Ақмола өңірінде көктемгі егіс науқанына дайындық басталды
Ақмола облысында ең өнімді аудандардың ауыл шаруашылығы өндірушілерімен және басшыларымен аймақтық кеңес өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Биыл Ақмола облысында 5,4 млн гектар алқапқа егін егіледі. Оның ішінде 4,7 млн гектары – дәнді және бұршақты дақылдарға тиесілі. Егіс жұмыстарына 36,5 мың дана ауыл шаруашылығы техникасы дайындалуда, оның 75 пайызы қазірдің өзінде толық дайын. Сонымен қатар, техника паркін жаңарту мақсатында 7 пайыз жаңа техника сатып алынады.
Көктемгі егіс – аса жауапты кезең. Жақында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы агроөнеркәсіптік кешеннің әлеуетін одан әрі арттыруға қатысты нақты міндеттер қойды. Президент өткен жылы ауыл шаруашылығы саласы жақсы көрсеткішке қол жеткізгенімен, көктемгі егіс пен егін жинау жұмыстарына жеңілдетілген несие көлемін ұлғайту қажет екенін атап өтті. Біз әр күнді барынша тиімді пайдалануымыз керек. Бұл – тәуекелдерді төмендетіп, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты шарты, - деп атап өтті Марат Ахметжанов.
Облыс әкімі шаруаларды қажетті техникамен, жанар-жағармаймен, тыңайтқыштармен және несие құралдарымен толық қамтамасыз ету үшін жұмысты күшейтуге шақырған.
Биыл жеңілдетілген несиені алғаш рет көктемгі егіс басталмай жатып беріп отырмыз. Яғни, науқанға дейін шаруалар толық дайын болуы тиіс. Мемлекет өз тарапынан барлық қолдауды көрсетуде: жеңілдетілген несие, субсидия, арзандатылған жанармай. Ал әкімдер мемлекеттік қолдау алатын шаруашылықтарды өздері барып бақылауы қажет. Басты мақсат – сапалы өнім алу, оны сақтау және өңдеу. Осы процестерге сіздер де мүдделі болуыңыз керек. Өнімділік пен табыс – сіздердің басқарушылық жетістіктеріңіздің бір бөлігі, - деді өңір басшысы.
Жеңілдетілген несие беру «Кен Дала» және «Кен Дала 2» бағдарламалары арқылы өткен жылдың желтоқсан айынан басталды. Бүгінде 52,3 млрд теңгеге 329 өтінім түсіп, оның 217-сі мақұлданды.