Жаңалықтар

Андрей Лукин төтенше жағдайлардың алдын алу шараларын ұсынды

Андрей Лукин төтенше жағдайлардың алдын алу шараларын ұсынды
Фото: Сенаттың баспасөз қызметі 02.05.2024 13:02 589

Сенатор Андрей Лукин жергілікті әкімдіктер тасқын суға дұрыс дайындық жасамағанын айтты, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі.

Оның сөзінше, су тасқыны, жаңбыр мен еріген қар суынан инженерлік қорғау шараларын өткізуде салғырттыққа жол берілді. Сондықтан тасқын суды болдырмауға немесе қаупін азайтуға мүмкіндік болмады.

Су тасуына негізгі факторлар да ықпал етті. Оған қардың уақтылы шығарылмауы, айналма арналар мен бөгеттердің жеткілікті салынбауы, гидротехникалық құрылыстар жағдайының әлсіздігі, олардың гидрология мен судан қорғауды есептемей салынуы, су өткізу құрылыстарының тазаланбауы, жаңбыр кәрізі мен арық желісінің болмауы және т.б. жатады. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою, өрт және өнеркәсіп қауіпсіздігін қамтамасыз ету, азаматтық қорғаныс шараларын ұйымдастыру мен жүргізу, дағдарыс жағдайларын басқару сияқты қызметтің негізгі бағыттары бойынша төтенше жағдай қызметінде ақпараттық-коммуникациялық технологияны тиімді пайдалану қажет болып отыр, - деді депутат.

Андрей Лукин Үкіметке Төтенше жағдайлар министрлігінің байланыс жүйесін дамыту мен жұмыс істеудің бірыңғай техникалық саясатының негізгі бағыттарын әзірлеуді ұсынды. Сенатор оған қоса қазіргі заманғы ақпараттық инфрақұрылымды қалыптастырудың маңызын және соның негізінде төтенше жағдай туындаған кезде алдын алу, болжау, күштер мен құралдарды басқару жөніндегі жұмыстарды жүргізу қажеттігін атап өтті.

Қазіргі уақытта Төтенше жағдайлар министрлігіндегі ақпараттық инфрақұрылымның жай-күйі өзекті мәселелерді шешу жөнінде түбегейлі шаралар қабылдауды талап етеді. Біріншіден, бұл министрлік қызметінде прогрессивті және қажетті технологияның болмауы. Екіншіден, байланыс құралдары, өтініштерді тіркеу құралдары, сондай-ақ күштер мен құралдарды басқару саласында бірыңғай саясаттың болмауы. Осыған қатысты мәселелерді шешу үшін байланыс жүйелерін, ақпараттық жүйелерді бірыңғайлау, сондай-ақ қаржыландыруды талап ететін біркелкі ақпараттық платформаны енгізу мүмкіндігін қарастыру ұсынылады, - деді сенатор.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға