Жаңалықтар

Андрей Кан: Мені көбісі қазақ деп ойлайды

Андрей Кан: Мені көбісі қазақ деп ойлайды
Фото: Коллаж El.kz 19.04.2024 15:44 5017

Бүгінгідей әлемдегі геосаяси ахуал асқынып тұрған кезеңде татулықтың, тыныштықтың қадірі қымбатқа түседі. Десе де ел болған соң арасынан арандатушылар да шығады. Әсіресе, ұлт арасына іріткі салушылар табылады. Оны әлеуметтік желілерден байқап та жүрміз.  El.kz ақпараттық агенттігінің  тілшісі ұлты кәріс болса да, қаза тілін жанына жақын еткен Андрей Канды әңгімеге тартқан болатын. 

Ол Өзбекстан Республикасының Ташкент қаласында  дүниеге келген. Ресей Федерациясының Воронеж қаласында профессор Н.Е. Жуковский және Ю.А. Гагарин атындағы әскери-әуе академиясының әскери-әуе күштерінің әскери оқу-ғылыми орталығында білім алған. Қазіргі кезде Астана қаласында орналасқан Ұлттық ұланының авиациялық базасы саналатын №3656 әскери бөлімінде аға лейтенант ретінде қызмет атқарады. 

Астана қаласының авиациялық базасында 15 өңірдің әскери қызметшілері мен 10-нан астам түрлі ұл өкілдері қазақтар, кәрістер, орыстар, украиндар, татарлар, ұйғырлар, немістер тату-тәтті бір үйдің адамдарындай еңбек етіп келеді. Олар бұл ортаға бейімделіп қана қоймай, әскери бөлімнің тұрмысымен, әуе кемелерімен және қару-жарағымен таныс.

Әскери ұшқыштар басқа да күш құрылымдарымен бірлесіп жыл сайын түрлі оқу-жаттығуларға қатысады, сондай-ақ әскери қызметшілер өңірлерде қандайда бір төтенше жағдайлар туындаған кезде азаматтарды эвакуациялауды қамтамасыз етеді.

Андрей Өзбекстанда дүниеге келгеннен кейін араға төрт жыл салып отбасымен бірге Украинаның Первомайск қаласына қоныс аударады. Алты жыл сонда тұрып, одан соң Астанаға көшіп келеді.

Сол кездерді еске алсам, оңай болмаған екен. Шынын айтқанда, ол уақытта мен әлі жас едім. Ал жас балаға ата-анамен бірге бір елден екінші елге көшу қиын. Бірақ мен Қазақстанға қоныс аударғаныма қатты қуанамын. Отанымның бізді біріктіргеніне өте қуаныштымын. Менің інім Астанада дүниеге келді. Үйленіп отбасын құрдым. Қазір сүйікті жұбайым мен кішкентай ханшайымым бар. Ол небәрі жеті айлық, – дейді ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету қызметінің аға технигі. .  

Ол 2022 жылы шаңырақ көтерген. Жұбаймен 2018 жылы курсант болып жүрген уақытта танысқан екен.

Андрей Кан: Мені көбісі қазақ деп ойлайды

сурет: кейпкердің жеке мұрағатынан

Менің әйелім Жаркент қаласының тумасымын.  Астанадағы әскери бөлімде тағылымнан өтіп жүрген уақытта таныстық. Қазір кішкентай қызымыз бар. Тәтті қылықтарымен бізді қуантып, өсіп келеді, – дейді Андрей.

Ол қазақ жерінде тұрғандықтан, қазақ тілін білу маңызды деп санайды. Ол қазақ тілін ана тіліндей көріп құрметтейді. Сондықтан елімізде тұратын басқа ұлт өкілдері дәл өзіндей мемлекеттік тілге құрмет жасаса,  одан артық болмаса, кем болмайтынын айтады.

Қазақ тілін жатсынбай, өз тіліңдей көру, қазақша сөйлеу әркімнің қолынан келе бермейді. Қазақ ақындарының жырын жырлап, күмбірлеген күйін тартып, әнін шырқап жүрген қаншама өзге ұлт өкілдері бар. Соларға қарап тамсанбасқа болмайды.Тіл мәселесі қазір өзекті болып тұр. Қоғамда ел ішіне іріткі салушылар қаншама. Өзге елдер түрлі ұлт, діндерді қабылдап жатқанда, біздің іштен іріткі салғанымыз дұрыс емес, – дейді әскери қызметкер.

Андрей қазақ тілінде сөйлесе, достары мен әріптесінің көбісі оны қазақ деп санайды екен. Кейбірі әзілдеп «Сен кәріс емессің бе?», деп сұрайтын көрінеді.

Бұрын өзге ұлт өкілдері мемлекеттік тілде сөйлесе, қызық болып көрінетін. Ал қазір ол таңғалатын дүние емес. Менің ойымша мемлекеттік тілді Қазақстанда туған және тұратын барлық адам бірдей көріп, білу қажет деп ойлаймын, – дейді Андрей.

Ол бала күнінен әскери адам болуды армандаған екен. Бүгінде арманы орындалып, ел игіліне қызмет етуде.

Қазақстан – менің үйім, Отаным! Шын жүректен жақсы көремін. Өйткені Қазақстан мені және отбасымды жылы құшақпен қабылдады. Сондықтан да қасық қаным қалғанша, елді қорғауға және қызмет етуге бел будым, – дейді аға лейтенат.   

Бүгінде авиациялық базада бір шатырдың астында қызмет ететін әскери қызметшілер маңызды міндеттерді орындайды. Олар жұмыс барысында бір-біріне қолдау көрсетеді. Сондай-ақ әскери өмірден кейін де қарым-қатынас жасап тұрады.

Мен Ұлттық ұлан қатарында қызмет ететінімді мақтан тұтамын. Отанды қорғау бойынша өзімнің  азаматтық борышымды да орындап отырмын. Біздің Отанымыз бір. Сол үшін ортақ үйіміздегі бейбітшілікті бағалауға тиіспіз. Құқықтық тәртіп әскерлерінде біз заңдылық пен тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындап қана қоймай, жауынгерлік отбасы, ортақ үйімізді қорғауға әрдайым дайынбыз, – дейді ол.

Қызмет кезінде олар ұшуды қамтамасыз етіп, қызметтік тексерулер жүргізеді және ұшуды барынша қауіпсіз етуге тырысады.

Әскери қызмет – ауыр жол, салмақты міндет. Оның ыстық-суығына күйіп, темірдей тәртіпке көніп, отбасы мен қызметті қоса алып жүру айтқанға ғана жеңіл. Сондықтан да осы салада жүрген замандастарымызға ерекше ілтипатпен қарайтынымыз да шындық, – дейді Андрей Кан.

Әскери қызметен басқа Андрей спортпен де шұғылданады. Мәселен 2010 жылы Қазақстанға қоныс аударғаннан соң, үйінің ауласынан жақсы достар табады. Олармен бірге каратэге барады. Бүгінде оның каратэден сары-жасыл белдігі бар. Бұл спорттан нәтижесі көп. Қазақстан чемпионатында ол 3-орын алыпты.

Мен Қазақстанды жақсы көремін және сыр шертер тарихы бар ұлы әрі еркін елдің азаматы болғанымды мақтан тұтамын, – дейді ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету қызметінің аға технигі, лейтенант Андрей Кан. 

Ол қызметіне аса жауапкершілікпен қарайды. Онсыз әуеге ұшақ ұшпайды. Барлық әуе тапсырмаларын шебер орындайды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға