Жаңалықтар

Ақмола облысында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға пәтер табысталды

Ақмола облысында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға пәтер табысталды
Фото: Ақмола облысының әкімдігі 14.05.2024 07:33 801

Ақмола облысында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бүгінде Атбасар ауданынан 27 отбасы және Көкшетау қаласынан 13 отбасы баспаналы болды. Пәтер кілтін Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов салтанатты түрде табыс етті.

Өңір басшысы жаңа қоныстанушыларды қуаныштарымен құттықтап, шаңырақтарына жылулық пен жайлылық тіледі.

Ел Президенті апаттан зардап шеккен адамдарға қамқорлық жасауды бірінші кезектегі міндет деп анықтады. Бүгін де Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында үйлері табиғи апаттан зардап шеккен және тұрғын үйге жарамсыз болған азаматтарға пәтер кілттерін табыстауды жалғастырудамыз. Бұдан басқа, біз залалды өтеу, біржолғы көмек төлеу және т.б. бойынша барлық шараларды қабылдап жатырмыз. Үйлерді, бүлінген инфрақұрылымды қалпына келтіру бойынша үлкен жұмыс күтіп тұр, - деп атап өтті М.Ахметжанов. 

Баспаналы болғандардың арасында Борисовка ауылының тұрғыны Наталья Заика бар. Көп балалы ана жаңа үйді су баспайтын аумақтан өзі таңдады.

Төтенше жағдайдан кейінгі алғашқы күндері біз барлық мемлекеттік органдардың көмегі мен қамқорлығын сезіндік. Президент Қасым - Жомарт Тоқаевқа зардап шеккендер бойынша жедел шешім қабылдағаны үшін алғысымды білдіргім келеді, - деді Н. Заика.

Көкшетауда су тасқынынан зардап шеккен 13 отбасы пәтерлі болды.  

Естеріңізге сала кетейік, бұдан бұрын облыс орталығының 14 тұрғынына пәтер кілті берілген еді.

«Су кірген үйіміз жарамсыз болып қалды. Біз көп күткен жоқпыз. Жаңа пәтерге көңіліміз толады. Біз өзіміз таңдаған пәтерге қол жеткіздік», - деп қуанышымен бөлісті екі бөлмелі пәтердің иесі Күлшара Шахизадаева.

«Біз күзге дейін инфрақұрылымды қалпына келтіру бойынша барлық жұмыстарды аяқтап, аймақтағы барлық зардап шеккендерді тұрғын үймен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз», - деп қорытындылады облыс әкімі.

Айта кетейік, облыста 1500-ден астам ақмолалық біржолғы төлем алды. Мүлікті бағалау жұмыстары аяқталуда.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға