АОК бас директоры Хусейн Әл Мусаллам Астанадағы спорт нысандарымен танысты
Азия Олимпиадалық кеңесінің (АОК) бас директоры және World Aquatics ұйымының басшысы Хусейн Әл Мусаллам Қазақстан астанасына жасаған ресми сапары аясында спорт нысандарын аралады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
ҰОК мәліметінше, бағдарлама ұлттық құрамаларды дайындау мен бұқаралық спортты дамытуда маңызды рөл атқаратын спорттық нысандармен таныстыруды қамтыды. Атап айтқанда, делегация құрамында Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің бас хатшысы Әлімжан Ақаев пен Қазақстан су спорты түрлері федерациясының вице-президенті Дмитрий Баландин болды. Олар “Барыс Аренадағы” және Назарбаев Университетінің атлетикалық орталығындағы олимпиадалық стандартқа сай бассейндерде болды.
Сонымен қатар Хусейн Әл Мусаллам Ұлттық спорт университетінің құрылыс барысымен танысты.
АОК бас директоры инфрақұрылымның деңгейіне жоғары баға беріп, оның маңыздылығын атап өтті. Ол бұл нысандардың Қазақстан құрамасын қалыптастыру үшін ғана емес, сонымен қатар ұлт денсаулығын нығайту мен салауатты өмір салтын насихаттауда да маңызды рөл атқаратынын айтты.
Сонымен қатар ол осындай нысандардың құрылысы мен ашылуы білікті мамандарды дайындауда шешуші рөл атқаратынын атап өтіп, мұндай бастамалар олимпиадалық спорт түрлерінің дамуына және қазақстандық спортшылардың жаңа жетістіктерге жетуіне ықпал ететініне сенім білдірді.