Ақсайды көпқабатты үй өртенді

Ақсай қаласында көпқабатты үйден өрт шықты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 29 шілде күні Бөрлі ауданы орталығы Ақсай қаласында болған.
Сағат 15.01-де 5-шағынаудан 38-мекенжайда 6-қабатта 39-пәтердің балконы мен залы, жеке заттар отқа оранды. Алдын ала мәлімет бойынша өрт аумағы 30 шаршы метрді қамтыды. Зардап шеккендер жоқ. «Тілсіз жау» сағат 15.20-да оқшауланып, 15.54-те ауыздықталды. Өртті сөндіруге 14 адам мен 3 техника жұмылдырылды, - делінген ведомство таратқан хабарламада.
Департамент мәліметіне қарағанда, жыл басынан бері өңірде 323 өрт тіркелсе, соның 193-і тұрғын үйде болған. Өрт салдарынан 8 адам қаза тауып, бесеуі жарақат алды.
Сондай-ақ 36 миллион теңгеден астам материалдық шығын келген.
