Жаңалықтар

Ақмолада туыстарының атына несие ресімдегендер анықталды

Ақмолада туыстарының атына несие ресімдегендер анықталды
Фото: El.kz/Арман МҰХАТОВ 12.12.2024 10:27 271

Ақмолада туыстарының атына несие ресімдегендер анықталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

9 желтоқсан күні Ақкөл қаласының полиция бөліміне алаяқтық дерегі бойынша екі өтініш түсті. Жергілікті тұрғындар өздерінің жақындары – немересі мен өгей баласының, олардың сенімін пайдаланып, банктерден алаяқтық жолмен несие рәсімдегенін мәлімдеді. Зардап шеккендердің айтуынша, алаяқтар «суретке түсіру керек» деген желеумен олардың бейне биометриялық деректерін пайдаланып, онлайн несиелер рәсімдеген. Бір жағдайда шығын көлемі 1 миллион 772 мың теңгені құраса, екінші жағдайда 2 миллион теңгеден асып түсті.

Аталған оқиғалар бойынша полиция бөлімі сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады.

Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін қарапайым, бірақ маңызды сақтық шараларын естен шығармаңыз. Жеке деректеріңізді, соның ішінде фото және бейне биометрияңызды, ешкімге бермеңіз – тіпті жақын адамдарыңызға сеніп тапсыру қауіпті болуы мүмкін. Несие тарихыңызды тұрақты түрде тексеріп отырыңыз. Бұл күдікті операцияларды уақытында анықтауға көмектеседі. Егер алаяқтық әрекеттерді байқасаңыз, бірден полицияға хабарласыңыз. Банктік қосымшаларда қауіпсіздік деңгейін арттыру үшін екі факторлы аутентификацияны қосыңыз, - дейді полиция өкілдері.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға