Жаңалықтар

Антибиотиктер жайлы 20 шындық

Білікті клинфармаколог Жанар Сыздықовадан кеңес
Антибиотиктер жайлы 20 шындық
14.03.2019 17:35 23184

Іргесі берік, бәсекеге қабілетті мемлекет болудың алғышарты – денсаулығы мықты адам капиталы. Ол үшін арнайы бағдарламалар жасалып, отандық медицинаның әл-аухатын көтеру жолында көптеген игі шаруалар атқарылып жатыр. Онда ел тұрғындарының медициналық білімін  де жетілдіру керектігі айтылады. Осыған орай, El.kz сайты антибиотиктер туралы жиі қойылатын 20 сауалға білікті дәрігер-клинфармаколог Жанар Сыздықовадан жауап алды. 

1. Алкоголь антибиотиктердің тиімділігін төмендететіні рас па?

Иә. Себебі, Антибиотик және алкоголь бір-бірімен үйлеспейтін екі нәрсе.  Алкоголь антибиотиктердің жанама әсерін күшейтеді. Ұйқының қанбауы, бас айналу, жүректің айнуы, асқазан бұзылысы секілді жайсыздықтарға тап боласыз.

Одан бөлек:

–  бас  ауруының күшеюі;
– асқазанның түйілуі, лоқсу;
– тершеңдік;
– жүрек соғысының жиілеуі;
– қан қысымының лезде көтерілуі;
– бауырдың бұзылысы;
– теріде аллергиялық белгілер;
– ең ауыры – өлімге әкеледі.

Бұл уақытта организм инфекцияның әсерінен әлсіреп тұрғандықтан, алкоголь денсаулыққа зиян келтірмейді дегеннің өзінде тезірек айығуға кедергі болады.

Спирттік сусындарды тек антибиотиктерді қабылдап жүрген уақытта ғана емес, одан кейінгі үш-төрт күн бойы қабылдамаған дұрыс!

2. «Антибиотиктерді  алма шырынымен,  сүтпен ішуге болмайды», – дейді, расымен солай ма?

Расында апельсин, грейпфрут, алма, ананас және тағы басқа шырындармен, сонымен қатар сүтті тағамдармен ішуге тиым салынады. Неге? Себебі, бұл айтылғандар (ілгерідегілер) антибиотиктердің сіңу процесін өзгертіп, емделу тиімділігіне зиянын тигізеді.

Сол сияқты бұл сұйықтықтарды таблетка қабылдаған соң, үш сағаттан кейн ішуге болады.

Ең дұрысы – бөлме температурасындағы су. 200 мл мөлшерде су ішуге тырысыңыз. Бұл  лоқсудың алдын алып,  асқазанмен  байланысты кері  эффектілердің туындауынан сақтайды.

3. Антибиотиктерді тамақтану барысында қабылдаса бола ма?

Бұл жерде сізге тағайындалған антибиотиктің түріне байланысты. Кейбіреулерін міндетті түрде бос асқазанға ішу керек, сонда ғана оның әсері жақсы болады. Ал кейбірін тамақтанып болған соң, қабылдайсыз. Бұл үшін дәрігеріңізбен ақылдасып немесе препараттың нұсқаулығына көз жүгірткен абзал.

4. Антибиотикпен үйлестіруге келмейтін қандай тағам түрлері бар?

Қатаң тиым салынған тағам түрлері жоқ, сондықтан рационыңызды өзгертудің қажеттілігі шамалы.

Уақытша ұсыныстар ғана болуы мүмкін. Жоғарыда антибиотикті сүтпен бірге ішуге болмайтыны туралы сөз қозғалды. Сол секілді май, йогурт, сыр мен тағамдық қоспаларды таблеткаға дейін бір-бір жарым сағат, қабылдағаннан кейін үш сағат пайдаланбаған жөн.

5. Ал дәрі ше?

Спиртке негізделген кез келген препараттармен қатар ішуге тиым салынады.  Айтпақшы, бір қарағанда спиртпен тамақты шайып, не сүрту пайдалы болып көрінгенімен, одан да зиян шегуіңіз мүмкін.

Ал басқа да кері әсері бар препараттардың тізімі антибиотиктің нұсқаулығында тұрады. Оны міндетті түрде оқып шыққан жөн. Себебі, олар бір-біріне жанама әсер етіп, ағзаға пайдасын азайтады. 

6. Кері әсерін төмендету үшін антибиотиктерді белгіленген мөлшерден аз қабылдаса бола ма?

Жоқ. Сіз өз организміңізге зиян келтіріп қана қоймай, бактерияларға да жағдай жасап бересіз. Оның нәтижесі көңіліңізден шықпайтыны анық. Шалажансар микробтар мутацияланып, антибиотиктерге үйреніп алады. Бұл – қабылдап жатқан препараттан  ешқандай пайда күтпе деген сөз. Сіз дерттен айықпағандықтан, дәрігеріңіз жаңа препаттарды тағайындауға мәжбүр болады. 

Есте сақтаңыз: антибиотиктің дозасын әуел бастан сіздің организміңізге зияны аз тиетіндей, ал бактерияларды тиімді құртуға лайықтап тағайындайды.

7. Жұту оңай болу үшін таблеткаларды бөлшектеуге бола ма?

Жоқ, бұл антибиотиктің жұмысына кедергі келтіруі мүмкін.

8. Антибиотиктерді бір тәулікте қалай дұрыс қабылдауға болады? 

Антибиотиктің тиімділігі бір күнде қалай қабылдағаныңызға да байланысты. Егер «тәулігіне екі рет ішу керек» десе, әр 12 сағат сайын қабылдап отырыңыз. Ал үш рет деп көрсетілсе, қабылдау уақытының арасы сегіз сағаттан болады.

9. Антибиотиктер гормондық контрацептивтердің тиімділігін төмендететіні рас па?

Рас. Міндетті түрде дәрігеріңізге қалай қорғанатыныңызды жеткізіңіз. Ол сізге жүкті болып қалмау үшін кеңес береді.

10. Неге антибиотиктер ішектерде проблема тудырады?

Антибиотиктердің басты тапсырмасы – ауру тудыратын бактерияларды өлтіру. Соның нәтижесінде микроағзадағы теңгерім бұзылып, диарея, іштің кебуі, метеоризм секілді жағымсыздықтарға ұшыратады. Бір апта қабылданған антибиотик ішектегі микрофлораның құрамын бір жылға дейін өзгертіп жібереді.

11. Ішекті тезірек қалыпқа келтіру үшін не істеу керек?

Тірі микроағзасы бар биоқоспаларды қабылдауға (пробиотиктер) болады. Бұл антибиотиктерден әлсіреп қалған ішекке орналасып, микрофлораны қайтарып, бұрынғы қалпына келтіріп, бұзылыстардың қаупін төмендетеді.

Зерттеулер дәлелдегендей, ең жақсы нәтижені сүт қышқылды бактериялары бар пробиотиктер мен Saccharomyces boulardii ашытқыш саңырауқұлақтары береді.

Мұндай биоқоспаларды антибиотиктерді қабылдап жүріп те, толық крусын қабылдап болған соң да пайдалануға рұқсат. Тек олардың арасында үш сағаттық үзіліс болу керек.  Әйтпесе, қоспаның пайдасы ұзаққа сақталмайды.

12. Ішектегі микрофлораларды қалыпқа келтіру үшін йогурт пен айран ішсе бола ма?

Пробиотиктер азық-түліктерде де кездеседі.  Ішектің жағдайын жақсарту үшін антибиотик терапиясы кезінде немесе аяқтаған соң ферменттелген тағамдарды рационыңызға енгізіңіз: ашытылған қырыққабат; уксус қолданылмаған тұздалған тағамдар; мисо жапон сорпасы; ферменттелген тұзды сүт өнімі; сүт қышқылы (йогрут пен айран).

13. Антибиотиктің бір курсын қабылдасам да, жазылатын түрім жоқ. Не істеу керек?

Инфекция қайта келгені – жақсы белгі емес. Мүмкін бактерияларыңыз сіз ішкен препаратқа бейімделіп алған болар. Десе де, бұл да нақты жауап болмайды. Әлсіз иммунитетіңізбен жаңа бактериялық ауруды қағып әкеткен шығарсыз. Қандай жағдай болмасын, емдеп жатқан дәрігеріңізбен кеңесіңіз. Ол сізге басқа антибиотиктер жазып беруі керек.

Екі курстың ортасында уақыт жоғалтып немесе төзе тұрамын деп ойламаңыз. Сізге бастысы – дертті жылдамырақ жеңу.

14. Антибиотиктерді жиі-жиі іше берсе, әсері болмай қалуы мүмкін бе?

Мүмкін, тіптен тиімділігі жоғалу да ғажап емес. Микробтардың антибиотиктерге төзімділігі адам денсаулығына ең үлкен қауіп әкеледі. Микроағзалар мутацияланып, дәрілерге бейімделіп алады. Оның нәтижесінде әлі заманауи ғылым жеңе алмай келе жатқан  жаңа супербактерия дүниеге келеді. Бұл – өте қауіпті! Мәселен, антибиотиктерге төзімділігі кесірінен туберкулезден жылына 250 мың адам ажал құшады.

Өкінішке қарай, сол супербактериялардың өмірге келуіне өзіміз кінәліміз. Антибиотиктерді дұрыс пайдаланбаймыз немесе соңына дейін жеткізбейміз, дәрігерге жүгінбей өздігімізден препараттарды жөн-жосықсыз қабылдай береміз.

Антибиотиктердің жұмысын жақсартқыңыз келсе, оларды қабылдаудағы басты тәсілдерден ауытқымаңыз.

15. Ағзаға зиян келтірмес үшін, антибиотиктерді жылына қанша рет қабылдаған дұрыс?

Антибиотиктер дәрумен емес. Оны тек дәрігердің тағайындауымен ішу керек. Егер сізде бактериялы инфекция болса, терапевт сізге өткен жылы қанша рет қабылдағаныңызға қарамай, антибиотик жазып береді.

16. Балаларға антибиотик қабылдауға бола ма?

Әлбетте. Егер балада бактериялы инфекция болса, дәрігердің белгілеуімен антибиотиктер ішуге болады.

17. Антиобиотиктер қан анализіне әсер ете ме?

Иә. Кейбір антибактериялы препараттардан:

– Лейкоциттердің деңгейі төмендейді. Нақты айтқанда дәл мұндай реакцияны көпшілігімізге таныс антибиотик левомицетин (хлорамфеникол) береді;

– Гистамин деңгейі өседі. Бұлай гликопептидті антибиотик жұмыс жасайды;

– Бауыр сынамасының нәтижесі бұрмаланады. Бұл эффект пенициллин және стрептомициннен келеді.

– Сонымен қатар, антибиотиктер гемоглобин мен тромбоциттер деңгейін түсіріп, қанның ұю уақытын созып, антиглобулин тестінің нәтиежесін бұрмалайды.

Мұндай кері көрсеткіштердің болатынын медицина мамандары жақсы біледі. Сол себепті,  сізді қан анализіне антибиотикті тағайындаған дәрігер жіберсе, препараттың әсерін есепке алып, дұрыс нәтиже шығаратынына күмәніңіз болмасын.

Ал егер басқа дәрігер жолдаса, оған міндетті түрде антибиотик қабылдағаныңызды ескертіп қойыңыз.

18. Антибиотиктер қан анализіне әсер етуін қашан тоқтатады?

Антибиотиктердің қаншалықты көмегі болғанын білу үшін, қан тапсыру уақытын, емдеу курсын  қабылдаған соң 14 күн өткенде ғана белгілеңіз.

19. Антибиотик қабылдап жүріп күнге күюге (загар алуға) бола ма?

Кеңес берілмейді. Кейбір антибиотиктер терінің фотосезімталдығын арттырады. Бұл дегеніңіз, күнге күю (загар) кезінде теріңіз пигментенуге ұшырауы мүмкін.

Егер күннің сәулесіне шомылуға ынтығып тұрсаңыз, өз дәрігеріңізбен ақылдасқаныңыз жақсы.

20. Спортпен шұғылдануға ше?

Дұрысы – шұғылданбау!  Антиобиотиктердің кері  әсері шаш етектен – диареядан бастап, жүрек аритмиясына дейін баруы ықтимал. Онымен қоса, сіңірлердің жағдайы күрт нашарлап кетеді. Тиісінше, ол түрлі жарақаттарға шалдықтырады.  Сол себепті антибиотиктерді қабылдап жүрген уақытта, мүмкіндігіңізге қарай, спорттық жаттығуларды қоя тұрыңыз. Егер фитнес залына баруды жалғастырсаңыз, жүктемені азайтып, жаттығу уақытын да біршама қысқартыңыз.

Ауруды жеңу – өз қолыңызда...

(Сурет ашық ғаламтор көзінен алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға