Жаңалықтар

«Аңсаған сәби» бағдарламасы арқылы әрбір үшінші әйел ұрпақ сүюде – Салтанат Байқошқарова

Репродуктолог Салтанат Байқошқаровамен сұхбат
«Аңсаған сәби» бағдарламасы арқылы әрбір үшінші әйел ұрпақ сүюде – Салтанат Байқошқарова
Фото: el.kz 19.10.2022 15:56 3804

Бүгінде елімізде бедеулік пен белсіздіктен зардап шегіп жүргендер саны көп. Десе де қазіргі дамыған заманауи ғасырда оны шешудің түрлі жолдары бар. Оның бірі – экстракорпоральды ұрықтандыру тәсілі. Бұл әдіс аясында бала сүюге мүмкіндік беретін «Аңсаған сәби» атты бағдарлама жұмыс жасауда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылдан бастап квота санын жеті есеге дейін көбейтті.

Мемлекет тарапынан квота берілгенімен бала сүю үшін емделушілер қаржыны өз қалтасынан төлеуі керек пе? Бір квотаның құны шамамен неше теңгені құрайды? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын білу үшін Қазақстандағы құтыдан шыққан бала авторы, репродуктолог Салтанат Байқошқаровамен сұхбаттасқан едік.

- Салтанат ханым, бүгінде бедеулікке әкеліп соқтыратын негізгі факторлар қандай?

- Бедеулікке алып келетін факторлардың ең үлкені – қабыну процесстері, жатыр түтікшелерінің бітелуі немесе табиғи қызметінен кетіп, істен шығуы, түсік жасатқаннан кейінгі кез бен экологиялық жағдай, сондай-ақ ерте жыныстық қатынаста болу да оған әсерін тигізеді. Сондықтан бастысы денсаулыққа күтіммен қарау керек.

- Экстракорпоральды ұрықтандыру қызметіне кімдер жүгіне алады?

- Бүгінде еліміздегі квотаның саны артқанымен, мәселенің барлығы бірден шешіле қоймайды. Себебі бұл орынды иелену үшін кез келген емделуші квотаға іліге бермейді. Яғни оның денсаулығының жағдайы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің қойған талабына сай болуы тиіс. Кейбір емделушілер көп уақытын өткізіп алуының кесірінен ұрығы болмай, денсаулығы нашарлаған жағдайда, сондай-ақ «Суррогат ана» сияқты аналық ұрық қолданылатын бағдарламаларға квота берілмейді.

Квотаға қаржыны әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры бөлетін болғандықтан, олар бізден нәтижесін күтеді. Дегенмен берілген квотаның барлығымен бала дүниеге келе бермейді. Бірақ Қазақстанда маңдайалды бірнеше емхана бар. Квотаны алған әрбір үшінші әйел ұрпақ сүйіп жатыр. Мұны өте керемет жетістік десе де болады.

- ЭКҰ нәтижесіне жету үшін қанша уақыт қажет?

- Экстракорпоральды ұрықтандыру процессі ұзақ уақыт алады. Себебі барлық емделушіде бәрі мінсіз емес. Біреуінде жатыр миомасы, аналық без кистасы болса, енді біреуінде полип сынды аурулар, яғни денсаулығында ақаулық болуы мүмкін. Оны емделіп, ретке келтіру үшін біраз уақыт кетеді.

Бұрындары шамамен 20 жыл бұрын ЭКҰ жұмыстары 1 айда бітсе, қазір ол 1-2 жылдай уақытты алуы мүмкін. Мәселен, бір емделушіні алатын болсақ, қаңтар айында стимуляция (денеден тыс ұрықтандыру жұмысы) жасап, ұрығын алса, кейіннен оған ота жасалауы мүмкін. Кейіннен оған ұрық тамыз-қыркүйек айларында салынса, әйел бала көтере алса, оны 9 айдан кейін барып дүниеге әкеледі.

- ЭКҰ тәсілі қаншалықты тиімді?

- Европада бір баланы дүниеге алып келу үшін орташа шамамен алып қарағанда 3-4 рет ЭКҰ көмегіне жүгінеді. Ал біздің елде әрбір 2-3 ЭКҰ сәтті аяқталады. Мұның себебінің бірі бірталай адамдар мемлекет бөлген қаржы жетіспей жатқан кезде донорлық ұрық сияқты қажеттіліктерін өздері өтеп алып жатады.

Бір жылда берілген квотаның нәтижесін білу үшін кем дегенде 2-3 жыл керек. Мысалы, былтыр бір әйелге бір ұрық салынды делік. Ол аяғы ауыр болып, бірінші не екінші реттен бала көтеретін болса, онда бірнеше салынбағын эмбриондар (ұрық) қалуы мүмкін. Ал сол қалған эмбриондар қатырылып, кейіннен салынатын болады.

- Бүгінге дейінгі ЭКҰ қызметіне қанша квота берілген?

- Бұрындары ЭКҰ қызметтері ақылы болатын еді. Ал 2010 жылдан бастап алғашқы 100 квота берілді. Кейіннен оның саны ақырындап өсіп, 2020 жылға дейін 1000 квота болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 2021 мен 2022 жылы 7 есеге көбейіп, 7000 квотаға дейін өсті.

- Ал қазір мемлекет әр квотаға қанша қаржы бөліп отыр?

- Мемлекет әр квотаға 1 000 000 теңге көлемінде қаржы бөледі. Оның шамамен 600 000 теңгесі дәріге кетсе, 200 000 теңгесі шығын материалдарына кетеді. Ал қалған 20-25%-ы емханаға қалады. Бұл үлкен топтық жұмыс. Кейде әйел адамның бала көтеруі үшін бірнеше ай кетеді.

- Қандай тәсілдерге қаржы бөлінбейді?

- Қазір мемлекеттің бөлетін ақшасы ЭКҰ бағдарламаларына толығымен жетпейді. «ЭКО», «ЭКО плюс ИКСИ» сияқты әдістерді қолдануға жетсе, криоконсервация (ұрықты мұздату мүмкіндігі) тәрізді өзге тәсілдерді қолдануға жеткіліксіз.

- Яғни мемлекет емделушілерге экстракорпоральды ұрықтандыруға квота бергенімен, олар кейбір емдік шараларға өз қаражатынан төлеуі керек болады. Бұл жөнінде толығырақ айта кетіңізші.

- Мен үнемі емделушілерге алдын ала ескертіп айтып отырамын. Мемлекет тарапынан квота сізге ЭКҰ бағдарламасына ғана беріледі деп түсіндіремін. Ал әрі қарай қалған емдеу тәсілдеріне «ЭКО плюс ИКСИ» болса, 100 000 теңгедей, криоконсервация жасалатын болса, 200-300 000 теңгедей төлем жасау керек болады.

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен экстракорпоральды ұрықтандыруға берілетін квота 7000-ға дейін артқан еді. Қазіргі таңда бұл орындар жеткілікті ме?

- Кейде ЭКҰ-ның талаптарына сай келетін емделушілер жетпей жататын кездер де болады. Қазір бедеу әйелдер көп, бірақ талаптарға сай емделушілер саны аз. Егер квота санын одан сайын көбейтсе, емделушілер тіптен табылмай қалады.

Мемлекет тарапынан квота берілгенімен барлық мәселе шешіліп, бірден бақытты болып кетпейді. Квота алғандардың өздерінің 20-30%-ы ажырасып жатыр. «Квотасы да, басқасы да керек емес. Одан да ажырасып, басқа әйел алып, табиғи жолмен бала сүйемін» дейтіндері бар. ЭКҰ бедеулік мәселесін 100% шешпейді.

- Әйелдер қалай бедеуліктің алдын ала алады?

- Ол үшін суықтан сақтанып жүру қажет. Түсік жасатудан аулақ болу керек. Ұзақ уақыт жүріп алмай, уақытында отбасы құрып, ұрпақ сүйген жөн. Өйткені адамның өмірі 1000 жылдық емес, 100 жылдық. Сондықтан әйелге бала көтеруге ең қолайлы кезі 18-25 жас аралығындағы уақыт. Жалпы 30 жасқа дейін 2 балалы болуы тиіс. Өйткен әйел адамда жас ұлғайған сайын бала көтеру мүмкіндігі төмендейді, еркектердің де қабілеті төмендей түседі. Қазір заман өзгерген. Бәсекелестік, дүниеге қызығушылық артқан. Болашақты ойламай, тек материалдық құндылықтардың артынан жүріп қалу да бедеулікке алып келеді.

- Жалпы адамзаттың санасы өте биік. Ойланатын миы, сөйлейтін тілі бар. Кейде адам онымен білгішсініп кеткенде өзіне кері әсерін тигізеді. Өйткені жас ұлғайған кезде ұрпақ сүю мүмкіндігі болмайды. Тіптен біреудің ұрығына тәуелді болып қалады. Қазіргі таңда көптеген әйелдер ұзақ жүріп, уақыт өткізіп алғандықтан өзгенің ұрығы арқылы бала көтереді. Сондықтан мүмкін болса, ертерек отбасы құрып, денсаулыққа күтіммен қарау керек.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға