Жаңалықтар

Қамшыгер деген кім?

Қамшыгер – ұрыста қамшымен қорғана білетін және жауын соққыға жығатын қамшыны қару ретінде жұмсауға әбден машықтанған адам.
29.06.2015 09:05 8770

Қамшыгер – ұрыста қамшымен қорғана білетін және жауын соққыға жығатын қамшыны қару ретінде жұмсауға әбден машықтанған адам. Ж.Бабалықұлы қамшыгерліктің Қытайдағы және Моңғолиядағы қазақтарда әлі де бар екенін айта келіп, олар жайында төмендегідей маңызды, әрі нақтылы деректер келтіреді:

Қамшыгер деген кім?

«Жоңғар қалмақтарының оймауыт руынан шыққан Жондын атты адамды қазақтар Қаймолла атап кеткен 1954 жылдары 60 жас шамасында еді. Өзі қамшыгер, өзі кәсіби шебер, өрімші болған. Жондын қолынан шыққан қамшыны ат-түйедей қалап, сұрағанын беріп алатын. Одан басқа Еренқабырғаның Манас өзені өңірін мекендеген керей елінен шыққан атақты батыр Хамза Шөмшібайұлы (бала Хамза, 1981 жылы Түркияда қайтыс болды) сияқты қамшыгерлер болған. Тарбағатайдың оң тұсында Жайыр тауын мекендеген керей ішінде атақты қамшыгер Лақ деген адам әрі найзагер болған екен. Жаугершілік заманда Лақ пен Саржан деген адамдардың батырлық даңқы бірге шыққан. Әрі найзагер, әрі қамшыгер Лақтың туған баласы Бәлел де атақты қамшыгер еді (1945 жылдары 50 жаста болған). Қыс күндері Бүркіт салып жүргенде өрістес жатқан қалмақтың жараған бурасы тұра ұмтылады. Оң қолында қондырған бүркіті болады да, ауыз сала берген бураны қасқа маңдайдан қамшымен сол қолына ұстаған күйі тартып жібереді. Түйе етпетімен түседі. Бураның иесі дау көріп: “Сен басқа қарумен ұрдың, түйемді төле” дегенде, Бәлел сонадайға барып, қайта оралады да, шауып өте беріп, оң қолымен өлген түйенің басына қамшымен ұрып, сүйегін тесіп жібереді. Қамшыгерлігі арқылы даудан құтылады. Жайыр тауын мекендеген ел ішінде атақты батыр Қалидың үлкен әкесі Жұмағұл атқа қарғыған итті қамшымен тартып жібергенде иттің қаңқ етуге шамасы келмей сұлап түскен. Ал Төлебай қамшыгер мен Найман ішінде қаракерей, оның ішінде мәмбет, тоғалақ атасынан Әріп атты жас жігіт, 1940-жылы жазда жоқ қарап ел аралайды. Кездейсоқ, тойда тартылған лаққа араласады да, лақты алып додадан ұзай шыға жөнеледі. Соңына түскен үш жігіт қуып жетіп, Әріпті сабай жөнеледі. Үш бірдей дойыр қамшы жанына батқан Әріп ызаға булығады да, үштің бір жауырын ортадан қамшымен тартып жібереді. Қамшы тиген жігіт аттан ұшып түсіп, тіл тартпай өледі. Қамшы – қабырғаны сындырып, өкпеге тиген. Кісі өлімі болса да, ел-жұрт «Әріпті сабағандар кінәлі» деп тауып, ел салты негізінде құнды тындырады. 1952 жылы өкімет өзгергенде өлген жігіттің туыстары қайтадан дау қозғайды. Жергілікті Қытай өкіметі істі байыптай келіп, Әріпті тағы да ақтайды. Бірақ, қытайлар «қамшыгерлік» деген ұғымға көңіл аударады да, Әріптің өнерін байқаудан өткізеді. Әріптің қамшысымен бәрі де ұрып көріп, болдыра алмайды. Әріптен қамшыгерлік сырын сұрағанда, «Мен сол сәтте ұратын затты ғана көрдім. Ал қамшыны қалай жұмсағанымды білмеймін» депті. Соған қарағанда, қамшыгерлік - әрі ішкі дарындылық, әрі машық болуы да мүмкін. Немесе зерделі азамат Әріп, қазақ халқының ұлттық өнер сырын қытайларға айтқысы келмеуі де ықтимал (бұл уақиға - Қытайдағы Іле қазақ автономиялы облысы, Шағынтоғай ауданында болған). Ыбырай Мазақбайұлы Төлебай қамшыгермен бәстесіп, «Егер сен менің балуаным «Қаратөбелді» қамшымен бір ұрып жықсаң, астымдағы атымды мінгізем. Бір ұрып жыға алмасаң, мына көптің алдында қамшыгер атағынан құладым деп мойында» депті. Сонда Төлебай «жоқ ол жазықсыз адам ғой, обал болады, құнға жығыларым жоқ. Өгіз әкел» дейді. Егес-бәске қатынасқан жұрт қамшыгердің де, Ыбырайдың да шашбауларын көтеріп, атан өгізді айдап өткізеді. Төлебай өгізді белден тартып жібергенде, өгіз өкіріп барып, жата кетеді де, пышаққа ілінеді. Өгіздің осылған жері тесіліп, бел омыртқаның басы кеткен деседі. Ыбырай зәңгі өзі мініп жүрген таңдаулы қаркер атын бәске атағаны үшін мойын бұрмастан қамшыгерге жетектетеді. Уақиға 1939 жылы Тарбағатай мен Сауыр тауы арасындағы Қотанашы-қожырдың Көкмойнақ деген жайлауында өткен. Аты шулы қамшыгер Сарқожақ деген адам су таласы жан жалында төрт адамды өлмейтін жерінен қамшымен ұрып, аттан түсіріп кеткен. Бұл уақиға 1940 жылдары болған. Соңғы кездегі кейбір бәсекеде сиырдың шылғы терісін төрт пұшпағынан төрт қазаққа керіп ұстағанда, қамшыгерлер тіліп түседі деседі. Төртке бүктелген сиырдың жас терісін жерге тастап қойып ұрғанда терінің бір қабатын, не екі қабатын тесіп немесе жыртып, тіліп кететін көрінеді».


Әзірлеген: Досжан Мейірім,

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға