Ақбас сиырдың амбасадоры

Елімізде асыл тұқымды мал өсіру саласына ден қойған кәсіпкерлер саны жыл сайын артып келеді. Бұл салаға өз күшін салып, кәсібін дөңгелетіп отырғандардың арасында 31 жастағы жас фермер Азат Рашидов та бар. Бүгінде ол – қазақ ақбас сиырының амбасадоры. Азат мал шаруашылығын дамыту жолында бірнеше жыл бойы еңбек етіп, өз ісін жоғары деңгейге жеткізді. El.kz тілшісі жас кәсіпкермен тілдесіп, шаруашылығы жайында әңгіме өрбітті.
Азаттың басты мақсаты — қазақ ақбас сиырының тұқымын әлемдік нарыққа танытып, еліміздегі мал шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру. Өзінің кәсіпкерлік жолында көптеген қиындықтарға тап болғанымен, оны жеңіп, бүгінгі таңда сапалы мал өсірумен айналысып, ел экономикасына елеулі үлес қосып келеді. Қазақ ақбас сиырының амбасадоры ретінде оның жұмысы тек жеке жетістіктермен шектелмей, халыққа да мол пайда әкелуде.
Жас кәсіпкердің тәжірибесі
Бір кезде ветеринарлық факультетте оқып жүрген жастардың бірі, қала өмірін сүйіп, оның барлық артықшылықтарын бағалаған Азат Рашидов ауыл шаруашылығын өзінің бағыты деп санамайтын.
жеке мұрағат
Бірінші курсқа түспес бұрын, жазда досым екеуміз шағын кәсіптермен айналысып көрсек дедік. Сөйтіп фото шығару, әртүрлі шағын қызметтер көрсететін кәсіптермен айналыстық. Студент кезімізде де осы қызметтермен өмір сүрдік. Принтер пен компьютер жөндеумен айналыстық, тендерлер мен тіркеулер жүргіздік. Кейін Атырау қаласына көшіп, сол жерде құрылыс саласына қатысты жұмыстар істедім. Сондай-ақ етпен айналысқан кездерім болды, – дейді жас фермер Азат.
Қалайда бір кәсіптің көзін табуды мақсат еткен ол 2017 жылы ауыл шаруашылығына көшу туралы шешім қабылдайды. Мал дәрігерлігі мамандығы бойынша оқуға түссе де, ешқашан бұл саланың маманы боламын деген ойы болмаған екен.
Өз мамандығыммен жұмыс істеймін деген мақсатым да болған жоқ. Бірақ университетте грант ұтып, ветеринария саласына түсіп, осы салаға қайта оралдым. Алғашқы жылдары бұл саланың ерекшеліктерін түсіне бастаған соң, мен мамандығыма қатысты тәжірибе жинай бастадым. 2-курс аяқталысымен университеттен жеңілдік алып, 6 ай Жаңақала аудандық ветеринария станциясында ветеринар болып еңбек еттім, – дейді жас кәсіпкер.
Асыл тұқымды мал шаруашылығындағы табысты жолы
2016 жылы ойдағыдай оқуын аяқтап, 2017 жылы туған жеріне оралып, Жаңақала ауданы Айдархан елді мекенінде жалға жер алып, ірі қара малмен айналыса бастаған.
жеке мұрағат
Мен Бөкей Орда деген ауылдың жігітімін, шамамен қаладан 600 шақырымдай қашықтықта орналасқан. Алғашында ауылда оқыдым, кейін қалаға көшіп, өміріміздің көп бөлігін қалада өткіздік. Бірақ ауыл мен үшін әрдайым жақын болды, – дейді.
Бүгінгі таңда жас кәсіпкер екі шаруашылықтың тізгінін қатар ұстап отыр. Шаруа қожалықтың негізгі бағыты – асыл тұқымды мал өсіру.
Қазақтың ақбас сиыры мен Мұғалжар жылқыларына бейімдеу яғни, асылтұқымды мал өсірумен айналысамыз. Мемлекет тарапынан беріліп жатқан бағдарламалар менің кәсіпте аяққа тұрып, оны дамытуыма үлкен қолдау көрсетіп отыр. Бұл бағдарламалардың арқасында мен қазақтың ақбас сиырын, сондай-ақ жылқы шаруашылығын дамытып, өсіруде табысты жұмыс істеп жатырмын, – дейді Азат Рашидов.
