Жаңалықтар

«Анимация: бүгіні және болашағы» уоркшобы аяқталды

«Анимация: бүгіні және болашағы» уоркшобы аяқталды
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі 28.09.2023 16:43 802

Астанада ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, Қазақстандық қоғамдық даму институтының MediaLab орталығы ұйымдастырған KIPD Animation уоркшобының жабылу рәсімі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Екі күнге жалғасқан шарада отандық және шетелдік анимация саласының үздік мамандары шеберлік сағатын өткізді. Атап айтқанда, отандық ARA студиясының негізін қалаушылар, Shyraq анимация мультфильмінің авторлары Мейіржан Сандыбай мен Бақытжан Шабдукаримов, «Үш мысық» анимация хикаясымен танымал Metra Films компаниясының өндірісіне жауапты Алексей Гришин, «Сөйлейтін Том», «Астерикс пен Обеликс» жобаларының көркемдік жетекшісі Крис Паламара, Nickelodeon, Cartoon Network, Disney секілді ірі анимация компанияларының storyboard-суретшісі Шонт Нигогосян және Lumiries Group компаниясының негізін қалаушылардың бірі Мария Косарева тәжірибесімен бөлісті.

Алдымен, Алексей Гришин «Анимация жасау процесі: кезеңдері, технологиясы және кәсібі» тақырыбында уоркшоп өткізіп, продюсерлер меңгеру керек машықтарға тоқталды.

Анимация саласындағы продюсердің үш түрі болады: тікелей өндіріспен айналысатындар, жаңа жобаға серіктестер тартып, инвестиция мәселесін шешетіндер және креативке жауапты мамандар. Олар адамдармен жақсы қарым-қатынас орната білу, команда жұмысын ұйымдастыру және қаржыны басқару деген үш негізі машықты меңгеру керек, - деді спикер.

Оның айтуынша, жасанды интеллекті анимация мамандарының жұмысын жеңілдеткенімен, олардың орнын баса алмайды. Өйткені бәрібір ЖИ көмегімен жасалған жұмыстар одан әрі жетілдіруді қажет етеді.

Ал Крис Паламара анимация жасаудың алғашқы қадамдары мен кейіпкерлердің  дизайны туралы әңгімеледі. Оның айтуынша, анимация контентін жасау процесі осы салаға тән заңдылықтарды ескеру, сюжет құру, артборд жасау және  кейіпкерлермен жұмыс деген негізгі кезеңдерден тұрады. Уоркшоп барысында шетелдік сарапшы қатысушылармен бірге анимация кейіпкерлерін бейнелеп, жас мамандардың жұмыстарына талдау жасады.

Айта кетейік, уоркшоп тақырыптары мультипликация жасау кезінде заманауи тәсілдер мен технологияларды қолдану, аудиторияның сұранысына сай жобаның құндылығын арттыру, индустрия саласына шетелдік сарапшыларды тарту, белгілі анимация студияларымен байланыс орнатып, серіктестік құру сынды маңызды тақырыптарды қамтыды.

Іс-шараның екінші күні Шонт Нигогосянның шеберлік сағатымен жалғасты.

Егер storyboard-суретші көріністі қалай суреттеу керек екенін білмесе, демек ол сюжеттегі бір тұсты назарынан тыс қалдырған. Өйткені көрерменнің жасына байланысты сюжет пен көрініс әрқилы бейнеленеді.  Кейіпкерлердің түсін, пішінін өзгертіп, көңіл күйін көрсететін бөлшектерді түрліше құбылтуға болады, - деді сарапшы.

Анимация жасау процесінде көріністің тартымды, мазмұнның креативті болуынан да басқа маңызды қадам бар, ол – pitching, яғни дайын өнімді демеушілерге немесе серіктестерге ұсыну. Бұл мәселеге жиын барысында Мария Косарева тоқталды.

Контент жасағанда өзіңізді және ойыңызды қалай ұсынатыныңыз маңызды. Elevator pitch деген маңызды түсінік бар. Кез келген жерде сіз өніміңізге мүдделі адамды кездестіріп қалуыңыз мүмкін. Сондықтан идеяңыздың сипаттамасын, негізгі кейіпкерлері мен олардың арасындағы шиеленісті қамтитын Logline деп аталатын қысқаша мәтінді ойластырып алу керек. Мұндайда оқиғаның қалай аяқталатыны туралы айтудың қажеті жоқ, бастысы, идеяңыздың тартымды болғаны жөн, - деді спикер.

Сондай-ақ қонақтар мен қатысушылар Pizza Pitch арнайы сессиясына қатысып, сұрақ-жауап форматында пікір алмасты. Жиын соңында оларға арнайы сертификат табысталды.

Еске салайық, шараның мақсаты - анимация индустриясы саласында жұмыс істейтін отандық мамандар мен студенттердің кәсіби білігін арттырып, шетелдік мамандармен тәжірибе алмасуына жағдай жасау.

Уоркшоп ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің отандық креатив индустрияны дамыту бағытындағы жұмыстары аясында өтті.  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға