Жаңалықтар

«Аптасына 2-3 рет ғана кездесесің». Қонақ некеге қалай тұруға болады?

«Аптасына 2-3 рет ғана кездесесің». Қонақ некеге қалай тұруға болады?
Фото: Коллаж El.kz 27.01.2025 16:05 3759

Бір-бірімен жырақта жүріп те үйленіп алуға болады. Мұндай ақпаратты жақында естідік. Қазақстан қоғамдық даму институты ерлі-зайыптылар бір шаңырақ астында тұрмайтын «қонақ некеге» тұруға болатынын мәлім етті. «Аптасына 2-3 рет ғана кездесуге мүмкіндік бар» деген ой көпшілік үшін қалыпты некеге жатпайтын жағдай болуы мүмкін. Қонақ неке шектеулі уақыт ішінде берік қарым-қатынас құруға мүмкіндік бере ме? Бұл некеге қалай дайындалу керек, оның артықшылықтары мен қиындықтары қандай? Осы ретте  El.kz тілшісі дін өкілдері мен этнографты сөзге тартып, көзқарастарын білген еді. 

Қонақ неке дегеніміз..

Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшылары еліміздегі жаңа үрдіс туралы пікір білдірді. Бұл үрдіс отбасылардың әлеуметтік-демографиялық құрылымын зерттеу барысында анықталған.

Қоғамдық даму институтының отбасы және гендерлік саясат саласындағы сарапшысы Ақнұр Иманқұлдың айтуынша, «қонақ неке» дегеніміз – жұптардың қашықтықтан, яғни бөлек тұруы. Бұл тек жанжалдан туындаған жағдай емес, кейде екі тараптың келісімімен немесе әлеуметтік-экономикалық жағдайларға байланысты болады. Мысалы, ерлі-зайыптының бірі оқуға немесе басқа қалада жұмыс істеуге кетсе, мұндай жағдай да «қонақ неке» деп есептеледі.

Қонақ некеде болған жұптар ресми некеде болуы мүмкін, болмаса да болады. Бірақ олардың негізгі ұстанымы бір-бірінен алшақ болса да, ортақ түсініктері болуы шарт. Жаңашылдықты қолдайтындар да жеткілікті. Десе де, кейбіреулер қонақ некені «жеңіл жолмен» өмір сүретіндер үшін қолайлы амал деп санайды. Егер бұл үрдіс кең тараса, демографиялық мәселелер мен құндылықтардың да төмендеуі мүмкін деп болжайды.

Сондай-ақ сарапшылар тағы бір кең таралған құбылыс ретінде жұбайы өзінен айтарлықтай үлкен болатын некелердің көбеюін айтуда. Сарапшылар бұл үрдіс болашақта трендке айналып, туу деңгейіне ықпал етеді және бұл елдің демографиялық дамуына теріс әсер етуі мүмкін деп санайды. 

Әзірге Қазақстандағы қонақ некеге қатысты нақты статистика жоқ. Қашықтықтағы қарым-қатынасқа қатысты шариғатта не айтылған және осы ретте дін өкілдерінің пікірін сұрап көрдік.

Дінімізде «қонақ неке» деген арнайы атау бар ма?

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Елбек Тасболатұлының сөзінше, шариғатымызда қонақ неке деген арнайы атау немесе некенің түрі жоқ.

Дінімізде неке не дұрыс сахих немесе бұрыс батл неке болып есептеледі. Дұрыс некенің шарттары ата-ананың разылығы, екі жақтың келісімі, куәгерлердің болуы, мәр тағайындалуы және неке қиылып осы некенің жариялануы. Осы кезде неке дұрыс сахих болып табылады. Ал батыл неке дегеніміз куәгерлердің болмаса немесе уақытша неке қиылса бұрыс батыл неке болып есептелінеді. Яғни, Алланың құзырында некеге жатпайды. Қорыта айтатын болсақ, шариғатымызда неке не дұрыс сахих болады, не бұрыс батыл неке ретінде саналады. Қонақ неке деген арнайы атау немесе некенің түрі жоқ, – деді ҚМДБ шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Елбек Тасболатұлы.

Некені ойыншыққа айналдыруға болмайды

Ал «Ырыскелді қажы» мешітінің бас имамы Яхия қажы Абдуллаұлының сөзінше, бұл некеден хабары жоқ екенін және әлі естімегенін айтты. Десе де, имам дінімізде неке ғасырлар бойы өмір сүріп, миллиардтаған адамдар бақытты өмір сүрген маңызды құндылық екенін, Құранда және шариғат кітаптарында неке туралы толық мәліметтер берілгенін атап өтті.

Неке – екі адамның арасындағы ерекше, мәңгілік байланыс, ол тек шариғаттың заңдарына сай жүзеге асырылады. Біздің дінімізде неке уақытша немесе келісім-шартқа негізделген болмайды. Бір жылға немесе үш жылға жасалатын некеге шариғат бойынша рұқсат етілмейді. Неке – тұрақты, мәңгілік байланыс, ешқандай шартсыз қиылады. Ал қазіргі таңдағы «азаматтық неке», «қонақ неке» немесе басқа да ұқсас ұғымдар пайда болып жатыр, бірақ шариғат бойынша неке тек екі адамның келісімімен және жария түрде жасалады. Неке қию – үлкен жауапкершілікті талап ететін іс, әрі бұл Құдай алдындағы жауапкершілікті сезінуіміз керек, – дейді Яхия қажы Абдуллаұлы.

Бас имам қонақ некеге қатысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында пәтуа бөлімі барын, олар шариғатқа сай емес мәселелерді анықтап, түсіндіру жұмыстарын жүргізетінін атап өтті.

Неке – шариғаттың маңызды өкімдерінің және бұл өмірдегі ең үлкен жауапкершіліктің бірі. Бұл жағдайға немқұрайлы қарауға болмайды. Неке – жария ету деген сөз. Менің қызым күйеуге шықты, немесе ұлым үйленді дегенді жұртқа айту деген осы. Әрқашан менің қызым ақ некесімен күйеуге шықса, мен мақтанып айтамын: «Мына менің қызым ақ неке мен пәленшеге тұрмысқа шықты» немесе «Менің ұлым Алланың алдында ақ неке мен пәленшенің қызына үйленді». Бұл біз үшін, ағайын-туыс, әке-шеше үшін үлкен мәртебе, абырой. Сол себепті неке – шариғаттың жолымен, жауапкершілікпен жасалатын іс, – деді имам.

Яхия қажының сөзінше,  некені ешқашан ойыншыққа айналдыруға болмайды. Неке қию тек шариғатқа сай жолмен, салт-дәстүр мен Алланың үкімдеріне сәйкес жасалуы тиіс деп санайды.

«Қонақ неке» дегенге қарсымын

Ал этнограф Бұлбұл Кәпқызы «қонақ неке» туралы көгілдір экраннан, әлеуметтік желілерден де көп естіп жүргенін айтады. Этнографтың ойынша, бұл біздің қазақтың менталитетіне жат нәрсе.

Қонақ неке ресми түрде тіркелгенімен, ол отбасылық жауапкершіліктен қашу дегенді білдіреді. Кейбір адамдар оны қазіргі заманға сай деген пікірмен түсіндіріп жатыр, бірақ ол адам бақташының жұмысына кеткендей, үнемі бір жерден екінші жерге көшіп жүретін адам емес. Қонақ неке деген, негізі, екі немесе үш әйелі бар адамның әрекеті сияқты көрінеді. Бұл менің ойымша, дұрыс емес. Қазақтың баланы тәрбиелеу жүйесі қайда? Отбасы институты қалай қалыптасады? Бұл мәселе отбасының құрылымына және оның балаларға әсеріне кері әсерін тигізеді. Мысалы, бала әкесін жиырма күн көрмей өссе, ол қандай әке? Бір үйге қонақ болып келетін әке біздің қазақтың менталитетіне сәйкес келе ме? Әрине, келмейді, – дейді этнограф.

Бұлбұл Кәпқызы баланың тәрбиесінде ата-ана мен әкенің рөлі тең болуы керек екенін айтады. Әкесі таңертең оянып, баласын маңдайынан иіскеп, кешке жұмыстан келіп, баласымен бірге отырып шай ішетін отбасылық тәрбие өте маңызды деп отыр.

Мұндай нәрсе қонақ некеде болмайды. Мен өз басым қонақ неке дегенге қарсымын. Бұл біздің қазақтың менталитетіне жат дүние. Сондықтан бұған қарсылығымызды білдіріп, мұндай некеден сақтану керек деп есептеймін. Қонақ неке дегенді тіркеген кезде де, бұл мәселені алдын ала қарастыру қажет. «Қонақ неке» деп айтылғанда, ол адамның құлағына түрпідей тиеді. Бұл біздің қазақи менталитетке жат дүние деп білемін. Қазақтың атам заманнан келе жатқан менталитетін болашақ ұрпаққа жеткізу үшін, біз оны қорғауымыз керек, – деді сарапшы.

Мұндай неке отбасы мектебінің құлдырауына әкеледі

Этнограф Бұлбұл Кәпқызының пікірінше, бұл некені қолдауға болмайды. Мұндай қарым-қатынас адамдардың арасындағы байланыстарды нығайтпайды, керісінше олардың арасындағы сенімсіздік пен қызғаныш сезімдерін туындатады. Өйткені біздің қоғамның сана деңгейі әлі де болса осы жағдайды толық түсініп, қабылдай алатындай дамымаған деп отыр.

Мәселен ер адам үйден қырық қадам шықса, бойдақпын деп есептейді. Үйден шыққан сәтте оны бойдақ деп санаймыз, ал әйелдер осындай жағдайда жалғыз қалған кезде түрлі қиындықтарға тап болады. Бұл жерде қазақтың дәстүрлеріне сүйенсек, ер мен әйел бір үйде, бір-бірінің жанында болып, өзара қарым-қатынас пен түсіністікке негізделген өмір сүруі тиіс. Қашықтықта жүрген адамдар бір-біріне адал бола алмайды деп ойлаймын. Мұндай отбасылық жағдай ең алдымен баланың тәрбиесіне теріс әсер етеді. Баланы кім тәрбиелейді? Әйел босанған кезде, оның жағдайын кім қадағалайды? Мұндайда күйеуі қашықта жүрсе, оған кім көмектеседі? Еркек отбасы үшін жауапкершілікті толық мойнына алып, отбасын бірге ұстап тұруы керек, – дейді этнограф.

Ал егер ол үйден алшақ жүрсе, ол еркектің міндеттерін орындамай, отбасының бүтіндігіне нұқсан келтіреді деп есептейді. Бұл тек отбасылық қарым-қатынасқа ғана емес, жалпы қоғамға да кері әсерін тигізуі ықтимал екенін айтады.

Сол себепті мен бұл ұстанымды қолдамаймын. Қашықтықта жүріп, бір-бірін «сағынып» көру – уақытша ғана, ал ұзақ мерзімде бұл отбасылық құндылықтарға кері әсер етеді, – дейді этнограф Бұлбұл Кәпқызы.

«Қонақ неке» ұғымының пайда болуы

«Қонақ неке» деген ұғымның пайда болуының бірнеше себебі бар. Адамдар бір-бірімен тұрмыстық қатынастарды уақытша құрып, белгілі бір шарттармен өмір сүреді. Бұл неке әлеуметтік және тұрмыстық қажеттіліктерге қарай пайда болуы мүмкін. Мұндай қатынас көбінесе тұрмысқа шықпай немесе заңды некеге тұрмайтын адамдар арасында болады.

Қазіргі таңда адамдардың жеке өмірі мен еркіндігіне деген сұраныс артып, көпшілік үйлену немесе отбасылық өмір сүруді өздері қалаған уақытша немесе шартты негізде жүзеге асыруды жөн деп санайды.

Қонақ неке көбіне жеке тұрғын үй мәселелерін шешуге, әлеуметтік тұрғыда қажеттіліктерді орындауға бағытталған болуы мүмкін. Бұл түсінік жастар арасында бұрынғы дәстүрлі некеге деген қарым-қатынас өзгергендігін көрсетеді.

Қонақ неке туралы сарапшылар әртүрлі пікірлер білдіруде. Қоғамда бұл құбылысты қолдаушылар да, қарсы шығушылар да бар. Сарапшылардың пікірінше, қонақ неке қазіргі қоғамның құндылықтары мен жеке өмірге деген көзқарастарының өзгергенін көрсетеді. Мысалы, жастар арасында дәстүрлі некеге деген сұраныс төмендеп, адамдар көбіне өзіндік еркіндікке, мансапқа және жеке өміріне көбірек мән береді. Бұл өз кезегінде уақытша немесе шартты негізде өмір сүруді қалаушылардың пайда болуына себеп болды. Сарапшылар осындай жаңа қатынастарды қоғамның әлеуметтік динамикасының бөлігі ретінде көреді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға