Жаңалықтар

Анатолий Карпов: Бес-алты жас – шахмат үйренуге ең қолайлы жас!

Астанада Қазақстан Шахмат федерациясының ұйымдастыруымен «Шебермен кездесу» атты қайырымдылық акциясы өтіп, 17 қазақстандық шахматшы бір уақытта 12 Әлем чемпионы – Анатолий Карповпен шахмат тақтасында кездесті.
04.12.2014 08:48 4725

Ойын басталды

Астанада Қазақстан Шахмат федерациясының ұйымдастыруымен  «Шебермен кездесу» атты қайырымдылық акциясы өтіп, 17 қазақстандық шахматшы бір уақытта 12 Әлем чемпионы – Анатолий Карповпен шахмат тақтасында кездесті. Естеріңізге сала кетейік,  Анатолий Карпов 2008 жылы Алматыдағы бір топ жастармен кездесіп, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың студентімен тең түсіп қалған еді.

Бұл жолы да гроссмейстерге қарсы жас шамасы әртүрлі 17 шахматшы ойнады.

Ойын басталмас бұрын шараны ұйымдастырушылар сөз сөйлеп, келген көрермендерге алғыстарын білдіріп, сыйлы қонаққа сөз берді. Анатолий Карпов шахмат әлеміндегі жаңалықтарды жеткізіп, Ресей Федерациясында қазір балабақшадағы 5-6 жасар бүлдүршіндерге шахмат сабақтары болатындығын айтты. «Бүкіл әлем бойынша шахмат сабақтары мектеп бағдарламасына кіреді. Өзім болған Аргентина, АҚШ, Канада, Иран, Қытай және Еуропа елдерінде балабақшалардың жоғарғы топтарында шахмат сабақтары болады. Әзірге Қазақстанда жағдайдың қалай екенін білмеймін, бірақ меніңше 5-6 жас шахмат үйрену үшін ең қолайлы жас. Қазақстан шахматы жақсы даму үстінде. Сіздердің бір мықты қыздарыңыз өсіп келе жатқанын білемін, болашақта ол да үлкен жеңістерге жетеді деген ойдамын» – деді Анатолий Евгеньевич (ескерте кетейік, Анатолий Карпов қаңтар айында Алматыда қазақстандық Жансая Әбдімәлікпен өткен ресми ойында жеңіліп қалған болатын).

Нариман ағаның жұбайы ойынның басынан соңына дейін бір тыным таппай жанкүйер болды

Ойынға қатысқан ең жас шахматшы

Бүгінгі ойынға қатысқан әуесқой шахматшылардың ең жасы Әсем есімді 10 жас, ең егдесі – Нариман есімді 75 жастағы қария болды. Шахматшыларымыз осал емес екен, гроссмейстерге қарсы өте керемет ойнады. Білектерін сыбана кірісіп, гроссмейстермен ұзаққа дейін беріспей, өздерінің алғырлықтарын көрсетті. Жарыс 5 сағатқа дейін созылып, Карпов «мыңмен жалғыз алыстым» деген 17 шахматшыға мықтылығын тағы бір көрсетті.

Анатолий Карповпен тең ойнау оңай емес... Юрий Мазунин келесі қадамын ойластырып отыр

Әкелері мен ағаларын қолдауға келген бүлдіршіндердің у-шуына қарамай, ресейлік қонақ 17 ойыншының 16-сын жеңіп, тек Рудный қаласынан келген Юрий Мазунинге «тең нәтиже сақталып қалсын» – деді. Әрине, Юрий Карповтың өзі тең нәтиже ұсынып тұрған соң бас тарта ма, «Иә» деп келісімін берді. Оның айтуынша, бұл кездесу оның өміріне үлкен бір өзгеріс алып келетініне сенеді. «Шахматты тұрақты ойнауды 10 жыл тоқтатқан ем, жұмыс, бала-шағаның қамымен жүріп көңіл бөлмедім. Тек соңғы 2 жылда Қостанай облысының атынан жарыстарға қатысып, біраз дайындығымды пысықтап алдым. Мүмкін бүгінгі күннен кейін қайта кірісіп, жеңістерге де жетіп қаламын» – дейді Юрий есімді шахматшы.

Соңғы ойыннан кейін Анатолий Карпов шахматшыларға естелікке өздерінің ойнаған шахмат тақталарына қолтаңбасын қойып, мақтап, ойыншыларды бір марқайтып тастады. Осылайша Қазақстанның әр түкпірінен келген 17 әуесқой шахматшыларымыз гроссмейстермен болған ойыннан ерекше әсер ап, дайындығын пысықтауға уәде беріп кетті.


Нұрғазы Абжанов

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға