Жаңалықтар

Ана тақырыбы – мәңгілік!

Ш.Айтматовтың сонау елу бір жыл бұрын жазылған «Құс жолы» повесті бойынша сахналанған «Ана-Жер ана» қойылымының премьерасы ХІІ-ші маусым шымылдығын ашты
14.11.2014 14:05 15228

2014 жылдың қазан айында Маңғыстау облыстық Нұрмұхан Жантөрин атындағы музыкалық-драма театрында ұлы қаламгер Ш.Айтматовтың сонау елу бір жыл бұрын жазылған «Құс жолы» повесті бойынша сахналанған «Ана-Жер ана» қойылымының премьерасы ХІІ-ші маусым шымылдығын ашты.

Ана тақырыбы – мәңгілік!

Қырғыз елінің жазушысы, қоғам және мемлекет қайраткері Шыңғыс Айтматовтың шығармалары бүкіл әлемге әйгілі болып, өз құндылықтарын жоғалтпай, өнер жолында биік сатылардың бірегейінде тұр. Ш.Айтматовтың 20 астам шығармалары экранизацияланып, басқада көптеген шығармаларына инсценировка жасалды: Қазақ академиялық драма театрында «Ана-Жер-Ана» (1964ж, реж.Ә.Мәмбетов), Мәскеудегі жастар театр студиясы «Буранный полустанок» (1980ж. реж.В.Спесивцев), П.А.Ойновский атындағы Якутия академиялық драма театры «Желанный голубой берег мой» (1982ж. Реж.А.Борисов), В.Спесивцев атындағы Мәскеу эксперимантальды театры «Тавро Кассандры» (2007ж), Бишкектегі Ш.Айтматов атындағы драма театры «Қызыл алма» (2009ж.реж.Н.Асанбеков), Мәскеудегі Пушкин атындағы театрда «Материнское поле» (2012ж.реж.С.Землянский), Геннади Чихачёв театры «Плаха» (2013ж.Г.Чихачёв) т.б. қойылымдар сахна төрінде айрықша орынға ие болып келеді. Дәл осыдан 50 жыл бұрын сахналанған «Ана-Жер ана» қойылымының режиссері, театр тарланы Әзірбайжан Мәмбетов атамыздың ізбасар болып жас, талантты режиссер Дина Жұмабаева трагедияны қайта түлетті.

Дина Жұмабаева Астана қаласындағы Қазақ Ұлттық Өнер Университетінде ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, профессор Ханинга-Бекназар Юрий Ивановичтің шеберханасынан оқуын тәмамдады. Кобо Абэ «Женщина в песках», П.Мериме «Кармен», халық эпосы «Қыз жібек», У.Шекспир «Король Лир», «В ожидании Годо» С.Беккет, «Мертвые души» Н.Гоголь, «Снежная королева» Г.Х.Андерсен, «Золушка» Ш.Пьерро, «Аққулар мекені» Д.Исабеков  шығармаларын сәтті сахналаған режиссер, бүгінде классикалық күрделі туынды Ш.Айтматовтың «Құс жолы» повестінің желісімен инсценировкаланған «Ана-Жер ана» спектаклін қойды.

Автордың негізгі айтар ойы соғыстан зардап кешкен халық жайы, қиын қыстау кезеңдерді бастан кешкен аяулы аналар тағдыры. Повесте басты кейіпкер Толғанай ана мен жас келін Әлиманның қиын тағдыры баяндалады. Ер азаматтарынан айырылған аналардың ішкі жан дүниесінің күйзелісі, соғыстан тыс өмір бейнеленген. Толғанай ана ержүректі, батыл, еңбекшіл ана. Алапат соғыс кезеңінде үш ұлымен, жұбайынан айырылған ана жеке басының қайғысына батпай, өзінің жас келінімен ауылдастарына қамқоршы бола білген кейіпкер.

  «Ана-Жер ана» трагедиясының айтар ойы ұғынықты. Қойылымда режиссер меңзеген идея, автордың негізгі айтар ойынан алшақтамаған. Режиссер повестің идеялық көркемдік болмысын тұтастай сақтап, сахна кеңістігін бар мүмкіндігінше пайдаланған. Соғыс басталуын режиссер ерекше шешім арқылы бере білді, Қасым кейіпкеріне барлық қараусыз қалған герзовый етіктерді басына жидырып, қорғансыз қалған халық жайына теңеу жасады. Мизансценада актерлердің аяғына әскер аяқ-киімінің кигізіп, ритмге бағындыра отыра, эшелон дыбысын жасауы, «қар» жаудырып,сахнаны қара тұңғиық етіп безендіріп, ортасына теңселіп тұрған көше шам жарығын пайдаланып, Жайнақтың қолына гармонь сүйретіп, шулы дыбыстар шығару арқылы сұрапыл соғыс кезеңіндегі ауыр атмосфераны тудырып, аналар кешкен қасіретін барынша шынайы жетуіне жол ашып тұрды. Жас келін Әлиманның мойынына тағылған қызыл орамалы арқылы режиссер Ш. Айтматовтың «Қызыл орамалды шынарым» повестінің бір бөлшегін, лебін сездірте түсті. Өнерде «жол» символы ерекше орын алады, адамзаттың ғұмырын жолға теңейді. Сол сынды кейіпкерлердің қиын тағырдыларын, жанның майдан алаңына тапсырған ер азаматтардың өмірлерін, мизансценада пайдаланған қиылған рельстер арқылы жақсы теңеу жасаған. Финалда пайдаланған теңселме ат ойыншығы, өмірге нәресте келгенің меңзеп тұрды.

Ана тақырыбы – мәңгілік!

Қойылымның барысында музыкалық безендіру айрықша даярланған. Музыкалық әуендердің орнына, оқиғаға сай шулы дыбыстар пайдаланылған.

«Ана-Жер ана» қойылымы арқылы режиссер халықтың адами құндылықтарының жойылып бара жатқанын меңзеген. Қазіргі таңда «ана», «бақыт» түсініктері күрт өзгеру үстінде екенін байқай аламыз. Тек сыртқы пішіні қалып, ішкі мазмұны өзге болуда. Негізгі ана мақсаты жұбайына тірек болып, бала тәрбиелеу болса, ХХІ ғасыр аналарының басты мақсаты мансапқорлық, тән азығын қамтамасыз ету болып барады. Бақыт түсінігі де ана мақсаты сынды, материальдық жағдайдың жақсы болуын көздейді. Демек халықтың ұлттық сана-сезімі өзгеруде. Тәуелсіздік жылдарында бейбіт өмір сүріп келе жатқан елге, соғыс тақырыбында сахналанған қойылымды ұсынғаны бекер емес. Сұрапыл соғыс кесірінен халық қиналып, аштыққа ұрынып, жандарын қиған азаматтар, келешек ұрпаққа тәуелсіздік пен ұлттық сана-сезімді сақтап қалу үшін күрескен. Ал, қазіргі таңда бейбіт өмір жалғасып келетіндей, алайда соғыс әліде жалғасуда. Жер үшін күрескен соғыс тиылып, дін, діл жою соғысы басталуда. Қазақ табиғатына жат болып келетін батыс елінің мәдениеті, вирус сынды халқымыздың, ең басты халық тәрбиелеуші аналарымыздың, ұлттық сана-сезімін қорлауда. Режиссер аталмыш өзекті мәселелер жайлы көрерменді терең ойға жетелейді.    

Ана тақырыбы – мәңгілік!

Қойылымда актерлер бір нысанаға жұмылған, бірлескен топтық жұмысы байқалды. Сәбира Майқанова сынды өнер майталманы сомдаған Толғанай ана образын театрымыздың белді актрисасы Мырзалинов Құралай сахнаға асқан шеберлікпен алып шықты. Ұлы Отан соғысы кезінде тыл өміріндегі ауыртпалықтарды ерлерше көтере білген, мейірбан асыл ананың бейнесін көрерменге жеткізе білді. Қ.Мырзалинова 2002 жылдан бастап Т.Әліпбаев «Томирис» қойылымында Томирис ролін, Ғ.Мүсірепов «Қыз Жібек»-Қарлығаш ролінде, С.Назарбеұлы «Ақбөбек» -Гүлсара, С.Ахмад «Келіндер көтерілісі»-Фармон, Н.Птушкина «Күтпеген махаббат»-Татьяна, Ы.Сапарбай «Сыған серенадасы»-баронесса, Ф.Эрве «Айлакер ару»-әкім әйелі, С.Құдайберген «Перзентхана»-Хадиша Рысбаева ролін сомдаған. Өзінің өзгеше қоңыр дауысымен, тұла бойына біткен таланты арқылы, актерлік шеберлігінің биік шыңын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Әлиман роліндегі Құрманқызы Жансая Джульетта, Баян сынды тағы басқа лирикалық кейіпкерлерді сомдаған. Бұл қойылымда кейіпкерінің ойнақы, ұшқалақ көңіл күйін шыңайы жеткізе білді. Кенжебек Башаров – Сұбанқұлдың әрбір дауыс ырғағын, жүріс-тұрысы арқылы кейіпкерінің ер мінезділігін, сабырлығын таныта білді. Қойылым барысында Қасым ролін сомдаған Айбек Иманқұлов, Майсалбек – Нұрсұлтан Жексенбаев, Жайнақ – Еркебұлан Бекен ойнау мәнелері, сахнаны сезіне білулері арқылы кейіпкерлерінің бейнелерін толығымен аша білді. Актерлер сахнада үйлесімді ансамбль құрды. Қойылымның ең басты жетістігі режиссердің рольдерді дөп басып табуында болды. Қойылымның жоғарғы деңгейде өтуі, режиссермен шығармашылық ұжымның жұмыла жұмыс істеуіне туындады. Дина Жұмабаеваға ары-қарай бүгініміз бен келешегіміз үшін ғибрат алар қойылымдарды сәтті сахналауына тілектеспіз. Көрермендерге рухани азық силай берсін демекпіз.

Алтай Тоғжан, әдебиет бөлімінің меңгерушісі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға