Ақмолада 33 жастағы ер адам жұмыс орнынан 34 млн теңге жымқырған

Ақмола облысында ЖШС қызметкері жұмыс орнынан 34 млн теңгені жымқырды деген күдікке ілінді. Қазіргі таңда сот-экономикалық сараптама жүргізілуде, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Ақмола полицейлері бір жыл бұрын жасалған қылмысты ашты. Өткен жылдың 9 маусымында Аршалы ауданының полиция бөліміне ЖШС басшысы арызданған. Айтуынша, ұйымда қаржылық құжаттарды тексеру кезінде 34 миллион теңге сомасында кемшілік анықталған.
Жедел-іздестіру шаралары барысында аталған ЖШС-інің 33 жастағы қызметкері анықталды. Тергеу нұсқасы бойынша күдікті дұрыс емес мәліметтер енгізу арқылы кәсіпорын қаражатын өзі құрған ЖК-нің банктік шотына аударған, - делінген Ақмола облыстық Полиция департаментінің мәліметінде.
Оқи отырыңыз:
- Білім саласындағы былық: Түркістан облысында 17 адам 2 млрд теңге жымқырған
- “Шетелден 159,8 млрд қайтарылды”. Антикор 215 лауазымды тұлғаның жемқорлығын әшкере етті
Осы фактіге қатысты полицейлер Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігі "Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету" бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.
