Жаңалықтар

Ақмола облысындағы тасқын: министр себептерін атады

Ақмола облысындағы тасқын: министр себептерін атады
Фото: ©El.kz/Амангүл Тілейқызы 15.04.2025 12:07 286

Үкімет отырысының брифингінде су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Ақмола облысында болған су тасқынына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Айта кетейік, Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов Ақмола облысындағы су тасқынына қатысты пікір білдіріп, егер каналдарды тереңдету және өзге де алдын алу шаралары өз деңгейінде жүргізілгенде, елді мекендерді аман алып қалу мүмкін болатынын айтқан еді. Бүгінде жүзден астам отбасы зардап шегіп, үйлері су астында қалды.

Тілші министрден: «Осы жағдайға байланысты министрлік пен жергілікті әкімдіктер арасындағы жұмыстың үйлесімсіздігі байқалып отырған жоқ па және бұл жағдай үшін өзіңізді қаншалықты жауапты деп есептейсіз?» деп сұрады.

Ведомство басшысы былтыр су тасқынының салдарын ескере отырып, алдын алу шараларын жүйелі түрде жүзеге асып жатқанын, 286 елді мекенде су тасқынын болдырмау мақсатында 590 шақырымдық қорғаныс бөгеттері салынғанын айтты.

Қосымша республикалық демеушілік қордан бөлінген 29 млрд теңге есебінен алты өңірде тағы 300 шақырымға жуық бөгет пен басқа да құрылыстар бой көтеріп жатыр. Облыс әкімдіктерімен бірлесе отырып, өзен арналары мен каналдарды тереңдету және тазарту бойынша жол картасын бекіттік. Бұл құжат 51 учаскені қамтиды, жалпы ұзындығы 800 шақырымнан асады. Оның ішінде 239 шақырым өзен арнасы тазартылып, тереңдету жұмыстары жүргізілді, – деді Нұржан Нұржігітов.

Министрдің сөзінше, Жол картасы үш жылға арналған және оның қаржыландыруы жергілікті бюджет есебінен, ал қажет болған жағдайда республикалық бюджет арқылы жүзегеасырылады.

Өкінішке қарай, Ақмола облысында табиғи факторлар қатар келіп, жағдайды күрделендіріп жіберді. Атап айтқанда, ауа температурасы күрт көтеріліп, қар жаппай еріді. Сонымен қатар, облыс әкімінің дерегінше, бір айда бір жарым айлық мөлшерде жауын-шашын жауған. Бұл судың мөлшерін айтарлықтай арттырып жіберді. Яғни атқарылған жұмыстар ауқымды болғанымен, табиғи жағдайлардың әсерінен кейбір аймақтарда қауіптің алдын алу мүмкін болмады. Бұл біз үшін маңызды сабақ. Алдағы уақытта
мұндай жағдайлардың қайталануын болдырмау үшін жұмыстар күшейтіледі, – деді су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға