Зорлық-зомбылықты қалай анықтауға болады?

Кеше, 10:10 277

Қазіргі қоғамда зорлық-зомбылық мәселесі азаймай тұр. Мұның алдын алудың, жолын кесудің қандай тәсілдері бар. Бұл туралы Сенат депутаты, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Сарыбаев Ғалиасқар Төлендіұлы мен «Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми практикалық институтының жетекші ғылыми қызметкері, сарапшы, психолог маман Нағашыбаева Сағым Көпбайқызы пікір білдірді.

El.kz: Зорлық-зомбылықты қалай анықтауға болады?

Сағым Көпбайқызы: Жанжал – бұл екі немесе одан да көп тараптардың өзара әрекеттесу процесі болғандықтан, психологиялық шиеленіспен өз мүдделеріне нақты (немесе болжамды) нұқсан келтірумен бірге жүреді. Жанжал–әлеуметтік құбылыс, ол болып жатқан оқиғамен мәндесіп қалыптасады.

El.kz: Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықты қалай түсінесіз?

Сағым Көпбайқызы: Бір адамның екінші адамға жасаған қатыгез қарым-қатынасы. Зорлық зомбылықты зерттеудегі тағы бір тәсіл оның жанжалына негізделген табиғаты. Шынында да, зорлық-зомбылық кейбір жағдайларда тізбектеледі. Мүдделер қақтығысы, келіспеушіліктер, сонымен бірге қорытынды ұсыну – жанжал кезеңі. Зорлық-зомбылық жанжалды шешудің әдісіне айналады.

Қазіргі таңда, соқтығыспайтын қоғамды елестету қиын, әр түрлі деңгейдегі мүдделер бар. Соның ішінде тұлғааралық, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың «созылмалы» жағдайында агрессияның себебі - проблемалық жағдай емес, тек бір тараптың – құқық бұзушының мүддесі болып табылады. Оның басты мақсаты екіншісінің қылық әрекеті мен сезімін бақылауға және басқаруға ұмтылу болып табылады. Бұл қоғамның өзгеруіндегі процестегі қақтығыстар рөлі.

Ғалиасқар Төлендіұлы: Отбасында қақтығыстар сөзсіз міндеттерді, жауапкершілікті, билікті   бөлу арқылы жүзеге асады.

Көп орайда, олар медиация, келісімге келу, әртүрлі нормативтік – құқықтық құжаттарды әзірлеумен аяқталады.

Өкінішке орай, олардың әрқайсысы өз көзқарасын дұрыс деп есептейді, кез – келген келісімде өз тарапының жеңгенін қалайды. Кейбір жағдайларда жан-жал ұзақ болуы мүмкін.

Ал, қақтығыстар, жан-жалдар мен дауларға келсек:

  1. Отбасы арасындағы міндеттер мен жауапкершіліктің неғұрлым әділетті, біркелкі бөлінбеуі, жанжал шығудың әрекеттері болуы мүмкін. Кез – келген жан-жалды шешудің балама (зорлық-зомбылықсыз) құралы бір – бірін ести білу. Сол үшін адамзатқа көп есту үшін екі құлақ, аз сөйлеу үшін бір ауыз берілген.
  2. Жан-жалдар мен қақтығыстар неғұрлым көп шындыққа жанаспаса, дәлелсіз даулы мәселелермен байланысты болса, ол эмоцияларға әкеледі, қатысушылар қызуқанды болады, шешімі ұзаққа созылады.
  3. Топ ішіндегі майда, ұсақ қақтығыстар негізгі қақтығыстарға неғұрлым көп әсер етсе, негізгі даулы мәселелер жылдам шығады, құндылықтар жойылады.
  4. Жылдар бойы функционалдылыққа негізделген өзара тәуелділік, қақтығыстың болу ықтималдығын төмендетеді немесе жинала – жинала өршітеді.

Өз – ара түсіністік пен мейірімділік жанжалды амортизациялауға  әкеледі және шиеленісті жеңілдетеді, жанжал жеңіл түрде байқалмай өтеді.

  1. Жиі зорлық-зомбылыққа әкелетін өткір мәселелер азамататар арасында теңдік сияқты құндылықтарға күмән тудырады.

Сағым Көпбайқызы: Иррационалдылық-қызғаныштан және эмоционалдылықтың пайда болуынан алкогольді ішімдіктерді тұтыну кезінде немесе тұрақты стресстің болуынан пайда болады. Менің ойымша, әрбір зомбылық жағдаяты жан-жақты зерттеліп, қорлық көрдім деген әйел азаматтарының да түпкі мақсатын зерттеп шешімін шығарған дұрыс болар деген ойдамын. Неге? десеңіз, көпке топырақ шашпаймын. Бірақ, ақшаның құлы болып кеткен аналарда кездесіп жатыр.

«Мемлекет бар, бізді өлтірмейді» - деген, көзқарастарды ұстануда. Себебі, қазіргі тез өзгермелі заманда қоғамдағы рухани байлықтардың азаюынан  үйсіз-күйсіз отырғандардың біразы мемлекеттен тұрғын үй алу, ал кейбіреулері «өзім қожа, өзім би» болу мақсатында ажырасады екен.  

Қазіргі таңда кейбір жағдаяттардың шешімін табу мақсатында «Аманат» партиясы мен республикалық бала құқығын қорғау уәкілі Зәкиева Динара Болатқызымен бірлесіп жұмыс жасаудамыз. Өткір мәселелерді ортаға салып, журналисттерді қосып отырмыз.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық – бұл жиіліктің жоғарылауымен қайталанатын цикл: бақылау, қорқыту, балаға қорқыныш тудыру үшін физикалық, ауызша, рухани қорлау және т.б.

Зорлық-зомбылықтың белең алуы барлық әлеуметтік деңгейлерде (отбасының білімі мен табысына қарамастан) болады. Себебі, отбасында адам өзін-өзі қанағаттандыра алмаса, тырнақ астынан кір іздеп, не болса соны шұқып, ілігіп отыратындары да бар.

El.kz: Тұрмыстық зорлық-зомбылық дегеніміз не және оның түрлері қандай?

Сағым Көпбайқызы: Қазіргі әлемде маңызды мәселенің бірі-тұрмыстық зорлық-зомбылық. Тұрмыстық зорлық-зомбылықты жанжалдан ажырату маңызды. Бұл қылмыспен тең...

El.kz: Тұрмыстық зорлық-зомбылық кезінде нені білу керек?

Сағым Көпбайқызы: Зорлық-зомбылық тұрғылықты жерін, әлеуметтік және ұлттық тиістілігіне қарамастан кез келген отбасында болуы мүмкін. Ішімдікке мас болған адамдар жиі сылтау ретінде пайдаланады, бірақ ішімдікті пайдалану зорлық-зомбылығы мінез себебі болып табылмайды, десе де қоғамға қайшы қылық әрекеті болып саналады.

El.kz: Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың ерекшеліктері қандай?

Сағым Көпбайқызы: Жүйелі түрде қайталанатын әрекеттер (ол жәбірленушіні толық билікке және бақылауға алу мақсатымен орын алады). Психологиялық жарақатты күшейтеді (қылмыскер мен жәбірленуші жақын адамдар).

Зорлық-зомбылық белгілері:

Сағым Көпбайқызы: Зиян келтіру ниетінің болуы. Жәбірленушінің еркіне қарсы жәбірлеушіге қарсы тұра алмауы.

Уақыт өте келе зорлық-зомбылық әрекеттері жиілеп, қоғамның дертіне айналуда. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың келесі түрлері: физикалық, жыныстық (сексуалды) зорлану, экономикалық және  психологиялық тұрғыдан зорлану болуы мүмкін.

Физикалық зорлық-зомбылық: ұрып-соғу, дене жарақаты. Отбасындағы балаларға қатысты физикалық зорлық-зомбылық әйелдерге қарағанда жиі кездеседі. Егер физикалық зорлық-зомбылық орын алса, әр кезде де ол жиі қайталанады және қатыгездік күшейеді. Балалардағы психологиялық жарақат, физикалық және психикалық дамуына елеулі әсер етуі мүмкін. Көбінесе отбасында балаларға қатысты кейбір, зорлық-зомбылық басқаларға көрінбейді. Зомбылыққа ұшыраған кейбір балалар жанына батқанда сирек айтады. Кейде, балалар арасындағы балаларды ұрып-соғу және қорлау туралы әңгімелерін басқалар байқамайтындығы жаныма батады. 

Ғалиасқар Төлендіұлы: Заң қабылдау процессінде нормативтік – құқықтық актілер екі тарап арасында қаралады. Тараптар, ер мен ер, әйел мен әйел, ер мен әйел, сол сияқты бала мен бала болуы мүмкін.

Осыған орай, кейінгі кезде гендерлік теңдікті алдыға тартып, ұлттық бет – бейнемізді, салт – дәстүрімізді, рухани құндылықтарымызға  нұқсан келтіруде.

 Өкінішке орай, Әкімшілік құқық бұзушылықтағы кейбір бабтар Қылмыстық баптарға енгізілген. Осының салдарынан жылына 50 – 60 мың азаматтар қылмыскер болуы қауіпі бар. Яғни, олар прокуратура, тағы да басқа құзырлы  органдардың базасында жылдар бойы есепте тұрады. Осы жағын қайта қарастырған жөн.

El.kz: Еліміздің президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қабылдаған «Отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң» дегеніміз не?

Сағым Көпбайқызы: 2024 жылғы 15 сәуірде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша, өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойылды. Басты мақсаты әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген әрекеті үшін жауапкершілікті күшейтуге, отбасы институтын нығайту және кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.  

Қазақстан Республикасы Заңы «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл жасау туралы»

I-тарау. Жалпы ережелер. 1-2-3-4 баптарына сәйкес.

II-тарау. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл жасауды жүзеге асыратын субъектілердің функциялары және өкілеттіктері 5-6-7-8-9-10-11 баптары.

III-тарау. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл жасау
жөніндегі мемлекеттік органдардың қызметін ұйымдастыру. 12-13-14-15-16-17-18-19-20-21-22 баптарында қарастырылады.  

IV-тарау. Профилактикалық бақылаудағы адамдардың міндеттері мен құқықтары және профилактикалық бақылау ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілігі. 23-24 баптары.

V-тарау.  Заңдылықты қадағалау 25-26-27-28 баптары. ҚР ҚК 98-3, 105, 107, 108-1, 109-1, «Әділет»АҚЖ 121, 121-1, 122, 123, 124, 125, 126, 127-2 баптар бойынша қаралады. Сонымен қатар, «Еңбек кодексі» 97-бабы мынадай мазмұндағы 4-тармақпен толықтырылады.

Ғалиасқар Төлендіұлы: Заң халықтың қауіпсіздігі, сапалы өмір сүруін жақсартуға, жайлы орта құруға бағытталуы қажет. 

Менің ойымша кез – келген заңдарды қарастырғанда сол елдің мәдениетіне, салт – дәстүріне, менталитетіне, сол кездегі экономикалық – әлеуметтік жағдайын зерделеп барып, қабылдау керек.

Кез келген мәселенің тамырына үңіле алсақ, әділ шешім қабылданады.

«Саяси Доктринада» Адам, Бостандық, Заңның үстемдігі, Әділеттілік, Ынтымақшылдық, Болашаққа ұмтылыс, Отбасы және Дәстүр деген қағидаттар бар. Осыған орай, елімізде атқарылатын бірнеше факторларға тоқталайын:

Бірінші фактор: Адамдардың елдің болашағына сеніммен қарауын қолға алуымыз қажет.

Екінші фактор: Еліміздің өткен тарихы. Халқымыз бірде кең байтақ елінің ен даласына көз алартқан сырт дұшпанға ұлтарақтай да жерін қимай, жауымен қасық қаны қалғанша шайқасатын қаһарлы қазақ болды. Енді бірде, табалдырығын аттаған қонағын құдайдай күтіп, оған дастархан болып жайылып, төсек болып төселген дарқан қазақ. Осы қасиеттерімізді жаһандану заманында болашақ ұрпаққа барынша сіңдіру керек.

Үшінші фактор: Мемлекет құраушы жергілікті халықтың өзіндік ерекшелігі. Мемлекет құрушы ұлт ол бізбіз, жауапкершілік бізде. Қазақ жері арқылы өткен Ұлы Жібек жолы Батыс пен Шығыс өркениетін байланыстырушы алтын көпір боды. Жалпы, Жібек жолының қазақ жерінен өтуінің өзі мәдениет әртүрлілігін, басқалар мәдениетіне, тіліне және діни көзқарасына деген түсінігін қалыптастырғаны белгілі.

Осыған орай,  біз көршілес елдердің заңдарын саралай отырып, өзімізде қабылданған заңдардың орындалуына баса назар аударуымыз қажет.

Төртінші фактор: Қазақ ұрпағын кек сақтамайтындай етіп тәрбиелеу. Қазақ, басынан, тағдырдың талай қатал сынын кешірді. Осы орайда, басты міндетіміз ұрпақты саналы, нағыз ұлтжанды етіп тәрбиелеу. Білім саласында тек білім беріп қана қоймай, тәрбие жұмысын да қолға алу қажет.

Бесінші фактор: Прокуратура, сот, құқық қорғау органдары да күнделікті жұмыстарында профилактикалық іс-шараларды атқарғаны жөн.

Алтыншы фактор: Жүргізілетін барлық процедураларды да қазақша жазуды қолға алу.

Жетінші фактор: Мемлекет тірегі – халық. Халықтың кешегісі, бүгіні мен болашағы үшін қызмет атқару.

Сағым Көпбайқызы: Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі.

Әлемдік өркениеттің үздік жетістіктерін, басқа халықтардың рухани қазыналарын бойымызға сіңіру қанша маңызды болса, біздің әрқайсымыз өзіміздің  терең тамырымыз – туған жеріміз туралы есте ұстап, қай елдің азаматтары екенімізге есеп беруіміз қажет. Бұл орайда, бізге үлкен жұмыстар жүктеледі. Оны абыроймен атқару біздің басты міндет.

Психолог ретінде айтарым, болмысы иманға толы, кесапаттан аулақ, кешірімді жан болу, Отанын, елін, отбасын сүйетін азамат тәрбиелеу басты мақсатым.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: