Антикор елордалық стадионды апатты деп тану үшін пара алу фактісін тергеуде
Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадион апаттық жағдайда деп танылғаны туралы ақпарат шыққан болатын
Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мәлім етті, деп хабарлайды El.kz
«Антикоррупциялық қызметі Қ.Мұңайтпасов атындағы Орталық стадионды объектіні апаттық жағдайда деп тануға жәрдем көрсеткені үшін Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Төтенше жағдайлар департаменті басқарма басшысына қатысты компания директорынан 5 миллион теңге сомасында пара алу фактісі бойынша тергеп-тексеру амалдарын бастады. Тергеу жалғасуда», - делінген хабарламада.
Күдіктілерге қатысты олардың кінәсінің дәрежесін анықтай отырып, қорытынды шешімді сот қабылдайды. Өзге ақпарат тергеу мүддесінде жария етуге жатпайды.
Айта кетейік, Нұр-Сұлтандағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадион апаттық жағдайда деп танылғаны туралы ақпарат шыққан болатын.
