Ақмола облысында көктемгі су тасқынына дайындық барысы тексерілді

Вице-премьер Қанат Бозымбаев Ақмола облысының Астрахан және Атбасар аудандарының, сондай-ақ Атбасар қаласының су тасқынына дайындығын тексерді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Елді мекендер тексерілді, қорғаныс гидротехникалық құрылыстары қаралды. Астрахан ауданында 12 елді мекенде су тасқынына қарсы кешенді шаралар жүзеге асырылды. Бөгеттер тұрғызылып, жол жиектері бекітілді, арналар тазартылып, тереңдетілді.
Қазіргі таңда 175 маман, 134 техника бірлігі және 25 мотопомпа дайындыққа қойылған. Ескі Колутон ауылында жыл сайын Колутон өзеніндегі су деңгейінің көтерілуінен және дренаждық жүйелердің (нөсерге арналған арық) болмауына байланысты 52 тұрғын үй су басу қаупі бар аймаққа кіреді. Өткен жылы жол жиектерін бекіту және су шаю қаупі бар учаскелерде ұзындығы 1,1 шақырым болатын қорғаныс шаралары жүргізілді. «Демеу Қазақстан қоры» қорының қаржысы есебінен Колутон өзеніне 3,6 шақырымға тазарту және тереңдету жұмыстары жүргізілді.
Қанат Бозымбаев ауыл маңындағы өзен арнасын тазарту және тереңдету жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Сонымен қатар, «Қазақстан темір жолы» АҚ-на теміржол көпірінің астындағы өзен арнасын тез арада тазарту жөнінде тапсырма берілді.
Су тасқыны қаупі жоғары 16 елді мекеннің қатарында Атбасар қаласы да бар. Мұнда да қауіптің алдын алу шаралары қолға алынды: өзен арналары мен су өткізу жүйелері тазартылып, бөгеттер нығайтылды, 295 метр үйінді тұрғызылды. Сонымен қатар 12 су өткізу құрылысы жөнделіп, тағы 40 нысан тазартылды.
Су тасқынына қарсы 396 адам, 138 техника бірлігі және 16 мотопомпа жұмылдырылған. Халқы 30 мың адамды құрайтын қалада жыл сайын Жабай өзенінің деңгейі көтерілген кезде 128 үйді су басу қаупі туындайды. Бұл қауіптің алдын алу үшін өзен арнасының 1 шақырымы құмнан тазартылып, қорғаныс бөгеттері нығайтылды, арна кеңейтіліп, тереңдетілді.
Қазіргі таңда Жабай өзенінің Атбасар қаласы аумағындағы учаскесінде бір су өткізу құрылысы толықтай аяқталды, тағы екеуі пайдалануға беруге дайын. Вице-премьер олардың құрылысын 10 күн ішінде аяқтауды тапсырды.
Сонымен қатар Атбасарда Жабай өзенінің 7,2 шақырымдық арнасын түзу бағытқа келтіру және ені 120 метрге дейін кеңейту жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жұмыстарға 36 техника жұмылдырылған. Айта кету керек, биыл Ақмола облысында Колутон, Жабай және Шағалалы өзендерінің арналары соңғы 30 жылда алғаш рет тазартылып, тереңдетіліп жатыр.
