Жаңалықтар

Ақмола облысында туған жиені кәсіпкердің 123 қойын ұрлап кеткен

Ақмола облысында туған жиені кәсіпкердің 123 қойын ұрлап кеткен
Фото: © Polisia.kz 22.08.2023 06:38 1191

Ақмола полицейлері 7 млн теңгенің малын ұрлаған күдіктілерді ұстады. Бұл туралы Polisia.kz сайтына сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жақсы ауданының Белағаш ауылының тұрғыны 12 тамызда ұсақ малдың ұрланғаны туралы өтінішпен жүгінді. Жергілікті кәсіпкердің айтуынша, белгісіз біреулер шалғай учаскенің аумағынан 123 қойды ұрлап кеткен. Осылайша оған 7 млн теңгеден астам шығын келтірген.

Осы фактіге қатысты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-1-бабы 4-бөлігі (Мал ұрлығы) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады және жедел-іздестіру іс-шараларының кешенін жүргізді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде Жақсы ауданының полиция бөлімінің қызметкерлері қысқа мерзімде ірі ұрлық жасады деген күдікке ілінген топтың 4 мүшесін әшкерелеп, ұстады. Бір қызығы, ұсталғандардың бірі жәбірленушінің туған жиені болып шықты және ол басының саны мен орналасқан жері туралы нақты ақпаратқа ие болды, - делінген мәліметте.

Тергеу әрекеттерін жүргізу кезінде ұсталғандардың төртеуі де Атбасар қаласының тұрғындары және ет өнімдерін сатып алушылар екені анықталды. Олар ұрланған қойлардың өлекселерін жергілікті дәмханаларға, ет сату дүкендеріне және жеке адамдарға сатқан. Барлық айғақтар арнайы тергеу іс-шаралары барысында расталды.

Қазіргі уақытта қылмыстық істі тергеу жалғасып жатыр. Полицейлер ұсталғандардың аймақ аумағындағы басқа да осындай қылмысқа қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға