Ақмолада өрт қауіпсіздігі айлығы басталды
Ақмола облысында өрт қауіпсіздігі айлығы басталды. Облыстық ТЖД өкілдері бұл профилактикалық іс-шаралар тұрғын үй секторын қамтиды және халықтың әлеуметтік осал топтарына басты назар аударылатынын атап өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Мобильді топтардың бірін департамент бастығы Қанат Доспаев басқарды.
Тұрғын үйлерді аралау барысында электр сымдарын, пештерді тексеру жүргізіліп, түтін мұржалары тазаланды, яғни өрттің негізгі себептеріне назар аударылды. Сондай-ақ бір мезгілде үйлердің тұрғындарымен өрт қауіпсіздігін сақтау туралы әңгімелер өткізілді. Сонымен қатар көміртегі тотығының дербес датчиктері орнатылды.
Өңірде 4 жыл ішінде осы құрылғылардың іске қосылуының арқасында 21 адам аман қалды. Бұл алдын алу шаралары бір аймен шектеліп қана қоймайды, бұл тек бірінші кезеңі ғана.
Айта кетсек, жыл басынан бері өңірде тіркелген 497 өрттің 340-ы жеке секторда болған.