Жаңалықтар

Ана мен бала құқығын қорғауда көп іс сотқа жетпей тоқтап қалады - заңгер

Ана мен бала құқығын қорғауда көп іс сотқа жетпей тоқтап қалады - заңгер
Фото: коллаж El.kz 15.04.2024 15:09 1619

Қазір қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылық, ана мен бала құқығын қорғау басты мәселенің біріне айналды. Президент өз сөзінде ана мен бала құқығын қорғау және қолдау еліміздің саясатының негізгі басымдығының бірі екенін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін әйелдердің құқықтарымен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заңдарға қол қойды.Осы ретте El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі бұл мәселе төңірегінде құқық қорғаушыны сөзге тартты

Осыған қатысты мәжілісте әйелдер мен балалардың құқығын қорғау үшін заңда қабылданды. Заң жобасы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша мемлекеттік саясаттың құқықтық негіздерін жетілдіруге, әйелдер мен балаларға қатысты құқықбұзушылықтардың алдын алуға және болдырмауға бағытталған.

Атап айтқанда, заң жобасында денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіруге, ұрып-соғуға, он алты жасқа толмаған адамдарға сексуалдық сипатта қорлап тиісуге, өз-өзіне қол жұмсауды насихаттауға бағытталған және басқа да іс-әрекеттерді жауапкершілікке тарту көзделеді.

Бұған дейін егер адамда жеңіл дене жарақаты болса ол әкімшілік кодекс бойынша қаралатын, ал жаңа қабылданатын заң бойынша бұл қылмыстық іске ауысты.

Заңгер Ләззат Рақышеваның сөзінше, бүгінде елімізде бала мен әйелге қатысты зорлық-зомбылық шектен шықты. Баланың да, ананың да құқығы тапталып жатыр. Оны қазіргі үлкен резонанс тудырған Бишімбаевтың ісінен байқауға болатынын айтады.

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болатын көзі ашық әйелдер бар. Билік басында жүрген ер азаматтар отбасы, әйеліне деген көзқарасын өзгертпесе, осындай адамдар қаптай береді. Ал бала құқығына келетін болсақ бір мысалды келтіре кетейін. 15 жастағы қызды туған ағасы зорлаған. Оқиға Қызылорда облысында болған. Бірақ сараптама бола тұра, тергеу амалдарында іс сотқа жетпей тоқтап қалды. Бұл жерде жемқорлық тұр. Елімізде бала мен ана құқығының қорғалмауы, жемқорлық басым. Жемқорлықты жеңбей, барлық нәрсенің заңды болатынына өз басым сенбеймін, – дейді құқық қорғаушы.

Заңгер қанша дәлел болса да, осындай көп іс сотқа жетпей тоқтап қалатынын айтады. Мұның артында тек жемқорлық бар деп отыр.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық бар отбасыларда көбінесе әйел шыдамды болып жүрсе, бірақ балалары психологиялық қысым алып жатады. Кейін сол балалар ертең әкесінің ісін қайталайды немесе олардың тең жартысы өмірден түңіліп, өзін-өзі бағаламай, қорғай алмай ер жетеді. Маған келетін хаттардың көбісі тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдер балаларын ұрады. Не үшін ұрдың десе, кезінде мені де сөйтіп ұрған, жүйкем дұрыс емес сияқты. Баламды көрсем ұрғым келіп тұрады, – деп айтатындар бар дейді заңгер.

Құқық қорғаушы мұның салдары психологиялық ауытқуға алып келетінін айтты. Сондықтан мұндай адамдарға дер кезінде психологиялық тұрғыдан көмек көрсету қажет деп есептейді.

Маған 10-17 жастағы балалардан хат келеді. Сол кезде олар менің әкем қатыгез, анамды ұрады, күнде ішіп келіп сабайды. біздің көзімізше боқтайды. Менің киімім дұрыс емес. Маған көңіл бөлмейді. Сыныптастарым мектепте мазақтайды деген сияқты көптеген хаттар келіп түседі. Мұның арты жақсылыққа апармайды. Қаншама баланың құқығы тапталып жатыр. Әсіресе, зорлану көп. Бұл Қазақстандағы ең бірінші мәселе. Осыған мән бермесек, ертең педофилдер қаптап кетеді. Әріқарай олардың құқығы қорғаламай қала береді, – дейді заңгер.

Сонымен қатар құқық қорғаушы Ләззат Рақышева екінші бір мәселе мектептегі қорқыту, қорлау (буллинг) мәселесіне мән беру қажеттігін тілге тиек етті.

Бұл тұрғыда көп жағдайда мектеп басшылары осы мәселеге мән бермейді. Яғни, балалар өз араларында шешіп алады. Бұл ойын деген сияқты тағы басқа дүниеге көз жұма қарауы себеп болады. Мектеп басшылары, психологтар мұны жылы жаба салуға болмайды. Өйткені салдарынан өз-өзіне қол жұмсау көп болып жатыр. Мысалы, жақында бес ұл мектепте бір ұлға жыныстық буллинг жасаған екен. Біз бұл істі жеңіп шықтық, – дейді ол.

Заңгер президент өз үндеуінде бала мен әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін заңды күшейту қажет десе де, бірақ заң өзгергенімен жұмыстың нәтижесі көрінбей жатқанын айтты.

Сол себепті жемқорлықты жоймайынша, бұл заңда жұмыс жасамайды. Мен қатысып жүрген істерде сот кезінде қылмыскер, педофил жағынан жанталасып дүние-мүлкін сатып жатады. Олар неге сатады? Не үшін сатады? Демек бұл жерде жемқорлықтың исі бар. Сол ақшаны соттан құтылу үшін біреуге береді деген сөз, – дейді құқық қорғаушы.

Ал заңгер Кәмшат Есмұхамбетқызы  керісінше, соңғы кездері ана мен бала құқығын қорғау бойынша заң күшейгеннен бері нақты нәтижелер болып жатыр деп есептейді.

Десе де, біздің полиция өкілдері тарапынан тергеу амалдарының баяу жүргізілуі, жасөспірімдер ісінде толыққанды біліктіліктің жоқтығы, бұлардың бәрі кері әсерін беруде. Істі сағызша созуы, осындай нәрселерді прокуратура тарапы дер кезінде қадағалап, істі сотқа жолдауды қамтамасыз етіп отырған жоқ. Мәселен Алматы қаласының ішкі істер департаментінде қорғауымда жасөспірім қыз бар. Сол қыздың ісін Медеу аудандық соты сағызша созып, дер кезінде айғақтар жинамаудың салдарынан қазір жасөспірімге қатысты істі қорғау мәселесі ақсаңдап тұр, – дейді Кәмшат Есмұхамбетқызы.

Заңгердің сөзінше, мұны прокуратура дер кезінде қадағалау керек. Сол өрескел қателік жіберген құқық қорғау органдарын жауапкершілікке тартпай, іс әлі созыла беретінін жеткізді.

Қазір қорғансыз әйелдер мен қыздар құқығының қорғалуын талап етіп, әлеуметтік желіден көмек сұрайды. Бүгінде адвокат Айман Омарова басқаратын «One-Stop-Service» қоғамдық ұйымы осы жасөспірімдер мен аналарды зорлық-зомбылықтан қорғайды. Олар қазіргі таңда нақты істермен айналысып, нәтиже көрсетіп келе жатқан бірде-бір ұйым. Бұл жерде атақты заңгерлер Ләззат Рақышева, психолог Жеңісгүл ханым, белгілі адвокаттардан Айжан Дәрібаева, Рысты Қалиева тағы басқалары бар. Бұл кісілер қоғамда болып жатқан тұрмыстық зорлы-зомбылықтан зардап шеккендерді қорғап жатыр, – дейді ол.

 Кәмшат Есмұхамбетқызы бала құқығын қорғауда алдымен сол жасөспірімнің ісі бойынша тағдырына назар салынып, айғақтар жиналатынын айтады.

Өз қалтамыздан ақша шығарып, психолог жалдаймыз. Ол өзінің тұжырымымен бөліседі. Баланы қорғау мәселесі бойынша оны бөлек жерге орналастырамыз немесе дағдарыс орталықтарына жүгініп, солармен байланыс жасаймыз. Осылайша, іске үңіліп, өтініш хаттар жазу арқылы тергеу амалдарының объективті түрінде қаралуына әрекет етеміз, – деді заңгер ол.

Айта кетейік, бүгін мемлекет басшысы әйелдердің құқықтарымен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заңдарға қол қойды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға