Ақмолалық полицейлерге қызметтік автокөліктер табысталды
Ақмола облысы Полиция департаментінің автопаркі Hyundai Elantra және Hyundai Sonata маркалы көліктермен толықтырылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Облыс орталығында Қазақстан полициясы күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Аймақ басшысы Марат Ахметжанов тәртіп сақшыларына 27 қызметтік автокөліктің кілтін табыс етті.
Салтанатты шара «Көкшетау» мәдениет үйінде жалғасты. Облыс әкімі құқық қорғау қызметінің ардагерлері мен қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
Құқық қорғау органдары құқықтық режим мен заңдылықты қамтамасыз ету, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау жөніндегі күрделі және жауапты міндеттерді лайықты орындап келеді. Ішкі істер органдарының әрбір қызметкері әділдіктің, ашықтықтың және адалдықтың үлгісі болуы тиіс. Сіздердің кәсіби шеберліктеріңіздің арқасында қоғамда тұрақтылық қалыптасып, азаматтардың құқық қорғау органдарына деген сенімі артуда. Алдағы уақытта да, полиция қызметінің негізгі міндеттері Сіздердің адал еңбектеріңізбен, үйлесімді жұмыстарыңыздың нәтижесінде өз абырой биігінен көріне береді деген сенімдемін, – деді Марат Ахметжанов.
Әкімдік мәліметінше, мінсіз қызметімен ерекшеленген полиция қызметкерлері «С.Қ. Нұрмағамбетовке 100 жыл» медальдарымен және облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Сонымен қатар «JAC JS-4» маркалы қызметтік автомобильдердің 5 сертификаты табыс етілді.
(Фото: Ақмола облысы әкімдігі)