Жаңалықтар

Ана

Табыл Құлыяс
10.08.2016 11:43 3033

Бүгін ана самарқау,селсоқ.Ағынан сарысы молайған көзінің алды буалдыр тартып,кәртамыс жүзінде қан-сөлсіздік басымдап барады.Оның үстіне соңғы кезде тап болған бас «сақинасы» ( қан қысымы)жиілеп кеткен.Еті тартыла бастаған тарамыс саусақтары қалтырап,белі де сырқырай береді.Көкірегі қарс айырылып жиі күрсініп,тынысы тарыла ауыр дем алғанда,ақшыл тартқан басы да қалтырайды.Ағаш жапырағындай дір-дір етсе де сездірмеуге тырысады.Соңғы күш...
  Құдық басынан бір шелек суды он дем алып әзер жеткізді.Өмір тауқаметінен әбден қажыса да сырттай адамға  әлсіздігін сездірмеуші еді. «Ақәділдің анасы алжыпты» деген сөзді естігісі жоқ.Шемен болған шерге де шарболат көңілі ырық бермеуші еді.Ол да «Батырдың анасын күйік қаққан»деген кейбір бейпіл ауыздың орынсыз ғайбатына ілікпеудің жолы-тын.

  Тойтан ана мызғып барады екен.Құлынып деп оянып кетті.Сан рет күбірлеп,жаулығының ұшымен көзін сүртті.Жүйкесі босады.Осы кезде терезе алдынан трактор гүрілдеп өтіп бара жатты.Ана сүріне-жығыла  орнынан тұрып оған ұмтылды.Танып тұр.Көрші үйдегі Кәдірбайдың баласы.Алғашқы тың игеруші атанды.Осы трактордың ана жүрегіне өте-мөте жақындығы бар-тын. «Бұл тракторды,Советтер Одағының батыры Ақәділ Суханбаев жүргізген»деп бадырайта жызылған әріптерді ана тіпті жаттап алды.Қуқыл тартқан өңіне қан жүгіргендей,тынысы кеңіп қалғандай сезінген Тайтан ішінен күбірлеп: «Шүкір,шүкір.Құлыным тірі екен-ау.Ауыл ішінде,Жамбыл өңірінде,ел жүрегінде жүр екен-ау.Қайран,халқым-ай.Құлынымның есімін көктегі жұлдыздай етіпсіңдер.Шүкір,рахмет! «Ана күбірлеп жүріп төс қалтасындағы бой тұмардай хатты алды.Алақаны күйіп кеткендей сарғыш тартып иі түскен осы хатты искей бергісі келеді.Жарығымның бір көзі ғой .Тірі көз .Иісіңнен айналайын . «Жергөктегі сәбиім болып едің».Иісі мұрнын қытықтағандай ана төсі иіп кетті ме,қайтты.Он бала туса да қайраты жетер еді,аштық жылында арпалысып жүріп ері дүние салды.Сүйген жарымнан қалған жалғыз тұяқ ақ сүтімді кештім құлыным,ақтадың...Ер туғаныма өкінбен,ұл тумады демесе болды халқым,қалың елім.Сен тірісің Ақәділ...Кеңес үкіметі әділдік жолда деп атындырып еді әкең...Әділжан»Ана кәртамыс алақанын жайып әлгі трактордың соңынан қарап ұзақ телміріп қапты.Маңдайына біткен,тас емшегін жібіткен,тоғыз ай көтеріп,омыртқасы үзіліп өлмегенмен өлімші боп көрген ұлы еді.
Ана жаны күңіреніп дәліздегі шамның жарығына сүлесоқ күйде барып қисая кетті.Хатты оқыды,ойына ой түскендей шала-пұла көз жүгіртті де төргі бөлмеге кірді.Шамды жақты.Тұс кілемнің ортасына ілінген пилоткаға көзін салды.Қолына алып кәрі төсіне емірене басты.
Ана ұлының ерлігін көзімен көрмеді,көңілімен жан сезімімен елдің қасиетті лебізімен көрді.Сезді,ұқты.Ана дзот дегенді де білмейді.Әйтеуір,көз алдына елестететіні сол кезде көрген түсі. «Ақәділ ақ буырыл атқа мінген екен.Ер қаруы бес қаруы сайма-сай.Атқа қанат бітіп тауды тіле,өзенді,теңізді бір аттап өтеді екен.Содан әрі қарай бұлтқа ілінген түнектей биік таудың шыңында жеті басты дәу жатыр екен.Ақәділ дәудің алты басын кесіпті.Қалған басын кесер кезде дәу соңғы қайратын шақырып арпалысқан екен.Болмаған соң Ақәділ дәудің басынан бастап қылышын тіке ұстап тіліп шығыпты.Сөйтіп,құзғын дәуді дүниеден құртыпты да,тыныпты...Бір сәт қан теңізін керзі етігімен кешіп бара жатады...қолында ақ құс...ұшпақ па?»Ана ұлының фашист дзотын кеудесімен жауып,ондаған немісті бір өзі жайратып,үлкен бекіністің қарасын жойған ерлігін есіне алса,сондай батыр ұл туғанына риза.Өйтпегенде қайтсын.Пилотканы құшырлана искеп мауқын басты...Осы кезде найзағай сатыр-шұтыр етіп нөсерлеп кетті.Терезе әйнегінен көздің жасындай тамшылар сорғалап тұрды.Ана жалма-жан кішкене бөлмедегі шар айнаны жапты. «Айна киелі,ұлымның да,жарымның да сүгіреті тұр онда,-деп күбірледі.Қайран басқа қиыншылық іс түскенде қабырғалы ел боп аза тұтып,бірігіп қайғыны көтеріп желеп-жебейтін халқым-ай.И-и,қара шал сол кезде осы пилоткіні әкеп тұрып:
-Тойтан еменнің иілгені сынғаны,Ақәділ емен еді,ердің ел алдында ұялғаны өлгені,Ақәділ өлген жоқ,батырдың көзін қастерлейтін қанға сіңген салтымыз бар,шыда,-деп шешен тілмен айтып еді.О, қара шал да бұ жарық дүниемен хош айтысты.Әйелі құрт ауруымен өлді де,аштық жылында қайыр сұрап жүрген кәрі қызға үйленіп еді,одан қара шаңырағына ие ұлы қалды .Тірі тірлігін істеп күнкөрер,қара шалдың да қайғысы ұрпағын жеткізе алмағаны шығар.Адам өлер алдында тірлігінде жақсы көргенін қимай ойлайды дейді.Ақәділ жаным, анасы мен әкесін ойлады ма екен?..
Тойтан құлағы шыңылдап қара шал Әскен тартқан «Кісен ашқан» күйді миында қайталады.Домбыра шанағынан лақылдай төгілген күй сай-сүйегін шымырлатып,көз жасын көл еттіріп еді.Үлкен трагедияға толы,үлкен қайрат,күшке толы күй құлағында тағы ызыңдап,ана ауыр күрсініспен күшін жинап қайраттанды сонда .
-Әскен-ау,осы күйіңді үйретші-деп еді.Бірауық мауқымды басуға жарар ма еді.Жан жарасына дәру табар ма едім.
-Үйретейін,жер беті түтеп тұрған қалың қайғы ,жалғыз біз бе ?-деп Әскен күйді төгілдіре түскен.
 -Пай,күйші екен!
-Қасиетті қазақтың қара домбырасы,талай жылағанды жұбатып,талайларға ерлік,намыс сыйладың,-деп тыңдаушылары ұйып тыңдайтын еді.Ана ойын жиғанша, сол мезетінде сыртқы есік тықыр етті.Ана қайтадан қайратқа мініп,босаған буыны,құлазыған көңілін демеді.
-Бұ, кім-ей,Ақәділ,Айтай,деп ана есінен адасып,алжасқан адамша жаңылысып есімдерді қайталай берді.Көрді.Қара көзі нұр шашып тұрған сүйкімді сұлудың жүзіне қарады да:
-Е,Айтай екенсің ғой.
-Апа менмін,бір жерің ауырып жүрген жоқ па?
-Жоқ,қарашығым.Ана абыржып тұрды да,қарағым көзім көріңкіремейді.Жылай бергесін көруі біткен шығар.Бір кіреуке пайда болғаны.Мына хатты дауыстап оқышы,келінжан...
Ана сарғыш тартқан хаттардың бүктеуін ашып, «хатты көп сақтаса,жолаушының жолына кедергі»дегесін біразы жыртылып кетті .Бекер болған,түк білмейтін ырымшылдарға бола құлынымның хатын түгел сақтай алмадым...Диқан келіншек Айтай алақанын күйдіргендей хатты қалтырап,дірілдеп ұстады.Осы хат қой жары да,ары да.Ауылдың кеңсесінің алдындағы биік тұғырдағы ескерткіші жары да,сүйіктісі де.Тірі көз,алғашқы махаббат.Осылар ғана жүрегін жібітіп,салқын тартқан құшағын ерітер,мұздап бара жатқан жүрегіне қан жүргізер.Айтай да,ана да Ақәділдің ескерткішін күн сайын бір көрмесе көңілі көншімейді.Бойларына ас сіңбейді.Айтай әдет бойынша күбірлеп хатты оқыды: «Қымбатты Тойтан!Батыр Ақәділдің даңқы тек өз атының үлесіне тимек емес,оны туған,сондай ұлды баулап өсіріп берген анасы-Сіздің үлесіңізге тиеді...Сіздің қайғыңыз біздің жауынгерлерге де ортақ.Олар сіздің балаңыздың өлімі үшін жаудан кек аламыз»деп ант береді.Полк командирі».
Келіншек одан әрі ананың хатын оқыды... «Батыр ұлдарым аттарың мәңгілік даңққа бөленсін!» деп аяқталатын хат ана жүрегіне мәңгі жастық,мәңгі батырлық салтын үйіп-төгіп әкелгендей еді.Ал Айтай : «Хош менің сүйген досым!Сенің жарқын бейнеңді мен өмірімнің ақырына дейін сақтаймын»-деген хаттағы сөздерді оқығанда Айтай егіл-тегіл жылап алатын еді.
— Қарағым олай болмайды.Е,батыр жарың болғаны жаман ба екен.Әне,ауылда араққа сылқып тойып,кісілік атын жойып,түк бітірмей,құр кеуделенгендерді де кейбіреу күйеуім бар дейді.Сенің Ақәділің алтындай жарқырап құйылып батырлығымен мәңгілікке өмір сүреді.Ана осылай күбірлеп басқа бөлмеге бара жатты.
— Менің жарығым өлмейді.Оның қаны алтын дән боп көктейді.Бір өзі көп жауды қырды.Ақәділім бала кезінде батыр болам деуші еді-ау,аузына аллаһ салған ғой.Болар бала бесікте бұлқынады екен-ау...Батыр атына мініп кегім қайтып болған жоқ,дүние  әлі тыныш емес,деп жұмыр жерді қырағы көзімен шоли ма?Елес қой,елесті еске алу да жан азабы...
  Сол түні Тойтан ана Ақәділге арнап істеген көк атылас көрпені жамылып,ауылдың алғашқы тракторшысы-диқан ұлының исі сіңген жастықты жастанып жатты...Батыр-анадан дейді,десе дегендей қайраты бар екен...Қазақ совет энциклопедиясының 456 бетіәнде ; « Суханбаев Ақәділ ( 1920 , Жамбыл облысы ,Свердлов ауданығ -1944) – Совет Одағының Батыры ( 24.3.1945 ж). Ауылдық мектепті бітіргеннен кейін, колхозда жұмыс істейді. 1941 жылы Қызыл Армия қатарына алынды. 174-Бориковск Қызыл тулы атқыштар двизиясының 628- Гродненск Қызыл тулы полкіндегі 1-баталион құрамында болды. Суханбаев Белоруссияны , Литваны ,Польшаны азат етуде болған шайқастарға қатысты. «Стежельцовизина» деп аталатын поляк деревниясы үшін болған ұрыста ол Александр Матросовтың өшпес ерлігін қайталап пулеметтің амбразурасын өз денесімен жапты.Туған колхозы, оқыған мектебеі Суханбаев есімімен аталады. Колхоз орталығында Батырға ескерткіш орнатылған»- деп алтын әріппен жазылған.   

— Талай ауыр қайғыны да көтерген аналар ғой,-деп Тымыр кимелеген бір оқиғаны атқысы келді. «Кеңшілік дейміз,біреулерге пайда,біразын кеңірдектен алып,жанын алқымға тақады ғой.Дүрлігуде әлсізге дүрсе ұмтылды,құртты,жойды,тірі қалғанын бостырып жіберді.Талай оқиға естен кетпейді .Кезеңдер оқша зулап өтті. Бүгінде кейбір көзқамандардың көкірегі ақшаның буымен ісініп , кепті. Кісілікті ұмытып батырларымыздың даңқын өздерінің туыс , туғанына  орайластырып сатып алып , келер ұрпақтың жаданан шығаруға жанталасып жүрмегей. Қара жер талай хабарды жеткізер...


Табыл Құлыяс 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға