Жаңалықтар

Англияға құлпынай теруге барамыз деген азаматтарды алаяқтар алдап кеткен

Англияға құлпынай теруге барамыз деген азаматтарды алаяқтар алдап кеткен
Фото: Видеодан кадр 01.02.2024 13:32 1649

Тұрғындардың әрқайсысы шетелге апарамыз деп сендірген компания өкілдеріне 750 мың теңгеден бастап 1 миллион теңгеге дейін берген, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Әлеуметтік желі мен таныстарынан естіген жарнамаға алданып, Англияға барып жалақысы жоғары жұмысқа тұруды көздегендер бірден келісімшартқа отырып, компанияның айтқан қаражатын санап беріпті. Аз уақыттың ішінде шекара асып, ай сайын миллионнан жоғары табыс табасыңдар деген сөз жалған болып шықты дейді жұрт. Алданғандардың бірі қарыз төлесе, екіншілері несиесін жауып қиналып жүр екен. 

SVictory-ге әрқайсымыз миллионнан бердік. 20 күн, көп дегенде 1 айда кетесіңдер деді. Біз құлпынай теруге баратын болып келістік. 300-400 адам, бізден кейін тағы 200-ден астам адам болды. Басқа жерден кеңсе ашқан. Тағы да адам жинап жатыр , – дейді Алматы қаласының тұрғыны Қайрат Мұсаев. 

Қаражат бергендеріне бір жылға жуықтаған тұрғындар енді полицияға арыз жазып, кінәлілерді жауапқа тартпақ. 

Сол компанияның басшысына арыз түсірдік. Компания ешқандай әрекет жасамағанын, себебі олардың мұндай жұмысқа тұрғызатын мүмкіндігі жоқ екенін біз қазір анықтап отырмыз, – дейді адвокат Тілеужан Кішкенебаев. 

Ал Алматы қалалық полиция департаменті бұл іске байланысты тергеу басталғанын хабарлады. 

Жәбірленушілердің арызы биыл 22 қаңтарда Алмалы аудандық полиция басқармасына түсті. Қазір қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-тармағы (Алаяқтық) бойынша қылмыстық іс қозғалып, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр, – деп атап өтті полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілдері. 

Жауапты мамандар мұндай іске барар алдында компания туралы барлық мағлұматты тексеріп алуға кеңес береді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға