Ақпарат және қоғамдық даму министрі ҚХА мүшелерімен кездесті
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Шымкентте қалалық Қазақстан халқы Ассамблея жанындағы қоғамдық құрылымдардың жетекшілерімен, этномәдени бірлестіктердің төрағаларымен кездесті, деп хабарлайды El.kz
«Достық үйі» базасындағы «Бірлік алаңының» жұмысымен танысып, жергілікті этнос өкілдерімен «дөңгелек үстел» басында ашық пікір алмасты.
Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясат аясында бірлесе атқаратын жұмыстарға тоқталған министр үшінші мегаполис тұрғындарының берекелі бірлік жолын жалғап отырғанына алғыс айтты.
– Ұлысымыздың ұйытқысы атанған оңтүстік жұртшылығы әрдайым игі істердің бастамашысы болып отыр. Қалалық ассамблея мүшелері қоғамдағы тұғырлы татулығымызды бекемдеп, қайырымдылық бағытындағы жұмыстарға тұрақты атсалысуда, деді Дархан Қуандықұлы.
Жиында Қазақстан өзбектері этномәдени бірлестіктері «Дустлик» қауымдастығының төрағасы, қалалық ҚХА төрағасының орынбасары Икрамжан Хашимжанов қалалық ассамблеяның атқарған жұмыстарын баяндап, өзара бауырластықты нығайтуға арналған іс-шараларды республикалық деңгейде ақпараттық қолдау көрсетуге шақырды. Славян этномәдени бірлестігінің төрайымы Наталья Романова «Қазақтану» жобасы бойынша іске асып жатқан бастамаларды айтып, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі арқылы «Қазақтану» арнайы ақпараттық ресурсын құруды ұсынды. Түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы Латипша Асанов инвестиция тарту, «Ассамблея жастары» ұйымы қалалық өкілдігінің басшысы Нұрболат Мейірбеков жастарды қолдау туралы сөз сөйлеп, ұсыныс-пікірлерін айтты.
Ассамблея мүшелерін тыңдаған министр ұлтымызды ұйыстыратын тың жобаларға мемлекет тарапынан әрдайым демеу болатынын жеткізіп, этнос өкілдері арасында мемлекеттік тілді дамыту мен «Қазақтану» жобасын жаңғыртып, дамытуға қолдау білдіретінін атап өтті.
– Шымкент шырайлы шаһар болуымен қатар, шұғылалы өңір. Бүгінде қала аумағында тұратын этнос өкілдері берекелі бірлік жолындағы бастамалар аясына топтасып, елдік жолындағы істерге атсалысып келеді. Тіліміз – татулықтың тілі болуы тиіс. Бұл бағытта шымкенттік ассамблея мүшелері өзге аймақтарға үлгі бола алады, деді министр.
Айта кетейік, бүгінде еліміздің үшінші мегаполисі Шымкентте 1 миллион 112 мыңнан астам халық тұрады. Ұлттық құрамы бойынша тұрғындардың 30%-дан астамын этнос өкілдері құрайды. Қала аумағында 17 этномәдени бірлестік және олардың жанында 19 шығармашылық ұйым мен 3 жексенбілік мектеп әрекет етеді.