Шаруашылық бастаушы кәсіпкерлерге кеңесі
Қазақтың ақбас сиырын өсіріп отырған кейіпкеріміз шаруашылықпен айналысатындар қандай қателік жіберетінін айтып берді. Айтуынша, қожалықпен айналысқысы келетіндердің 90 пайызы жіберетін басты қателік — дұрыс жер таңдамауы.
Бұл – өте маңызды мәселе. Көпшілік жердің жағдайына, судың мөлшеріне, шөптің шығымына, инфрақұрылымына, қуат көздерінің болуына және қаладан қашықтығына мән бермейді. Ал бұл факторлар шаруашылықтың табысты не сәтсіз болуына тікелей әсер етеді. Екінші үлкен қателік — мал таңдау кезінде кетеді. Біз де алғашында осыны бастан өткердік. Біз 70 бас баспақ сатып алдық. Бірақ олар бұзаулау үшін кем дегенде үш жыл күту керек болды. Керісінше, егер сол кезде сүтті бағыттағы сиыр сатып алғанда, сол жылы-ақ бұзауын сатып, табыс көре бастауға болатын еді. Яғни, шаруашылықты бастау кезінде ең алдымен тиімділікті, малдың өсу мерзімін және қайтарым уақытын ескеру керек, – деді.
Тағы бір көп жіберілетін қателік бұл субсидияға алданып қалу екенін айтады. Мысалы, мемлекеттен 150 мың теңге субсидия беріледі деп, жұрт асылтұқымды бұзау алады. Бірақ сол бұзау өсіп, өнім берер деңгейге жеткенше, көп уақыт кетеді. Ал бұл аралықта кәсіпкер табыссыз қалады. Сондықтан мал таңдауда да, мемлекеттік қолдауды пайдалануда да есеппен, нақты жоспармен әрекет ету керек екенін жеткізді.
Әлемдік нарықта сұраныс жоғары
Жас кәсіпкер ірі қара мал шаруашылығында қазақтың ақбас сиырын таңдаған. Өйткені бұл тұқымның күтімі жеңіл, әрі өнімділігі жоғары деп отыр.
Сонымен қатар әлемдік нарықта дәл осы ірі қараның етіне сұраныс өте жоғары. Бұрын біз қой шаруашылығымен де айналысып көрдік. Бір шаруашылықтан қой сатып алып, өсірдік, көбейттік. Бірақ қоймен айналысуда бірқатар қиындықтар болды. Сол кезде нарықта қой етіне сұраныс төмен еді. Сондықтан біз қойды сатып, қайтадан сиырға бет бұрдық. Осылайша, ірі қара малдың санын арттырып, шаруашылығымызды күшейттік. Қазір қойдың бағасы біршама жақсы болғанымен, біз үшін сиыр өсіру тиімдірек болып тұр. Нарықта сиыр етінің бағасы тұрақты және жоғары. Осыған байланысты қазіргі таңда сиыр шаруашылығы – біздің басты бағытымыз, – дейді Азат Рашидов.
Кәсіпкердің басты мақсаты – сапалы өнім өндіру, оның ішінде қазақтың ақбас тұқымын дамытып, оның сапасын арттыру. Бұл арқылы еліміздің ауыл шаруашылығы саласына үлес қосқысы келеді. Себебі әр адам өз ісін адал әрі сапалы атқарса, ел де соғұрлым алға жылжиды деп санайды.
жеке мұрағат
Мысалы, электрик өз жұмысын жауапкершілікпен атқарса, мұнайшы бұрғылау ісін тыңғылықты жүргізсе, геолог жердің байлығын зерттеп, нақты мәлімет берсе, ал фермер сапалы мал өсіріп, елді азық-түлікпен қамтамасыз етсе – бұл еліміздің әр саласындағы береке мен бірліктің көрінісі. Әрбіріміз – осы мемлекеттің кішкентай бір бөлшегіміз. Сол бөлшектер дұрыс жұмыс істесе, мемлекет те мықты болады. Мен үшін бұл – жай ғана кәсіп емес, елге деген қызмет, болашақ ұрпаққа қалдырар үлес. Осы жолда аянбай еңбек етіп, халқыма, мемлекетіме титтей де болса пайда әкелу – басты мұратым, – деді.
Қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып жүрген кейіпкеріміз бірнеше республикалық деңгейдегі алғыс хаттардың иегері. Сонымен қатар, ол бірнеше мәрте «Жомарт жүрек» номинациясымен марапатталған. Әсіресе, су тасқыны кезінде көрсеткен белсенділігі үшін облыс және қала әкімдерінен, сондай-ақ республика партиясының төрағасы Айдарбек Ходжаназаровтан арнайы алғыс хаттар алған.
Жас кәсіпкердің жетістіктері
Жас бола тұра, жастарды ауыл шаруашылық саласында жұмыс істеуге насихаттап, өмірлік ұстанымдары мен тәжірибесімен бөлісуде. Ол 2022 жылы «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты президенттік грант иегері атанып, 2023 жылы «JaiyqDev» компаниясымен бірігіп, «4tulik» бағдарламасын шығарды.
2023 жылы оған қазақтың ақбас сиырын жастар арасында насихаттауға қосқан үлесі үшін «Қазақ ақбасының амбассадоры» атағы берілді. Бұл жас кәсіпкер үшін үлкен мәртебе әрі жауапкершілік болды.
Бұған өзге 2022 жылы Түркияның Измир қаласында, ал 2023 жылы Стамбулда өткен ауыл шаруашылығы көрмелеріне делегат ретінде қатысып, үлкен тәжірибе алғанын айтты. Бұл өз кезегінде шетелдік фермерлермен байланыс орнатуға жол ашты.
жеке мұрағат
2023 жылы Ассамблея құрамында, президент қатысатын сессияға шақырту алып қатысса, 2024 жылы Қазақстанның үздік фермерлері бас қосқан, ауыл шаруашылық форумына делегат болып барған.
Сондай-ақ 2024 жылы Қытайдың Вейфан қаласындағы Lovol трактор зауытына арнайы шақырту алып, республикалық делегация құрамында болған. Бұл іссапар да ауыл шаруашылығын дамытуда жаңа мүмкіндіктерді көруге себеп болды деп отыр.
Қоғамдық бірлестіктермен белсенді жұмыс атқарып жүрген 31 жастағы Азат Лаврұлы түзде жеке кәсіптің иесі болса, үйде үш баланың аяулы әкесі. Ол барлық жетістіктері үшін ата-анасының, бауырларының қолдауын, кәсіп жолында бағыт көрсеткен ағаларын және әрине адал жарының ықпалы мен қолдауының арқасында жеткенін айтады.
Айта кетейік, қазақтың ақбас сиыры – ет бағытындағы сиыр тұқымы. Оның еті жұмсақ, майлы, дәмді, және жоғары сапалы. Қазақстанда сиыр етіне деген сұраныс жоғары, сонымен қатар халықаралық нарықтарда да бұл ет танымал.
Қазіргі уақытта асылдандыру жұмыстары жақсы жолға қойылған, сондықтан өсірушілер ақбас сиырларды көбейту үшін арнайы асыл тұқымды малдарды пайдалану арқылы өнімділікті арттыра алады. Қазақстанда асыл тұқымды мал өсіру, әсіресе сиыр, жылқы, қой, түйе және басқа да мал түрлері бойынша үлкен әлеуетке ие және асыл тұқымды мал шаруашылығына арналған бірнеше мемлекеттік бағдарламалар мен субсидиялар бар.
Бұл бағдарламалар арқылы кәсіпкерлер мал сатып алуға, асыл тұқымды малдарды өсіруге, жемшөп, қора-жай сияқты инфрақұрылымды дамытуға көмек ала алады. Әдетте, мемлекеттік қолдау мен субсидиялар бұл салаға инвестиция тартуды жеңілдетеді.
Елімізде кәсіпкерлердің асыл тұқымды мал шаруашылығына қызығушылығы соңғы жылдары артып келеді. Әсіресе, сиыр, жылқы, қой, түйе сияқты мал түрлерін өсіру және олардың өнімдерін өндіру бағытында кәсіпкерлердің саны көбейіп жатыр. Бұл салада көптеген мүмкіндіктер мен артықшылықтар бар, бірақ оған бару да белгілі бір шығындар мен тәуекелдермен байланысты.
