қазақстанның теміржол саласын жаңғырту аясында Wabtec компаниясымен арадағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды.

Рафаэль Сантана Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстанда сутегі технологиясын қолданатын локомотивтер мен олардың қосалқы бөлшектерінің өндірісін іске қосу, инжиринг орталығы мен технологиялық трансфертті ұйымдастыру үшін пысықталып жатқан инвестициялық жобалар туралы мәлімет берді.  

Мемлекет басшысы компанияның көлік-логистика саласына шамамен 1 миллиард доллар инвестиция құю жоспарын құптап, мұның Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамытуға ықпал ететінін және басқа да инфрақұрылымдық жобалар үшін негіз болатынын атап өтті.

Президенттің АҚШ-қа сапары аясында «Қазақстан темір жолы» «ҰК» акционерлік қоғамы мен Wabtec арасында стратегиялық ынтымақтастық туралы негіздемелік келісімге қол қойылды.

Wabtec (Westinghouse Air Brake Technologies Corporation) Fortune 500 тізіміне кіреді, сондай-ақ ол көлік-логистика саласындағы жаһандық көшбасшылардың бірі саналады.

Әлемнің 50-ден астам елінде компанияның филиалдары бар және онда 27 мыңнан аса адам жұмыс істейді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға