Жаңалықтар

Ақпарат және қоғамдық даму саласының алдағы бағыттары айқындалды

Ақпарат және қоғамдық даму  министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өтті
Ақпарат және қоғамдық даму саласының алдағы бағыттары айқындалды
Фото: gov.kz 13.01.2023 18:19 1188

Ақпарат және қоғамдық даму саласының 2022 жылғы жұмысының қорытындысы мен алдағы жоспары Ақпарат және қоғамдық даму  министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында айтылды. Отырысқа ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгінов, қоғам және мемлекет қайраткерлері, БАҚ өкілдері, азаматтық қоғам белсенділері мен халықаралық ұйым басшылары қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі өткен жылдың негізгі қорытындылары туралы баяндама жасады.

«Министрлік Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасындағы негізгі стратегиялық бағыттар мен тапсырмаларды орындау бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Нақтырақ айтқанда, Президенттің біздің министрлікке жүктеген 8 тапсырмасының 5-еуі орындалды, қалғандары іске асырылуда. Былтыр біздің сала бойынша 20 ауқымды іс-шара өтті. Оның 8-і әлемдік белді сарапшылардың, белгілі ғалымдар мен саясаткерлердің және халықаралық ұйым өкілдерінің қатысуымен ұйымдастырылды», - деді Дархан Қыдырәлі.

Ақпарат және қоғамдық даму саласының алдағы бағыттары айқындалды

Этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайту – басты мақсаттың бірі. Президент тапсырмасына орай, Қазақстан халқы Ассамблеясының 2022-2026 жылдарға арналған даму тұжырымдамасы дайындалды. Қазіргі уақытта Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің 2023-2033 жылдарға арналған даму тұжырымдамасы әзірленуде.

Министрлік жетекшілік ететін салалардың жұмысын ғылыми тұжырым мен зерттеу қорытындыларына негіздеу үшін отбасы, жастар және қоғамдық кеңестер туралы 3 ұлттық баяндама әзірленді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша таяуда «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заң қабылданды.

Халықаралық тәжірибелерді ескере отырып, «Масс-медиа туралы» Заң жұртшылық талқылауына шығарылды. Сондай-ақ онлайн-платформалар мен интернет-жарнаманың қызметін реттейтін жаңа заң жобасы әзірленіп жатыр.

Өз кезегінде Алтай Көлгінов Мемлекет басшысы тапсырмасының сапалы орындалуы аса маңызды екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы ұлтаралық бірлік пен конфессияаралық келісімді нығайту саясатын «Бірлігіміз – әралуандықта» жалпыға ортақ қағидасы негізінде жалғастыруды тапсырды. Елдің бірлігі мен ұлтаралық келісім мәселелері қашанда басты назарда. Осыған байланысты министрліктің алдында мемлекеттік органдармен және Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесіп, тұрақтылықты сақтай отырып, «Бірлігіміз – әралуандылықта» қағидаты бойынша этносаралық бірлік пен конфессияаралық келісімді нығайту бойынша белсенді шараларды жалғастыру бойынша үлкен міндет тұр», - деп атап өтті Алтай Сейдірұлы.

Сонымен бірге Алтай Көлгінов: «Волонтерлар мен волонтерлік ұйымдардың жұмысы қоғам мен Мемлекет басшысының оң бағасын алды. Қазіргі уақытта Qazvolunteer.kz бірыңғай онлайн платформасы жұмыс істейді, онда бүгінде 50 мыңнан астам волонтер, 680 ұйым және 1000-нан астам жоба тіркелген. Жыл сайын кем дегенде 50 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Бұл жұмысты бұрынғыдай қарқынмен жалғастырып, биыл еріктілердің халықаралық форумын өткізіп, жұмыстарыңыздың нәтижесін көрсету керек», - деді.

Жиын соңында қатысушылар өз ой-пікірлерін білдірді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға