Жаңалықтар

Ақмола облысының өнеркәсіптік орталығы қалай дамып келеді

Ақмола облысының өнеркәсіптік орталығы қалай дамып келеді
Фото: qazir.kz 08.03.2023 10:20 1291

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі моноқалаларды дамыту бойынша әкімдіктерге тапсырма берген болатын. Тұрғындардың  өмір сүру деңгейін жақсарту үшін бірқатар жұмыстарды тапсырды. Қазіргі таңда өңірлер мемлекет басшысының тапсырмасын қалай орындап жатқанынбілу мақсатында El.kz  ақпараттық агенттігі Степногорск қаласының әкіміне өтініш хат жолдаған болатын.

Жыл басында Мемлекет басшысы Степногорск қаласының өндірістік және экономикалық жағдайын тексеру мақсатында қалаға келіп, өңірдің тұрмыс-тіршілігімен танысқан еді. 

Степногорск қаласы Ақмола облысының өнеркәсіптік орталықтарының бірі. Қазіргі таңда қалада 12 мекеме тұрақты жұмыс істейді. Қала бойынша жыл басында 35,6 млрд теңгеге тауар өнімі өндірілген.

«Қаладағы кәсіпорындардың өнеркәсіптік өндіріс индексі 126,1 %, өңдеу өнеркәсібі – 146,5 % құрайды. Ақмола облысының өнеркәсіптік өндірісіндегі Степногорск қаласының үлесі 28,1%– құрайды», - деп мәлімдеді қала әкімдігі.

Дегенмен қалада құрылыс материалдары мен тамақ өнеркәсібін өндіретін кәсіпорындар жоқ.

Бүгінде шағын қалада 40 мыңнан астам тұрғын тұрады. Қазіргі таңда өңірде құрылыс жұмыстары қарқын алып келеді. Дегенмен, бірнеше жылдар бойы құрылысы тоқтап тұрған ғимараттар да кездеседі.

Қалада жұмыс істемей тұрған бірнеше ғимараттың барын қала әкімдігі де жоққа шығармады. Нақтырақ айтқанда қаладағы екі балабақшаның ғимараты мен 4 көпқабатты тұрғын үй кешені қаңырап тұр. Дегенмен әкімдік бұл уақытша көрініс, қазіргі уақытта ғимараттарды қалпына келтіру бойынша жоба әзірленіп жатқанын айтты.

«Қазіргі таңда 6-шы шағын ауданның 73 және 76 үйлерінің ауданында жаңа коммуналдық желілер салу және аумақты абаттандыру бойынша жобалар әзірленді. Сондай-ақ 10-шы шағын ауданда 19, 21 үйлерді қалпына келтіру жоспарлануда. 5-ші шағын ауданның бұрынғы №20 А балабақшасының ғимаратына 2025 жылы күрделі жөндеу жүргізіп, Денсаулық сақтау және демалыс нысаны ретінде қайта бейіндеу жоспарланып отыр», - деді Степногорск қаласы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Мұқатов.

Сонымен қатар, өңірде 2025 жылға дейін 12 көпқабатты тұрғын үй кешенін салу жоспарланған. Қаладағы көпқабатты тұрғын үй кешендерін салу жобасы 2019 жылдан бастап жүргізіліп келеді. 2019-2020 жылдары екі 45 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы бітіп, пайдалануға берілген. Қазіргі таңда тағы тқрт 45 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Биыл оның үшеуінің құрылысы аяқталуға тиіс. Ал 2024 жылы бір көппәтерлі үй пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Жастарды спортқа баулу мақсатында қалада түрлі спорт кешендері салынған. Хоккей корты, дене шынықтыру-сауықтыру кешені, сондай-ақ Бестөбе кентінде 300 орындық жаңа орта мектептің құрылысы, дене шынықтыру-сауықтыру (жабық) кешенінің құрылысы, спорт кешені, Заводская кентінде дене шынықтыру-сауықтыру кешені және Қарабұлақ ауылында мәдениет сарайының құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Степногорск қаласында 21 күндізгі және 2 кешкі жалпы білім беретін мектептер және балалар көркемсурет мектебі, балалар музыка мектебі, балалар шығармашылық үйі, «Батыр» спорттық балалар-жасөспірімдер кешені жұмыс істейді. 21 жалпы білім беретін мектептің 4 ауылдық мектеп, 9 қалалық, 8 кенттік мектеп.

«Өңірдегі мектептердің барлығы екі ауысым бойынша жұмыс істейді, 3 ауысымды мектеп жоқ. Мектепке дейінгі ұйымдар желісін 21 ұйым ұсынады. Оның ішінде мемлекеттік 9 балабақша, 4 жекеменшік балабақша, 2 жекеменшік шағын орталық, жалпы білім беретін мектептер жанындағы 6 шағын орталық жұмыс істейді», - дейді әкімдік.

Өңірдегі білім ордаларында мамандар саны толық қамтылған және мамандар тапшылығы жоқ екенін атап өтті.

2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру аясында Халықты жұмыспен қамту орталығы да жұмыс істеуде.

«Халықты жұмыспен қамту орталығының мамандары жас мамандарға кеңес береді және оларды қалалық дерекқорда бар бос жұмыс орындарына жұмысқа орналастыруға жәрдемдеседі», - деді әкімдік.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға