Жаңалықтар

Apple, Nike компаниялары неліктен Қазақстанды емес, Өзбекстанды таңдады

Apple, Nike компаниялары неліктен Қазақстанды емес, Өзбекстанды таңдады
Фото: ©Depositphotos / ©Pixabay.com 16.08.2023 09:00 1850

Бүгінде Орталық Азия елдеріне әлемдік бренд тауарлары келіп, өз филиалдарын ашып жатыр. Мәселен, Өзбекстанда Apple, Nike компанияларының кеңсесі жұмыс істей бастады. Осы ретте бұл ретте аталмыш әлемдік компаниялар неліктен Қазақстанды таңдамады деген сұрақ туындайды. Мұны экономистерден сұрап көрдік. 

Мысалы, Өзбекстанда дүниеге келген, қазір Қазақстанда еңбек ететін, екі елдің экономикасын жақсы білетін Сапарбай Жобаевтың айтуынша, халық саны әсер етеді екен.

Өзбекстан – Орта Азиядағы халқы ең көп республика. Ол Орта Азиядағы өзге республикалармен шектеседі. Сондықтанда Өзбекстанның орналасқан жеріне өзге мемлекеттердегі шетелдік брендтер қызығады. Осылайша шетелдік өнімдердің көбісі Өзбекстанда таралады, - деді ол.

Сарапшы Өзбекстан мен Қазақстанды қатар алғанда шетелдік инвестицияның басым бөлігі Қазақстанда екенін айтады.

Ислам Кәрімовтың кезінде Өзбекстан жабық саясатты ұстанды. Сондықтан оған көптеген әлем брендтері бара алмады. Ал қазір Шавкат Мирзиёев жаңа президент болып сайланғаннан кейін елде ашық саясат жүргізіледі. Жалпы Орталық Азияның инвестициясының 80 пайызы Қазақстанда, ал қалған 20 пайызы Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстанда, - дейді экономист.

Сапарбай Жобаев әрбір мемлекеттің шетелдік компаниялармен жұмыс істеуге қолайлы өнімі болады деп отыр. 

Әр өндірістің өзіне өтуге қолайлы жері болады. Мәселен, өсімдік майын, металл өндіру Қазақстанда тиімді. Қазіргі таңда Ресейдің көп компаниялары біздің елмен жұмыс істейді. Бірақ Қазақстан халқы мен Өзбекстан халқының санын салыстырар болсақ, Өзбекстандағы адамдар саны 2 есе көбірек. Сондықтан Өзбекстан өндіріс ашуға ыңғайлы, оның өтімі де жоғары, - деді ол.

Сондай-ақ сарапшы кейбір шетелдік өнімдердің біздің елге келмегеніне еш ренжудің қажеті жоқ деп есептейді.

Шетелдік компаниялардың өзіндік саясаты бар. Мысалы бізде көптеген автомобиль компаниялар ашылып жатыр. Бірақ олардың қатарында Toyota жоқ. Себебі оның масштабы өте үлкен. Ол Америка, Ресей, Үндістан сынды ірі мемлекеттермен жұмыс істейді. Сондықтан біз көлемі жағынан кіші мемлекет болғандықтан, бізге келмеді деп уайымдаудың қажеті жоқ, - деді экономист.

Сонымен қатар Сапарбай Жобаев Қазақстанға Қытайдан келіп жатқан ZEEKR электромобильдері жайлы сөз қозғады.

Электромобильдер қысқа қашықтыққа жүретін көлік болып есептеледі. Оның аккумуляторының мүмкіндігі орта есеппен 3-4 сағаттай ғана болуы мүмкін. Ал қарапайым көлікке құйған бензин бір немесе бірнеше күнге жетеді. Сондықтан Қазақстанның территориясы кең болғаннан кейін электромобильге көшу мәселесін қозғауға асықпаған жөн, - деп пікір білдірді сарапшы.

Ал тағы бір экономика шолушысы Бауыржан Мұқанов болса, Өзбекстан мен Қазақстан нарығын салыстырған кезде көпшіліктің «Өзбекстанға мына өнім келді, бізге келген жоқ» деп айтуы қате пікір екенін жеткізді.

Халықаралық компаниялардың Өзбекстанға қарағанда Қазақстанда орналасқандары көп. Орталық Азияның ішінде қаржы, энергетика, консалтинг саласы Қазақстанда шоғырланған. Сол себепті осы салаға қатысы бар шетелдік компаниялар Қазақстанды таңдайды, - дейді нарық сарапшысы.

Бауыржан Мұқановтың айтуынша, шетелдік компаниялар Өзбекстанмен билікке Мирзиёев келгелі бері жұмыс істей бастаған. Президент елдің экономикасын либералдандырып, Nike секілді ірі шетелдік компанияларды шақырды.

Өзбекстан мен Қазақстан халқын салыстырсаңыздар, Өзбекстан халқы бізден 1,5 есе көп. Қазақстанның экономикасы мың жерден жоғары болғанымен, Nike кроссовкиінің бағасы әлемдік деңгейде салыстырмалы түрде шамалас. Сондықтан тауардың өтімділігін қарастырар болсақ, бұл мәселеде Өзбекстан мемлекеті қолайлы, - дейді сарапшы.

Сондай ақ ол бүгінде Қазақстанда келіп жатқан электромобильдердің аса қатты бір тиімді емес екенін айтты.

Грета Тунберг кезінде пайдалы қазбаларды қазбай, желден, күннен энергия алып, электромобильді қолдануға кеңес берген еді. Бірақ тоқпен жүретін электромобиль айналып келгенде тоқты мұнайдан, көмірден алады. Сондықтан электр энергиясы да сарқылмалы нәрсе. Мың жерден электроэнергиямен жүрген тиімді болса да адамдар дәстүрлі көлікпен жүргісі келсе, оны мәжбүрлеу қиын болады, - дейді Бауыржан Мұқанов.

Нарық сарапшысы бүкіл әлемді Қытайдың тауарлары жаулап алды деген пікірін жеткізді.

Бүгінде нарықта Қытайдың тауары Американы да, Еуропаны да, Қазақстанды да барлық мемлекетті жаулап алды деуге болады. Оның тауары экономикаға ешқандай кері әсерін тигізбейді. Тауарлары арзан, сапалы әрі тапсырысқа берсең тез келеді. Сіз мысалы Қазақстанда жасалған затты 1,5 есе қымбатқа алғанша Қытайдың өнімін арзан бағада алғанды жөн көрер едіңіз ғой, - деді ол.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға