Жаңалықтар

Антикор спорттық атақтарды негізсіз беру бойынша қылмыстық іс қозғады

Антикор спорттық атақтарды негізсіз беру бойынша қылмыстық іс қозғады
Фото: El.kz / Артем Чурсинов 04.06.2024 11:24 428

Әлеуметтік желілерді мониторингілеу барысында қазақстандық аралас жекпе-жек спортшысы А. Әшімовтің жалған спортшыларға «ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы» және «ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері» спорттық атақтарын негізсіз беру туралы бейне ақпараты зерделенді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет аталған жарияланымға уақытылы ден қойып, сотқа дейінгі тергеуді тіркеді.

Агенттіктің ұсынысы бойынша жалған спортшылар спорттық атақтарынан айырылды.

Жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау қорытындысы бойынша Агенттік Туризм және спорт министрлігінің атына жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша ұсыныстар енгізді.

Спортты теріс пайдаланғаны үшін жауапкершілік туралы халықаралық стандарттарды ратификациялау, жоғары жетістіктер спортын қаржыландыруды орталықтандыру, қаржыландыру нәтижелерін бағалауға мүмкіндік беретін спорт, инфрақұрылым, спорттық іс-шаралар мен жетістіктер саласында айналысатын адамдар бойынша толық деректерді қамтитын Е-sport Ұлттық цифрлық платформасын енгізу ұсынылды.

Бұл спортшылар, инфрақұрылым, жарыстар мен жетістіктер туралы бірыңғай деректер қоймасын құруды көздейді және спорт саласындағы жемқорлық тәуекелдерін болдырмауға мүмкіндік береді.

Тергеу жалғасуда.

Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға