Антикор басшысы Ирактың Қазақстандағы уақытша сенімді өкілімен кездесті
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің төрағасы Асхат Жұмағали Ирак Республикасының Қазақстандағы уақытша сенімді өкілі Джабер әл-Темимимен екіжақты кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Кездесу барысында жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы өзара ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Асхат Жұмағали Қазақстанда жүргізіліп жатқан жемқорлыққа қарсы реформаларға шолу жасап, Ирак тарапын Агенттік қызметінің негізгі бағыттарымен, оның ішінде 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын іске асырумен таныстырды.
Ирак тарапы жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың қазақстандық тәжірибесін зерделеуге және бейімдеуге, сондай-ақ ведомствоаралық және мемлекетаралық деңгейлерде екі елдің елшіліктері арқылы бірлескен жобаларды дамытуға және өзара іс-қимылды нығайтуға қызығушылық білдірді.
Агенттік мәліметінше, тараптар әріптестікті нығайтудың, тәжірибе алмасудың және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралардың ашықтығы мен тиімділігін арттыру жөніндегі бастамалармен бірлесіп жұмыс істеудің маңыздылығын атап өтті.