Жаңалықтар

Ақмола облысында тағы бір жайлы мектеп ашылды

Ақмола облысында тағы бір жайлы мектеп ашылды
Фото: Оқу-ағарту министрлігі 30.09.2024 15:37 360

Елімізде Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қарқынды жүзеге асырылуда. Бүгін Целиноград ауданы Ақмол ауылында тағы бір жайлы мектеп есігін айқара ашты. Мектептің ашылу салтанатына Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен облыс әкімі Марат Ахметжанов қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мектеп бір ауысымда оқитын 1200 орынға арналған. Аталған білім беру ұйымында 93 кабинет қарастырылған, оның ішінде 4 компьютерлік, 7 мамандандырылған, 2 спорт, асхана, кітапхана, хореография залдары бар.

Оқушылар мен педагогтерге арнаған құттықтау сөзінде Ғани Бейсембаев Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының білім беру сапасын арттырудағы және қалалық, ауылдық мектептер арасындағы алшақтықты азайтудағы маңыздылығын атап өтті.

Педагог кадрлар білім беру сапасын арттыруда негізігі рөл атқарады. Өткен жылдан бастап елімізде жаңа форматтағы басшыларды іріктеу және даярлау бойынша «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» бағдарламасы іске асырылуда. Бүгінгі таңда бағдаралама шеңберінде білім алған 130-дан астам үміткер жайлы мектептерге директор болып тағайындалды. Әсіресе, тәрбие жұмысына басымдық беріледі. Балаларды оқыту мен тәрбиелеу үшін қолайлы жағдай жасау керек, сондай-ақ «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында ата-аналармен бірлесіп алдын алу, ақпараттық жұмыстарды тиімді жалғастыру маңызды, - деді ҚР оқу-ағарту министрі.

Сондай-ақ министр Ғани Бейсембаев мектепте балаларды тамақтандырудың ұйымдастырылуы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесінің сапасын қарады. Министрге «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы, әкелер кеңесінің клубы және «Даналық мектебі» таныстырылды. Олардың ашылуы ең алдымен позитивті ата-ана мәдениетін, мектеп пен отбасының балаларды тәрбиелеудегі өзара іс-қимылын дамытуға және патриотизмді нығайтуға бағытталған.

Ұлттық жоба бойынша 2025 жылға дейін барлығы 217 жайлы мектепті қолданысқа беру жоспарлануда. Жобада білім беру ортасының функционалдығы мен қауіпсіздігіне ерекше назар аударылады. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары бөлек блоктарда оқиды. Талаптардың қатарында қазіргі техникалық құралдарды енгізу есебінен қауіпсіздік шараларын арттыру, ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін кедергісіз орта құру және мектептерді заманауи пәндік кабинеттермен жабдықтау қарастырылған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға