Жаңалықтар

Аптап ыстықтан қалай қорғанамыз? Пайдалы кеңес

Аптап ыстықтан қалай қорғанамыз? Пайдалы кеңес
Фото: © El.kz 10.07.2023 10:15 1826

Алдағы үш күнде еліміздің басым бөлігінде күн 43 градусқа дейін ыстық болады. Шілденің шіліңгір ыстығында күннен қорғанып, қауіпсіздік шараларын сақтаңыз, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жазды көңіліңіз қалағандай керемет әрі қауіпсіз өткізу үшін төмендегідей ережелерді ұстануға тырысыңыз.

Күннен қорғану. Жоғары ультракүлгін  сәулелерден қорғайтын кремді, кең жиекті шляпа мен күннен қорғайтын көзілдірікті киіңіз, әсіресе күн қызған шақта, таңғы сағат 10-нан 16.00-ге дейін. Күннен қорғайтын кремдерді далаға шығардан 20 минут бұрын жағу керек. Одан кейін әр 20-30 минут сайын тағы бір мәрте жағып отырған дұрыс. Сонда ғана оның қорғаныс күшіне сенуге болады. Сондай-ақ далаға шыққан кезде табиғи маталардан тігілген және ашық түсті жеңіл киім кию керек. 

Оқи отырыңыз:

Күннен қорғайтын кремді қалай таңдау керек?

Гидратация. Жаздың ыстық күндерінде суды жеткілікті мөлшерде ішіңіз. Сондай-ақ ағзаның сусыздануын тудыруы мүмкін алкоголь мен кофеинді сусындарды шамадан тыс тұтынудан аулақ болыңыз. Энергетикалық және газдаған сусындар мен құрамында қант мөлшері көп шырындарды да аз мөлшерде ішкен жөн.

Жәндіктерден қорғану. Табиғат аясына демалысқа шыққанда және саябақтарда пикник ұйымдастырғанда жәндіктерден қорғайтын крем жаққан артық етпейді. Себебі, жаз мезгілінде маса мен кене сияқты әртүрлі жәндіктер белсенді. Жәндіктерге қарсы құралдарды, әсіресе орманды немесе шөпті жерлерде қолданыңыз және шағудың алдын алу үшін қорғаныс киімін киіңіз.

Шомылу қауіпсіздігі. Егер сіз ашық суда жүзуді жоспарласаңыз, қауіпсіздік ережелерін сақтаңыз. Алыс қашықтыққа жүзуге тырыспаңыз және судың ағындары мен тереңдігіне абай болыңыз. Жағажайдағы арнайы бақылаушылардың көмегіне жүгініңіз.

Интегративті дәрігер Сандуғаш Әжімұратқызы бассейнге барғанда қажет болатын лайфхактарымен бөлісті.

Бассейн суына қосылатын хлор мен бром организмге сіңіп, уламас үшін бассейн алдында 150 мкг йод ішкен абзал. Бассейн пайдалы болуы үшін жүзу керек, егер жүзу білмесеңіз, жәй шалпылдатып жүргеннен оның пайдасы болмайды. Бассейннен шыққанда міндетті түрде жақсылап жуынған абзал, - дейді дәрігер.

Дұрыс тамақтану. Жазда жемістер мен көкөністерге бай жеңіл және құнарлы тағамдарды жеуге тырысыңыз. Асқазаныңызға ауырлық түспесін десеңіз шамадан тыс тамақтанудан және ауыр, майлы тағамдарды тұтынуды азайтқаныңыз жөн болады. Сонымен қатар, дайын тағамдарды ұзақ уақыт сақтамау керек. Әсіресе, тез бұзылатын азық-түлікті сатып алғанда жарамдылық мерзіміне назар аударыңыз.

Белсенділік. Аномальды ыстық кезінде физикалық жүктемені азайтқан жөн. Жазда көптеген адамдар демалыста болады, бірақ бәрібір белсенді өмір салтын сақтауға тырысыңыз. Жаттығу жасаңыз, ашық ауада серуендеңіз және белсенді демалыстардан ләззат алыңыз.

Ыстықта қызып кетуден қорғану. Аптап ыстықта өзіңізді жақсы сезіну үшін күн өтіп кетуден және қызып кетуден сақтанған абзал. Егер сіз жоғары температураға байланысты өзіңізді нашар сезінсеңіз, дереу салқын жерге барып, су ішіңіз, тіпті, қажет болған жағдайда медициналық көмекке жүгініңіз.

Салқындату. Салқын жерлерде, әсіресе күннің ең ыстық сағаттарында уақыт өткізуге тырысыңыз. Бөлме температурасын ыңғайлы ұстау үшін кондиционерді немесе желдеткішті пайдаланыңыз. Мүмкін болса, ұзақ уақыт тікелей күн сәулесінен аулақ болыңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға