Жаңалықтар

Қан сұйылтудың пайдасы

Дәрігер маманның қан сұйылту тәсілдері туралы кеңестері
Қан сұйылтудың пайдасы
10.07.2020 14:13 132839

Қанның қоюлануы адам ағзасына түрлі дерттің дендеуіне әкеліп соғуы мүмкін. Қанды қалыпты жағдайда ұстап тұру мен қан сұйылту тәсілдері туралы пайдалы кеңестерімен дәрігер Әсеткүл Сариева өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті. 

Қан сұйылтудың пайдасы

Қан – ағзадағы ішкі сұйық ортаның бірі. Қанның құрамында негізгі үш элемент бар. Ол эритроцит, лейкоцит және тромбоцит. Эритроцит оттекті тасымалдаса, лейкоцит микробты өлтіреді. Ал тромбоцит қорғанысқа жауап береді. Қанды ұйыту да осы тромбоциттің жұмысына тікелей қатысты. Мәселен, сіз жарақат алсаңыз, жараның бетіндегі қан қоюланады. Мұның адам өміріндегі маңызы өте зор. Себебі жарадағы қан ұю арқылы ағзаны қансыраудан сақтайды. Алайда тамырдың ішінде қан ұйып қалатын жайттар да орын алып жатады. Ол жағдай жалпы қан айналымы жүйесіне кері әсер етіп, адам өміріне қауіп төндіреді.

– Көбіне үлкен кісілерде қан сұйылту үшін дәрігерлер аспирин, аспирин кардио, тромбо асс және тағы да басқа дәрілерді ішу керектігін айтады. Бұл дәрілердің қайсысын болмасын ұзақ ішкендіктен асқазан мен адамның іш құрылысының түрлі органдарына кері әсері болады. Әсіресе гастрит болуы мүмкін. Негізі дәрілерді пайдалану керек. Бірақ 3-4 ай қабылдаған кезде, аурудың симптомы білінген жағдайда дәрігерге көрініп, анализ тапсырып білу керек. Егер таблетканы үш ай ішсеңіз, кемінде 5-6 ай демалу керек болады, – деді дәрігер Әсеткүл Сариева.

Қан сұйылтудың пайдасы 

Ал алкогольді ішімдіктер болса, қанды сұйылтып қайтадан бұрынғы қалпына әкелуі ықтимал. Сол кезде тамырлардың ішіне тромбтардың пайда болуы мүмкін.

Негізінен қанның қою және сұйық түрлері болады. Егер қан сұйық болса, ұю процесі ұзаққа созылады. Ондай жағдайда жарақат алған адам көп қан жоғалтуы мүмкін. Ал қан қою болса, адамның есту және көру қабілеті нашарлап, буын аурулары пайда болады. Басы ауырып, аяғы мен қолын басқаруы қиынға түсуі мүмкін.

Судың қан сұйылтудағы пайдасы

Таза су – алғашқы медицина. Кіршіксіз, мөп-мөлдір сұйықтыққа бар тіршілік тәуелді. Сусыз өмір жоқ. Барлық тіршілікке нәр беретін судың адамзат өмірінде алатын орны ерекше. Таңертең ұйқыдан тұра сала таза су ішсеңіз, талай аурудың алдын аласыз. 

Қан сұйылтудың пайдасы

Егер қан сұйылтуда дәрілерді ішкіңіз келмесе, сіздерге дәрісіз өзге де тәсілдер бар екенін айтқым келеді. Бірінші әдіс – өте қарапайым. Қанды судың көмегімен сұйылтуға болады. Жалпы адамдар өте аз көлемде су ішеді. Ал ағзада судың көлемі аз болуы қанның қоюлануына әкеп соғады. Қан сұйылту үшін адам тәулігіне 1,5 литр таза су ішу керек. Ғаламторда, көпшілік арасында 3-4 литр су ішу керек деп жатады. Ол дұрыс емес. Адамға күніне 1 немесе 1,5 литр су ішсе, сол жеткілікті болады. Бұл таза су болуы керек. Сіздің ішкен шай, кофе, шырын секілді жалпы сұйықтықтарыңыз саналмайды. Егер суық су ішкіңіз келмесе, үй температурасындағы жылы суды ішуге болады. Таңертең ұйқыдан оянғаннан кейін, міндетті түрде аш қарынға 1 стақан су ішуден бастау керек. Қарапайым мысал егер сіз бір жеріңізді кесіп алғанда немесе анализде саусағыңыздан қан алған кезде қанның қою қара қошқылдау болып, тез ағып кетпей бүлініп тұратындығын байқауға болады. Бұл қанның құрамындағы гематокриттің жоғары екенін көрсетеді. Екінші мысал кофе мен алкогольді ішімдікті аз қолдану керек. Кофені көп ішетін болсаңыз, ол қанды қоюландырады. Арақ-шарап та қанның қоюлануына әкеліп соғады. Олар қан тамырларын атеросклероз пайда болады. Тұздалған көкөністерді де көп жемеу керек. Кептірілген қышқыл тағамдар да адам ағзасына зиян. Сондықтан оларды белгілі бір мөлшерде қолданған дұрыс. Қимыл-әрекет жасау, спорттың жеңіл түрімен айналысу, жайлап жүгіру мен жүру, жатар алдында таза ауада серуендеу – сіздің ағзаңызға өте пайдалы. Қимыл жоқ болған кезде бұлшық ет пен тіндерде  гипоксия тіні пайда болып, ол да қанды қойылтады, – дейді дәрігер маман.

Біздің денеміздің 70 %-ы судан тұрады. Ал ғалымдар адам бойындағы судың мөлшері небәрі 2 %-ға азайса, күш-қуатымыздың 20 % - ға әлсіреп кететіндігін дәлелдеген. Бар-жоғы бір екі жұтым су күйзеліс пен шаршағанды басып, орасан күш береді. Сондықтан алмасу жүйесі мен қан жүйелері судан тұратындығын ұмытпағанымыз жөн.

Сүлік салу

Сүлікпен емдеу әдісі көптеген жылдар бойы қолданылып келеді. Бұл жәндікті ем ретінде біздің заманымызға дейінгі 2 ғасырда пайдаланылғандығы жайында жазылған. Қазіргі таңда сүліктердің 400-ге тарта түрі бар. Алайда олардың ішінде медицина сүлігі ғана емге пайдаланылады. Сүлікпен емдеу тәсілі заманауи емдеу тәсілдерінің ішінде бірінші деңгейден орын алады. 

Қан сұйылтудың пайдасы

– Сүлік салу ол медицина тілінде гирудотерапия деп аталады. Сүліктің өзінің қанды сұйылтуға арнайы бөлінетін ферменті болады. Соны сүлік қанға шашады. Сүлік салар алдында анализ тапсырып, қанның құрамындағы гемоглобин эритроцит, тромбоциттерді анықтау керек. Анализ дұрыс болмаса, сүлікпен емдеу тәсілін қолдануға болмайды, – деді дәрігер.

Мамандардың анықтауынша, адамнан қан алу қандағы плазма құрамындағы лимфоциттердің мөлшерін өзгертеді. Ал сүлік сілекейінде 40-қа жуық ферменттер бар. Бұл ферменттер адам ағзасына қанның, жасушалардың, лимфалардың микроциркуляциясын жақсартып, қалпына келтіреді. Нәтижесінде қан қысымы бір қалыпқа түсіп, мүшелердің ісуі басылып, дертке ем болуы мүмкін.

Қанды дәрілік шөптер көмегімен сұйылту

Адам ағзасына қан сұйылтуда өсімдік қоспаларынан әзірленген тұнбалардың жөні бір басқа. Адам баласы өсімдіктерді сонау көне дәуірден бастап күні бүгінге дейін қажетіне жаратып келеді. Әсіресе халық емшілігінде емдік шөптер таптырмас дәрі-дәрмекке айналған. Елімізде статистикалық мәліметтерге сүйенсек, шамамен 6000-ға жуық өсімдік түрі бар. Соның 500-ге жуығынан дәрілік заттар алынады. 

Қан сұйылтудың пайдасы

– Көбінесе кейбір адамдар шөпті жеңіл санап дұрыс ішпейді. Тибетте шөпті де дәрі санайды. Егер шөпті дұрыс біліп ішпесе, керісінше әсер беруі мүмкін. Қанды қойылтып жіберуі де ғажап емес. Бұл ғылыми түрде дәлелденген. Қанды сұйылтуға екі түрлі шөп бар: ол бал нәрлі хош иісті өсімдік – түйежоңышқа (донник) және ақ талдың қабығы. Екеуі де біздің елде бар шөптер. Дәріханадан алып, қолдану тәсілі бойынша дайындап ішу керек. Бұл дәрілік шөптерді үш апта ішсе жеткілікті. Төрт айдан кейін қайталау керек болады. Тағамға сарымсақ, аскөк, балдыркөк және ақжелкенді қосып жесе, ол да адам ағзасына пайдалы, – дейді дәрігер маман. 

Қан сұйылтудың пайдасы

Ақжелкен өсімдігін әдетте салат немесе тағы да басқа тағамдарда әдемі етіп көрсету үшін пайдаланылады. Жарты кесе ақжелкеннің құрамында күндізгі нормадағы А дәруменінің 100 %, В дәруменінің нормадағы шамамен 10% және С дәруменінің күндізгі керек болатын 50% ала аласыз. Екіншіден қан диабетіне шалдығу қаупі төмендейді. Сонымен бірге жүрек саулығы жақсарады. Ақжелкен фолий қышқылының қайнар көзі болып табылады. Ал аскөк болса тағамға ерекше дәм беретін өсімдіктердің бірі. Ол жұқпалы аурулар кезінде, ұйқы бұзылғанда жақсы көмектеседі. Ол қан қысымын төмендетіп,жүйке жүйесін тыныштандыруға қабілетті.

Мүкжидектің (клюкваның) пайдасы

Мүкжидек жемісі Қиыр Шығыс пен ТМД, Сібір елдерінде көптеп кездеседі. Ылғалды, шымтезекті және батпақты жерлерде өсіп, қыркүйек айында піседі. Мүкжидек шырыны глюкоза мен фруктозаға көп мөлшерлі, пектин мен калий тұзына бай. Жидектің бойында С витамині бар. Ол – сондай-ақ күзгі ауруларға таптырмайтын ем. 

Қан сұйылтудың пайдасы

Мүкжидектің компоты – өте пайдалы. Бірақ мүкжидектен кейін суды көп ішу керек болады, – дейді дәрігер маман.

Сонымен бірге иммунитетті көтеріп, тұмаудың алдын алу үшін мүкжидектен морс компотты жасап ішуге болады. Бұл сусын – бауыр мен асқазан және ішек ауруларын емдеу үшін аса пайдалы. Және де мүкжидек жөтелден құтылуға көмектеседі. Ол үшін үш мезгіл мүкжидек шырынына балды қосып ішсеңіз жөтелге ем болады. Сонымен қатар бұл жеміс – ауыз қуысы ауруларының барлығына ем. Мүкжидек балалар мен ересектердің иммундық жүйесін нығайтып, денені токсиндерден тазалап, қан қысымын қалпына келтіруге өз үлесін қосады. Сонымен бірге денедегі тәбет, метаболизм және ас қорыту жүйесін жақсартады. Және де мүкжидек жемісі цистит үшін өте пайдалы.

Қанның қоюлануының бірден-бір себебі – күйзеліс

Күйзеліс адамдардың жұмыстағы қарым қабілеті мен айналасындағылармен өзара байланысына, өмір сүру сапасына айтарлықтай әсер етеді. Депрессияның ең ауыр формасы адамның өз-өзіне қол жұмсауына дейін алып келуі мүмкін. Сонымен қатар күйзеліс – қанның қоюлануына үлкен себептің бірі. Өмір болған соң күйзеліс болмай тұрмайды.

Қан сұйылтудың пайдасы

Күйзелістен арылу үшін тыныштандыратын шөптер шүйгіншөп, тау жалбызы және долана тұнбаларын ішіп отыру керек. Дәрілік шүйгіншөп көпжылдық шөп тектес өсімдік болып табылады. Бұл өсімдіктің тамырының құрамында эфир майлары, сірке қышқылдары, крахмал және қант бар. Дәрілік шикізат ретінде гүлдегеннен кейін күз айларында сабағы мен жапырағы қурай бастағанда, тамыры қазып алынады. Шүйгіншөп тұнбасы жүрек қан тамырларын жақсартуда нерв жүйелерін емдеуде пайдаланылады. Ал долана жүрекке қан апаратын қан тамырлары мен ми қан тамырларын кеңейтіп, жүйке жүйесін тыныштандырады.

Қан сұйылтудың пайдасы

Долана жемісі – жүрекке аса пайдалы. Жүректің жұмысын қалпына келтіріп қана қоймай, ұйқыңызды тыныштандырады. Долананың қайнатпасы түрлі ауруларға ем. Бірақ қан қысымы төмен адамдарға долананы қолдануға болмайды. Және де асқазан ауруын қоздыруы мүмкін. Долананың қайнатпасы мен тұнбасын аш қарынға ішуге болмайды. Кері әсерін тигізуі мүмкін. Артық мөлшерде қолданған жағдайда жүрегі айнып, бас айналуы мүмкін. Сондықтан мамандар кез келген дәрілік шөптер мен өсімдіктерді, жемістерді тек мөлшермен қолдануға кеңес береді.

Денсаулық – адамға берілген ең қымбат сый. Сондықтан да аурулардың алдын алу үшін дәрігер мамандардың кеңесінсіз өздігінен емделу жолдарын қолданбағандарыңыз жөн.

Назар аударыңыз! Бұл материалдағы мәліметтер тек қана ақпараттық танымдық мақсатты көздейді. Мұнда айтылғандар кәсіби дәрігер-маманның консультациясын алмастыра алмайды. Ол диагностика немесе емдеу емес. Өзін-өзін емдеу денсаулыққа зиян келтіруі мүмкін. Аурудың алғашқы белгілері көріне бастағаннан дәрігерге көрінуіңізді сұранамыз!

Бөлісу:
(Суреттер: yandex.kz сайтынан алынды) Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға