Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да, қарызыңды өтей алмайсың! Бұл сөздің астарында «Ана» деген асыл аттың құдіреті жатқандай. Ана – әлемнің шамшырағы, өмірдің керегесі. Анаға қанша тілек, қанша мақтау-мадақтау айтсақ та - аз. Ол - «бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербетуші» ең қасиетті адам. Оның алақаны тікеннің өзін жұмсартып, асаудың өзін жуасытар күшке ие. Сол себепті Ана есімін ұлықтап, құрмет көрсету - әрбір перзенттің парызы.Қазақ анаға деген құрметі мен сүйіспеншілігін қашанда ән арқылы жеткізіп отырған. Бүгінде «Ана» туралы әдемі, жүрекке жылы әндер жетіп артылады. Бұл әндер концерттерде ғана емес, түрлі мерекелік кештерде, әсіресе 8 наурыз – Аналар күні, жиі орындалады. Осы ретте El.kz ел арасында кең танымалдыққа ие ана туралы әндерге шолу жасамақ.
«Ана туралы жыр» әні
«Ана туралы жыр» – композитор Шәмші Қалдаяқов пен ақын Ғафу Қайырбековтың шығармасы. Бұл ән ананың баласына деген мейірімі мен махаббатын суреттейді.
Шәмші Қалдаяқовтың «Ана туралы жыр» әні көптеген танымал әншінің репертуарынан орын алып, қазақ музыкасының алтын қорына қосылған ерекше туындыға айналды.
1961 жылы Шәмші Қалдаяқов пен Ғафу Қайырбеков бірлесіп жұмыс істегенде, Ғафу Қайырбеков анаға деген сағынышы мен сүйіспеншілігін көрсететін өлең жазып, оны Шәмшіге ұсынады. Шәмші бұл өлеңді оқыған соң, оған ерекше әуен жазуды ұйғарады.
Шәмші бұл әнді өз анасы Сақыпжамалға деген махаббатын білдіру үшін шығарған көрінеді. Композитор анасының мейірімділігін, қамқорлығын және ұлына деген махаббатын ән арқылы жеткізуді көздейді. Сол себепті де ән ерекше әсерлі әрі жүрекке жақын.
Шәмші Қалдаяқов: «Анам баласының қызығын көре алмай, өмірден өтті. Осы жағдай мені қатты қынжылтты. Сондықтан анама арнап 25 түрлі ән жаздым, соңында қазіргі нұсқасына тоқтадым», – деп еске алады.
Алғаш рет «Ана туралы жыр» әнін Жамал Омарова орындап, тыңдармандарға жеткізген еді. Кейін бұл ән көптеген танымал орындаушының репертуарына енді. Олардың арасында Ескендір Хасанғалиев, Нұрлан Өнербаев, Алтынай Жорабаева және тағы басқа да әншілер бар.
«Мама» («Абзал ана») әні
«Мама» әні – Бибігүл Төлегенованың репертуарындағы ең әсерлі, жүрекке жылы тиетін туындылардың бірі. Бұл ән ананың шексіз мейірімі мен баласына деген махаббатын сипаттайтын лирикалық шығарма болып табылады.
«Мама» (немесе «Абзал ана») әнінің музыкасын Александр Зацепин, сөзін Жұбан Молдағалиев жазған.
«Тақиялы періште» фильмінде Бибігүл Төлегенова шағын эпизодтық рөлде бой көрсетеді. Бірақ фильмде бұл әнді Бибігүл Төлегенова емес, Бақыт Әшімова орындайды. Бибігүл Төлегенова сұхбатында бұл әннің қазақша мәтінін Б. Әшімова орындағанын, ал орысша мәтіні өзіне тиесілі екенін атап өткен. Осылайша, «Тақиялы періште» фильміндегі қазақша «Ана» әнін Бақыт Әшімова, ал орысша «Мама» әнін Бибігүл Төлегенова орындайды.
Халық әртісі Бибігүл Төлегенова – қазақ опера және эстрада өнерінің алыбы. Оның дауысының нәзіктігі мен табиғи тембрі, асқан шеберлігі халық әндері мен романстарды керемет орындауына мүмкіндік береді.
«Мама» әні ананың баласына деген шексіз махаббатын, жылуын әсем әуен мен терең сөздер арқылы жеткізеді. Әннің әуені жүрекке ерекше әсер етіп, сөздері әр адамның анасына деген сағынышын оятады.
«Анаға сәлем» әні
«Анаға сәлем» әні – қазақтың әйгілі МузАРТ тобының орындауындағы туынды. Оның сөздерін Оспанәлі Иманәлиев жазса, әнін Ескендір Хасанғалиев композиторлық өнерімен нақыштаған.
Бұл әннің мәні өте терең. Ол әр адамның анасына деген шексіз махаббатын, құрметін білдіреді. МузАРТ тобы бұл шығарманы алғаш рет 2004 жылы тыңдармандарға ұсынады. Кейіннен ән тез арада халықтың сүйікті туындысына айналып, түрлі мерекелерде жиі орындалып келеді.
МузАРТ тобының орындауындағы «Анаға сәлем» әннің сөзі тыңдаушыны терең толғандырып, әуені өзге әлемге бойлағандай сезім тудырады.
«Анашым» әні
«Анашым» әні – қазақтың әйгілі әншісі, ерекше қоңыр дауыстың иесі Нұрлан Өнербаевтың орындауындағы сезімге толы лирикалық туынды. Әнінің сөзін Қайрат Жұмағалиев жазып, музыкасын Марат Омаров шығарған.
Ән алғаш шыққан кезде-ақ қазақ тыңдармандарының жүрегін тербеп, анаға деген шексіз махаббатын символына айналды. Ән «анасы бар адамның ешқашан қартаймайтынына» сендіреді.
Бұл әнді Нұрлан Өнербаев алғаш рет 1989 жылдың наурыз айында «Тамаша» телебағдарламасының мерекелік қойылымында орындаған болатын.
Ән 36 жыл өтсе де өзектілігін жоймай, әлі күнге дейін тыңдалып келеді.
«Асыл ана» әні
«Асыл ана» – қазақтың танымал әншісі, МузАРТ тобының белді мүшесі Сәкен Майғазиевтің орындауындағы лирикалық ән. Бұл ән соңғы уақытта ана туралы туындылар арасында халықтың ерекше сүйіспеншілігіне бөленіп, кең тараған шығармалардың біріне айналды. Көпшілік әннің орындаушысы ретінде Сәкен Майғазиевті танығанымен, оның авторы Айгүл Бажанова екенін біле бермейді.
Әннің шығу тарихын баяндаған Айгүл Бажанова: «Анашым қартайды. Мен бар әнімді сол кісіге арнасам да, артық болмас еді. Балалық шағы соғыс жылдарымен тұспа-тұс келді. Жүні қалың тулаққа шашылып кеткен бір уыс бидайды теріп жеген, бір құртты беске бөліп, соны күн бойы талғап жеген, табаны тесіліп, жалаңаяқ мектепке барған балалардың қатарында менің анам да бар. Анам маған бәрін үйретті. Күншуақта тізесіне басымды қойып жатам, шашымды саусақтарымен сипалап, еміреніп, айналып-толғанып мейірімін төгетін, ыңылдап ән айтып, әндердің тарихын айтып беріп, менің бала қиялымды одан сайын шарықтататын. Мені тауға жиі шығаратын. Сол Асыл анам қазір қартайды. Бірақ әлі де сол күйінде, кітапқа шұқшиып, немерелеріне ертегі оқып отырады. Жұмбақ жасырып, ән үйретіп, өлең жазып беріп...», - деп түсіндіреді.
Айгүл Бажанова өз анасына деген шексіз құрметін білдіріп, бұл әнді сол кісінің бейнесін елестете отырып жазғанын айтады.
Сәкен Майғазиевтің орындауындағы бұл туынды қазақ халқының ата-анасына деген ізеттілігін және ананың бала өміріндегі маңыздылығын дәріптейтін әсерлі әндердің біріне айналды.
Әннің әуені әуездігімен, сөздерінің үйлесімдігімен тыңдаушыны терең ой мен ұлы сезімдерге бөлейді.
«Ана» әні
«Ана» әні – Садраддиннің орындауындағы терең мағыналы, жүрек тебірентерлік туынды. Бұл ән ерекше лирикасымен, шынайылығымен және терең мән-мағынасымен халық арасында танымал болды.
2023 жылдың 6 наурызында жарыққа шыққан «Ана» әнінің әуенін Садраддиннің өзі және Илхан Ихсанов жазса, сөздерін Садраддин мен Рахымжан Рамазан жазған.
Садраддин өзінің жеке концертінде «Ана» әнін орындап, он екі мың адам алдында көз жасына ерік берген болатын. Көзіне жас алған әнші көрермендерден кешірім сұрап, «Кішкентайымнан мені қолдаған адам - анам. Ол қазір сахнада. Мама, бәрі жақсы», – деп әнін жалғастырады.
Бұл әнде анаға деген шексіз махаббат пен құрмет, анасының өмірдегі маңызы ерекше көрсетіледі. Ананың қиындықтармен күресіп, балалары үшін жасаған жақсылықтары мен құрбандықтары суреттеледі. Ән отбасылық мерекелерде, маңызды шараларда жиі орындалады.
«Ана қадірі» әні
«Ана қадірі» – танымал қазақ әншісі Еркін Нұржановтың орындауындағы лирикалық әрі терең мағыналы туынды. Қазақтың ұлттық музыкасының асыл қазынасының бір бөлігі. Бұл ән Еркін Нұржановтың шығармашылығында ерекше орын алады. Себебі оның сөзі мен әуені анаға деген шексіз махаббат пен құрметті білдіреді.
Әннің авторы – Майлықожа Сұлтанқожаұлы. Еркін Нұржанов үшін бұл ән өте маңызды. 2012 жылы әншінің анасы дүниеден өтеді. Әнші анасына деген сезімін білдіріп, анамен байланысының қаншалықты ерекше болғанын айтады. Ол жалғыз ұл болып өскендіктен, анасы оны ерекше еркелетіп, қамқорлық танытқанын еске алады. Әнші анасы еркелеткенде «Мен үлкен жігітпін, еркелетпеңіз» деп намыстанғанын айтады. Десе де, анасының еркелетуіне қасарысқанмен, жүрегінде оған деген сүйіспеншілік, сағыныштың көп екенін түсінеді. Айтылмаған жылы сөздердің көп екенін, сондай-ақ, сезімдерін білдіруге үлгермегенін айтып, ашынады.
Айта кету керек, «Ана қадірі» әні әрбір адамның жүрегінде анасына деген құрмет пен сүйіспеншілікті оятып, қадірлеуге шабыттандырады.
«Ана жүрегі» әні
«Ана жүрегі» – Бейбіт Сейдуалиеваның орындауындағы ерекше мағынаға ие ән. Бұл туынды қазақтың дәстүрлі мәдениетін әрі анаға деген құрметті дәріптейтін шедевр болып табылады.
Әннің сөздерін жазған Несібелді Иманов, ал әуенін Тоқтар Серіков пен Халықберген Әбілжанов жасаған. «Ана жүрегі» әнінде ана жүрегінің шексіз махаббаты, оның балаларға деген сүйіспеншілігі мен өмірдегі маңызды рөлі айқын баяндалады.
Бұл ән - Бейбіт Сейдуалиеваның шығармашылығындағы ең бірегейі.
«Мама» әні
«Мама» – әнші Мадина Сәдуақасова орындаған жүрекке терең әсер ететін туынды. Әннің сөздері мен әуені анаға деген шексіз махаббат пен ерекше құрметті бейнелейді. Мадина Сәдуақасова орындаған «Мама» әнінің сөзі мен әуенін Сара Жүнісбек жазған.
Бұл ән анаға деген мәңгілік махаббат идеясын көздейді. Әнші өз анасына деген ерекше сезімін білдіріп, аналарды құрметтеуге шақырады.
Әннің бейнебаяны 2021 жылы жарыққа шықты. Әншінің айтуынша, клипте актерлер емес, өмірдегі нағыз аналар мен балалар қатысады.
«Қанша жасқа келсең де, ана үшін әрқашан бала болып қаласың. Әр жанның Анасы ұзақ, бақытты ғұмыр кешсін, ағайын!»,-деген Мәдина Сәдуақасова түсірілімге атсалысқан жандарға ерекше алғыс білдірілді.
«Жан ана»
«Жан Ана» – әнші Бейбіт Қорғанның орындауындағы ерекше мағыналы ән. Бұл туынды - қазақ халқының ұлттық дәстүрін, анаға деген зор құрмет пен шексіз махаббатты көрсететін әндердің бірі.
«Жан Ана» әнінің сөзі Айбек Сайдахметтің, әуені Серік Сыздықовтың қолынан шыққан. Ән 2012 жылы жарық көрді.
Ана туралы қазақ әндері — халқымыздың анаға деген терең құрметін, шексіз махаббатын, және оған деген алғыс сезімін білдіретін құнды музыкалық мұралар. Бұл әндер ана болмысының рухани тереңдігін, оның жүрекжарды мейірімін, баласына деген адал сүйіспеншілігін және өмірдегі ерекше орнын айқын көрсетеді. Әндерде тыңдарманды анаға деген махаббатты сезінуге, оның қадір-қасиетін бағалауға шақырады.
Ақ жаулықты аналарымыз аман болсын!
