Жаңалықтар

Апартеид туралы не білеміз?

Апартеид (африк. apartheid – бөлек тұру, даралау) – Оңтүстік Африка Республикасындағы (1948-1991) халықты нәсілдік түсіне қарай бөлектеудің шектен шыққан формасы.
26.11.2015 10:06 19273

Апартеид (африк. apartheid – бөлек тұру, даралау) – Оңтүстік Африка Республикасындағы (1948-1991) халықты нәсілдік түсіне қарай бөлектеудің шектен шыққан формасы. Ол осы елдің байырғы африкалық тұрғындарын саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени құқықтарынан айырудан көрініс тапты.

Апартеид туралы не білеміз?

«Апартеид» сөзін алғаш рет 1917 жылы Оңтүстік Африка елінің мемлекеттік қайраткері Ян Христиан Смэтс (кейіннен 1919 жылы Оңтүстік Африкалық Одақтың Премьер-Министрі атанған) қолданған болатын.

Британия үкіметі ХІХ ғасырдың өзінде-ақ, қаранәсілді африкалықтардың өздері тұрып жатқан жерінен колониялаушылардың территорияларына өту құқығынан айырған еді. Бұдан бөлек, қаранәсілділер бір округтен екінші округке өту үшін арнайы рұқсат қағазын алып жүру керек болды.

1947 жылы апартеид ОАР-да ресми саясат болып жарияланды. Бірқатар қарсылық акцияларынан кейін 1960 жылы үкімет Африка ұлттық конгресіне (байырғы африка халқының құқықтарын қорғау мақсатында 1912 жылы құрылған) тиым салды. 70 жылдарға дейін ОАР үкіметі «бөлек даму» саясатын жүргізді. ОАР жерінде ұйымдастырылған тайпалық белгілері бойынша нәсілді халықтың біраз бөлігін қамтыған тәуелсіз және өзін-өзі басқаратын бантустан (bantustans – ұлттық ел) территориялары құрылды. 75 %-ы қара нәсілді адамдардан тұратын мемлекет халқы сайлау құқығынан айырылды. 1973 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы апартеид қылмысына жол бермеу туралы конвенцияны қабылдады.  Конвенцияға сәйкес, апартеид актісіне: 1) нәсілдік топтар мен белгілі топтарды өмір сүру және бостандық құқықтарынан кісі өлтіру және жарақаттау арқылы айыру, олардың бостандығы мен ар-намысына қол сұғу; 2) нәсілдік топтар мен белгілі топтарға олардың өміріне қауіп төндіретін өмір сүру ортасын әдейі жасау; 3) нәсілдік топтар мен белгілі топтардың мемлекеттің саяси, әлеуметтік, экономикалық, мәдени өміріне қатысуына адамдардың негізгі құқықтарынан айыру арқылы кедергі келтіретін барлық әрекеттер, соның ішінде заңды іс-әрекет; 4) нәсілдік топтар мүшелеріне гетто және оңашаланған резервация құру арқылы халықты нәсілдік бөлектеуге арналған кез келген іс-шара; 5) нәсілдік топтар мүшелерін пайдалану, нақтырақ айтқанда, олардың еріксіз еңбек етуі; 6) апартеидке қарсы шыққан ұйымның немесе тұлғаның ізіне түсу, оларды негізгі құқықтарынан айыру жатады. 1990 жылы ОАР президенті де Клерк апартеидті тоқтату жөнінде жариялап, Африка ұлттық конгресінің көшбасшысы Нельсон Манделаны түрмеден босатып, қара нәсілді халықтың ұйымын заңдастырды. Қазіргі заманғы халықаралық құқық көзқарасы тұрғысынан апартеид адамзатқа қарсы бағытталған қылмыс болып есептеледі. 


Дәурен Омаров

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға